Руханият • 05 Қазан, 2020

Қазаққа – мадақ па, мазақ па?

1504 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өзіміз қазір атын қысқа күнде қырық қайталап, әулие тұтып отырған (шетелдік біреуді әулие жасамасақ, қазақ боламыз ба) қытай романисі Мо Янь «Туындыда иіс болу керек» деген. Не иіс ол? Әрине, туған топырақ иісі, ұлт иісі, ұлттық құндылықтар иісі...

Қазаққа – мадақ па, мазақ па?

Көркемөнердің қай саласы болсын – мейлі кино түсір, мей­лі кітап жаз, мүсін жаса, музы­ка жаз, сурет сал – мақсат біреу болу керек. Осы туындым арқы­лы ұлтыма не бере аламын. Осы арқылы ұлтымды қалай әспеттеп, мәртебесін көтеріп, әлемге таныта аламын. Жас ұрпақ санасына ұлтының ұлық бейнесін сіңіріп, өз ұлтын сүйетін, мақтан ететін дәрежеге жеткізе аламын ба?

Жоқ, керісінше, қазіргі көр­кем­өнер қазақтың сайқымазақ сорлы бейнесін жасағаны сондай – қазіргі жас ұрпақ қазақ болуға ұялатын, арланатын, намыстанатын дәрежеге жетті.

Жас балаларға ең жақыны, түсініктісі, әсерлісі, бірден қабыл­дап еліктейтіні – мультфильмдер. Бұл жағынан Краустар ағалап тұр. Бірақ осы Краустар қазақты мадақтап отыр ма, әлде мазақтап отыр ма? Бір ғана «Алдаркөсені» алайық.

Күллі түркі жұртына ортақ Қожанасыр мен Алдаркөсе шут емес, сайқымазақ та емес. Олардың әрбір күлкілі әңгіме­лерінің астарында философия, даналық, шешендік пен кө­регендік, үлкен тәрбие жатыр. Олардың әрбір сөзі, іс-әре­кеті – бала үшін үлкен тәр­­­бие көзі. Бала олардың іс-әре­­ке­тінен халықты сүюді, қор­­ғауды, әділ, адал, еңбекшіл, тап­­қыр болуды үйренеді. Ал Крау­с­тар сол Алдарды қалай «қыр­­нап-жонып» отыр. Бір Ал­дар емес, бүкіл бір ұлтты, оның ұлттық құндылықтарын аяқ­қа басып, мазаққа айналдырып отыр. «Алдаркөсе» мульт­филь­мінде байы – шартық, батыры – қортық, кемпірі – жалмауыз, қызы – мыстан. Өңкей мешкей, ақымақ. Алдардың өзі жарғақбас, қылмойын, шибұт. Бала санасы кейіпкерді ең әуелі сыртқы кескін-келбет, симпатия­сына қарап ұнатады не жек ­көреді. «Алдарды» көрген бала­лар қазақ болуға ұял­мағанда қай­теді? Ұлттық құн­ды­лықтың қазаққа ғана тән бір сипаты – әйел адамға құрмет. Әсіресе қазақ кейуанасы – қазақ үшін құр­метті, сыйлы бейне. Ел анасы, ауыл ақылманы. «Алдарда» бір кем­пір үйіне көңілдесін кіргізіп алып, шалын ұрып-ұрып қуып жібереді. Атам қазақ тарихында жоқ сұмдық. Бала санасы осыны қалай қабылдайды, қалай сіңіреді? Осыдан соң әжесін, әжесі түгіл қазақты сүйе ала ма?

«Ер Төстік» – бүкіл қазақ тың­дап өскен ғажайып дүние. Төстік әрі батыр, әрі палуан, әрі ақылды да тапқыр сүйікті кейіпкеріміз еді. Ерназар мен бәйбішесі толғатып тоғыз ұл тапқан, торқалы тоғыз келін түсірген, бақ қонып, Қы­дыр дарыған отбасы. Осы мульт­фильмді көріп, жағамды ұстадым. Ежелден тілімізде «Ер­назардың сегізі, Ертөстігім бір төбе» деген тіркес қанатты сөзге айналып, қазірдің өзінде тілдік қолданыста бар. Сөйткен сегіз ұлды Краустар «алтыға» түсіріп тастайды. Қазақ үшін әр санның құпиясы, киесі бар деп есептеледі. Ғасырдан-ғасырға сегіз боп келе жатқан Ерназардың се­гізін (Төстікпен тоғыз) Краус­тар өздері «Сайтанның саны» деп атайтын 6-ға неге түсіреді? Сонан соң қарны қатты ашқан Ерназар бір ауылға келіп, бір үйге кірсе, бесікте бала жатыр. Қасында мыс­тан кемпір отыр. Бол, жылдам, мына баланы қазанға салып асып жібер, ашпын, – дейді Ерназар. Е, бұл адам ғой, адам етін жейсіңдер ме? – деген Мыстанға:

– Е, жесе несі бар? Ата-ба­ба­­мыз түгел кісі етін жеген, – дей­­ді Ерназар. Ал ертегіде қа­­лай. Ерназар шаңырақтың күл­ді­реуішінде тұрған кербиенің төстігін көріп:

– Бәйбіше, кербиенің төстігі майлы екен. Бол, жылдам, асып жібер! – дейді. Бала төстік пен мүше – төстікті Краустар ажы­рат­пасын дейік. Сонда көркемдік кеңес қайда қарап отыр? Қазақты кісі етін жейтін каннибал дәре­жесінде суреттеу, бүгінгі жас сәбилер санасына сондай ұғым қа­­лыптастыру – кімге қажет? Кім­ге тиімді? Бұл кімнің идеясы? Осыған әй дер ажа, қой дер қожа бар ма?

Сонан соң Абай туралы да оңды-солды түсіріліп жатыр. Ұмыт­пасам, мұны түсірген де бас­қа ұлт. Абай көшеде «ху­лиган­дармен» төбелесіп жүр. Көшеде бір қыз жалғыз кетіп бара жатса, оған бір топ жігіт жабыла кетеді. Абай ақырып шығып, арыстанша айқасып, топ жігіттен қызды құтқарады. Айналайын-ау, осыдан ғасыр жарым бұрын, «қырық үйден тыйым» көріп отырған қазақ қызы қашан көшеде сумаңдап жалғыз жүруші еді? Сонан соң атам қазақта жалғыз қыз түгілі жалғыз жігітке топ болып жабылмайды. Кектескен күннің өзінде «тұрысатын жеріңді айт», деп жекпе-жекке шақырады.

Бұл – бұл ма? Абай аюмен жекпе-жек алысып, оны жар­тастан лақтырып жібереді. Сон­да өмірден кеше ғана өткен, ақын­дығы мен хакімдігінің сара жолы сайрап жатқан дана Абайды өмірде болған-болмағаны белгісіз ертегі кейіпкеріне айналдырғанда не ұтамыз? «Е, ол ертек» қой деп жүре тыңдасын дегендік пе, көп ертегінің біріне айналып, санадан өшсін дегендік пе?

Ұрпақ тәрбиесіне, ұлт намысына жат дүниелерді жария етуге тыйым салатын уақыт жетті. Кеңестік кезеңді жамандағанда, «идеология мен цензура» ерік бермеді деп жылаймыз. «Екі тізгін, бір шылбыр» қолымызға тигенде жеткен жеріміз осы ма?

 

Әмина Құрманғалиқызы,

сыншы