Облыстағы 1 185 әлеуметтік нысанға биылғы қыстан шығу үшін 39,5 мың тонна көмір және 26 мың тонна сұйық отын қажет. Әлі де газ жете қоймаған елді мекендердегі тұрғындарға 163,6 мың тонна көмір керек. Жалпы өңірде 30 көмір қоймасы бар.
– Қазір тұрғындарға қажетті көмірдің 85 мың тоннасы жеткізілді. Көмір бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында өндіруші кәсіпорындармен тікелей келісімшарт жасау бағытында жұмыстар атқарылуда. Қысқа дайындықты облыстық штаб тұрақты бақылауда ұстап отыр, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жаңабаев.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы алдағы жылу маусымына байланысты газды қауіпсіз пайдалану бағытында айлық жариялап отыр. Шара аясында филиал өкілдері тұтынушыларға нұсқаулықтар мен жадынамалар тарата отырып, түсіндірме жүргізетін болады. Қауіпсіздік талаптары өрескел бұзылған жағдайда нысан газ жүйесінен ажыратылады.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы директорының бірінші орынбасары Ермек Қалдығұлов тұтынушыларда газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуге арналған шарттардың болуы керегін айтып отыр. Сондай-ақ тұтынушылар түтін және желдету арналарын мезгілді тексеруден өткізіп, тазалап жарамдылық туралы актілерін алуы керек, қауіпсіздік мақсатында метан мен СО улы газына сигнализатор орнатқаны жөн.
Коммуналдық қызмет төлемақысының жиналуы түйінді мәселенің бірі екені рас. Осыған байланысты қазір «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ҚӨФ филиалы мен «РЦКУ-Қызылорда» ЖШС мамандары бірлескен рейд өткізіп, қарызы қордаланған тұтынушыларды газдан ажыратуға мәжбүр.
Қазір тұтынушылардың газға берешегі 1 млрд теңгеден асқан. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ҚӨФ мамандары тұтынушы түбіртек парағына сәйкес әр айдың 25-не дейін төлем жасауы қажеттігін ескертіп отыр.
Осындай қиындықтарға қарамастан жылу беру маусымы мерзімінде басталады. Жауапты мерзімді ойдағыдай өткізу үшін жан-жақты дайындық жасалған.
Қызылорда