Қоғам • 05 Қазан, 2020

Барлық жылу көзін іске қосты

113 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен аптада облыс әкімдігінде аймақтың қыс маусымына да­йын­дығы пысықталып, өңір басшысы Архимед Мұхамбетов облыс­тың жылу маусымына дайын еке­нін мәлімдеді. Ал Қостанай жылу-энергия компаниясы (ҚЖЭК) 28 қыр­күйектен бастап барлық жы­лу көзін іске қосты. Енді пә­тер иелерінің тұтынушылар коопе­ративі біртіндеп тұрғын үйлерге жылу жібере бастайды.

Барлық жылу көзін іске қосты

Қазірдің өзінде өтінім берген 48 әлеу­меттік нысан орталық жылу жүйесіне қосылды. Облыс орталығындағы тұр­ғын үйлердің біразы әлі күнге дейін техникалық дайындық актілерін алмаған. Сондықтан олар жылу жүйесіне ең соңғы кезекте қосылады. «ҚЖЭК» өкілдері техникалық актісі жоқ үй тұрғындарына әр пәтерге кіріп тұрған ыстық су құбырын кешіктірмей ашып, желіге жиналып қалған ауаны сыртқа шығару туралы кеңес берді. Олай болмаған жағдайда құбырдағы су ластанып, ыстық судың сапасы күрт нашарлауы мүмкін.

Жергілікті компания жы­лу берудің сапасын жақ­сар­ту мақсатында 30 жыл бо­йы қол­да­нылып келген орталық­тан­ды­рылған жылумен қамту жү­йе­сіндегі желілік судың темпе­ра­туралық кестесін қайта қарап, 31 тамызда жаңа кесте бекітті. Бұ­ған дейін құбырға жіберілетін ыстық судың температурасы 55 градусқа дейін болып келсе, енді жаңа кесте бо­йынша жылу жүйесінің температурасы 60 градустан кем болмайды.

– Жылу таратушы құбырдағы тем­ператураның артуы біздің тұтыну­шы­ларымыз үшін қолай­лы жағдай туғы­зады. Осыған байланысты күз, көктем айларында қала тұрғындарынан келіп түсетін арыз-шағымдар азаяды деп үміттенеміз, – деді «ҚЖЭК» МКК баспасөз қызметі.

Энергетика және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық бас­қармасының басшысы Дәурен Асқаровтың айтуынша, биыл облыстағы 27 жобаны жүзеге асыруға 13 млрд теңге бөлінген. Бұл жобалардың ішіндегі ең ірісі де, ең ма­ңыздысы да – Арқалық жылу энергия­сы орталығын реконструкциялау.

Арқалық қаласын әр жылу мау­сы­мынан алып шығу үшін жыл сайын рес­публика бюд­жетінен 2 млрд теңгенің үстінде трансферт бөлінеді. Бұған дейін қыстан мазутпен шығып келген Арқа­лықтың жылу жүйесін біртіндеп көмірге көшіру мақ­сатында бюджеттен 7,4 млн теңге бөлініп, «Арқалық қаласының жы­лумен жабдықтау жүйесін 2030 жылға дейін қайта жаңарту» жобасы қолға алынған. Бүгінде жаңа жылу көзінің құрылысы қарқынды. Бас ғимараттың ас­тыңғы қабаты төселіп, табанына бе­тонды-ерітінді торап салынды. 3 бу қазан­­дығы және сумен жылытатын 2 қа­зандық орнатылды.

– Жыл басында жоспарланған жұ­мыстың 43%-ы еңсеріліп, 3 млрд 200 млн теңге игерілді. Қа­ла­ның жаңа жылу орта­лығы 2021 жылдың қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Биыл Арқалық жылумен және электр қуатымен қамтамасыз ететін орталық мазут отынын пайдаланады. Қаладағы кейбір нысандар көмірмен жылытылады. Жылу маусымына жететін мазут жеткізіп алу жағын реттеп алдық. Биыл бюджеттен бөлінген 1,39 млрд тең­геге 18,4 мың тонна мазут сатып алдық, – деді Арқалық қаласының әкімі Қайрат Әбішев.

Бүгінде облыс аумағында бас-аяғы 529 елді мекен болса, соның 70-іне табиғи газ келіп тұр. Тұр­ғын үй ком­му­налдық шаруашы­лық басқарма­сы­ның мәліметінше, көптеген аудан­да тұр­ғын­дар үйге газ құбырын тартқызуға ықы­­­­лассыз. Ауылдық елді мекендерде жылына тұрғындардың 10-15%-ы ғана көгілдір отын тарт­қызады екен. Өйткені газ құ­бырын өткізумен айналысатын мекемелердің қызметі аса қымбат болғандықтан, оны екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Алайда көгілдір отынның қызығын кө­ріп отырған аудандар да жоқ емес. Мәселен, биыл Федоров ауданының орталығындағы тұр­ғын үйлердің тең жартысынан астамы газбен жұмыс істейтін ор­талықтандырылған жаңа қазан­дықтар арқылы жылытылады.

 

Қостанай облысы