Аймақтар • 05 Қазан, 2020

Көкшенің қысы тым ұзақ

434 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алты ай бойы атан түйені алып жығатын ақ түтек бораны мен қырау қатқан қабағы бір ашылмайтын біздің өңірде қысқа қапысыз дайындық керек-ақ. Аязы үдеп, бораны бас көтертпей, ақ көрпесін жамылып, апшыны қуыратын қыс маусымы жайбасарлықты көтере бермейді.

Көкшенің қысы тым ұзақ

 

Талай жылдан бері Макинск қала­сындағы орта­лық­тандырылған жылу жүйе­сіне тұрғындардың өкпесі қара қа­зан­дай. Қаладағы көпқабатты тұр­ғын үйлердің бірсыпырасы қолдан салынған пешпен жылытылып, оның өзі жұртқа қыруар машақат болғаны рас. Көпқабатты үйде бықсытып пеш жаққандар көресіні әбден көрген. Қолқасын тү­тін қауып, отын-көмірін сақтайтын орын таба алмай қиналған. Биыл барлығын түгел қам­тымаса да, бір­қатар көпқабатты тұрғын үй орта­лық­тан­дырылған жылу жүйесіне қосылып, қала тұрғын­дарының ар­қасы кеңіп қалатын күн туып келеді.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағ­дарламасы аясында 615 млн теңге қаражат бөлініп, көптен күрделі жөндеу көрмеген бірқатар мекеме кем-кетігін жамап-жасқап, қысқа дайындалуда. Соның ішінде қалада жаңадан салынып жатқан қуатты, модульдік қазандық та бар. Мамандардың айтуына қарағанда, жаңа қазандықтың қуаты – 100 мегабайт. Толық қуатына енген кезде 100 мың шаршы метр аумаққа дейін жылу бере алады екен. Қазандық қатты отынмен жағылады. Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Сәкен Сыздықовтың айтуынша, қатты отынға көшу ең алдымен бюджет қаржысын үнемдеп, жылу беру сапасын жақсарта түспек. Бұрынғы қазандықтың қуаты 18 гигакалорий болса, жаңасы 24 гигакалорийға жетпек. Жылу қуатының артуы тұтынушылар санын біршама арттыра түсуге мүмкіндік береді. Ор­талықтандырылған жылу жүйесінің қамтитын аумағы кеңейген сайын тұ­тынушылардың саны көбейе түспек.

Жоғарыда аталған бағдарлама аясында жаңа қазан­дықты салуға 502 млн теңге қаражат бөлін­ген. Соңғы жылдары ауданда құрылыс жұмыстары қанат жаюда. Биыл төрт қабатты тұрғын үй пайдалануға берілмек. Барлығы 210 пәтерлі бұл тұрғын үйдің көлемі 12 140 шаршы метрді құрайды. Демек, жаңа қа­зандықтың қажеттілігі әбден бел­гілі. Алдағы жылы көпқабатты бес тұрғын үй пайдалануға беріледі де­ген жоспар бар. Міне, осы кезде бұрын­ғысы бар, кейінгі пайдалануға берілгені бар, тұтынушылар қатары еселене түспек.

Қысқа қамданудың қарекетін Сан­дықтау ауданынан да айқын аңға­руға болады. Қазір аудандық ауруха­нада күрделі жөндеу жұмыстары қы­зу жүргізіліп жатыр. Әуел бас­та 88 орынға лайықталған аурухана осыдан 48 жыл бұрын салынған екен. Жарты ғасыр бойы халыққа қа­пысыз қызмет еткен аурухананың әб­ден тозығы жеткен. «Ауыл – ел бесі­гі» бағдарламасы аясында биыл респуб­ликалық бюджеттен 480 млн теңге қаражат бөлініп, ауруханадағы 4 бөлім­ше күрделі жөндеуден өткізілуде. Қабырғалары қымталып, жылытылып, жылу, су құбырлары алмастырылды. Электр энергиясын тасымалдайтын желі жаңғыртылды. Күрделі жөндеу жұмыстары келер жылдың қаңтар айының басында аяқталмақ. Көктемдегі қара дауылдан қатты зардап шеккен мекеменің бірі «Мирас» балабақшасы еді. Оған да «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 43 млн теңге қаражат бөлінді.

– Ғимараттың салынғанына жар­­ты ғасырдан аса уақыт өткен. Сол себепті қыстың аязды күнде­рін­де суып кететін. Мемлекет қамқор­лы­ғының нәти­жесінде шатырды то­лығымен жаңартып, төбе­сін қымтап, жылу құбырларын алмас­тырып ал­дық. Енді тоңа қоймаспыз, – дейді ба­ла­бақша мең­герушісі Ботагөз Жуа­сова.

Өңірдегі қысқа қамдану шаруасы әлі де жал­ғасуда. Қоңыр күздің келбеті жылы. Дегенмен шаруаның уақтылы аяқталғанына не жетсін?!

 

Ақмола облысы