Спорт • 05 Қазан, 2020

Жер-жаһанның жүйріктері

399 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кешенді жарыстарда ең көп жүлде жиынтығы жеңіл атлеттер сайысында сарапқа салынатыны белгілі. Мәселен, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода алауы тұтанған Олимпия ойындарында – 141, ал 2019 жылы Дохада өткен әлем чемпионатында 147 медаль таратылды. Яғни спорттың осы түрінде қай елдің өрендері табысты өнер көрсетсе, солардың жалпы командалық есепте топ жаруына тамаша мүмкіндік туындайды. Сол себепті жанкүйерлер жеңіл атлетиканы «Спорт падишасы» деп те атайды.

Жер-жаһанның жүйріктері

Жеңіл атлетиканың барлық түрінен бәсекелер өте тартыс­ты және қызықты өтетініне кү­мә­німіз жоқ. Әрқайсысының өз жан­күйері бар. Осы жарысты тама­шалуға құштарлық танытатын кө­рермендер саны ондаған миллион­нан асып жығылады. Ал егер солардың арасынан тек біреуін ғана, яғни ең кереметін таңдау қа­жет болса, онда көпшіліктің көңілі 100 метрге жүгіру сайысына түсетіні сөзсіз. Қысқа қашықтыққа жүгіру барысында Жер-жаһандағы ең жүйрік адам анықталады. Енді бүгінгі әңгімеміздің ауанын сол арнаға қарай бұрсақ.

Жаңа дәуірдегі Олимпия ойын­дарының алауы алғаш рет 1896 жылы Афинада тұтанса, 100 метр­ге жүгіру сайысы сол кезден бері осы жарыстың бағдарламасына енген. Тұңғыш чемпион ретінде АҚШ спортшысы Том Берктің есімі аталады. 21 жастағы Бос­тон қа­ласының тумасы ең қысқа қашықтықты 12 секундта жүгіріп өтті. Сол кездің өзінде ол ешкімге ұқсамайтын әдіс-тәсілмен ерек­шеленді. Жарысты Том бойын тым төмен түсіріп алып бастайтын. Кейіннен АҚШ спортшысы бұл тәсілді мысық тұқымдас аңдардан үйренгенін айтты. Алыстан «олжаны» байқағанда жырт­қыштардың еңкейіп келіп, әб­ден жақындағанда ғана атыла­тынын алға тартты. Бүгінгі таңда желаяқтардың дені дәл осы тәсілді пайдаланады. Ежелгі Эл­лада елінде германиялық Фриц Гофман екінші орынды иеленсе, америкалық Фрэнсис Лейн мен мажарстандық Алоиз Соколдың нәтижелері бірдей болғандықтан, екеуі де үшінші сатыға жайғасты.

1

ХХ ғасырда өткен Олимпия ойындарының нәтижесіне тоқта­латын болсақ, ең қысқа қашықтыққа жүгіруде бас жүлденің денін АҚШ құрама командасының мүшелері иемденді. Атап айтсақ, әр жылдары Фрэнк Джарвис (1900), Чарльз Арчибальд Хан (1904), Ральф Крейг (1912), Чарльз Паддок (1920), Томас Эдвард Толан (1932), Джесси Оуэнс (1936), Харрисон Дииллард (1948), Линди Ремиджино (1952), Бобби Джо Морроу (1956), Боб Хейес (1964), Джим Хайнс (1968) және Карл Льюис (1984, 1988) сынды саңлақтар шашаларына шаң жұқтырмады. Ұлыбританияның ұландары үш рет теңдессіз деп танылды. Олар – Гарольд Абрахамс (1924), Аллан Уэллс (1980) және Линфорд Кристи (1992). Перси Уильямс (1928) пен Донован Бэй­лидің (1996) арқасында Канаданың әнұраны екі мәрте шырқалды. Сондай-ақ ОАР өкілі Реджи Уокер (1908), германиялық Армин Хари (1960), КСРО-ның үздігі Валерий Борзов (1972) және тринидадтық Хейсли Кроуфорд (1976) бір-бір реттен дәл сондай құрметке бөленді.

1

Бәлкім, қазіргі кезде жоғарыда аталған спортшылардың көбінің есімін жанкүйерлер ұмытып та қал­ған болар. Әрине оған еш таң­­данбаймыз. Өйткені арада көптеген жыл өтті. Бұрынғы мық­тылардың орнын кейінгі толқын басты. Кейбіреуі бақилық болды, кейбіреуі үлкен спорттан қол үзгеннен кейін көпшілік назарынан тыс қалды. Әр дәуірдің өз дүлдүлдері, өз жұлдыздары бар дегендей... Десек те елдің есінде әрдайым сақталады дейтін екі азамат бар. Олар – Джесси Оуэнс пен Карл Льюис. Енді осы жеңіл атлеттер жайында біраз мағлұмат бере кетейік.

Джесси Оуэнс АҚШ-тың Ала­бама штатында дүниеге келген. Балауса кезінен жоқшылық пен таршылықтың азабын молынан тартқаны былай тұрсын, нәсілдік тұрғыдан да көп теперіш көрді. Соған қарамастан, ол спорттық сайыстарда өзінің мықтылығын мойындатып, көптеген байрақты бәсекеде жеңіс тұғырына көтерілді. 1936 жылы Берлинде өткен Олим­пиадада 23 жастағы Джесси төрт бірдей бас жүлдені олжалап, таңдай қағарлық көрсеткішке қол жеткізді. Ол эстафеталық са­йыста, ұзындыққа секіруде, 100 және 200 метрге жүгіруде алды­на жан салмады. Кейбір жарыстарда әлемдік рекордты да жаңартты. Берлиндегі доданың нағыз қаһарманы дәл осы Оуэнс еді. Сол бәсекелердің барлығын Адольф Гитлердің өзі тамашалады. Ал фюрердің тек еврейлерді ғана емес, «ари тектілер» қатарына жатпайтындардың барлығын жек көргені белгілі. Сол себепті қара нәсілді жігіттің өзгелерден қара үзіп кетуі оның шамына тиді. Қаны басына шапқан Гитлер Джесси Оуэнсті құттықтаудан бас тартып, стадионнан кетіп қалған деседі.

Өткен ғасырдың сексенінші және тоқсаныншы жылдарының шоқжұлдызы Карл Льюис те Алабама штатының тумасы. Үл­кен спортқа ол Берлин Олим­пиа­дасының қаһарманы Джесси Оуэнске еліктеп келді. Екеуінің әкесі ажырамас дос болған кө­рінеді. 1984 жылы Льюис Лос-Анджелес Олимпиадасында алдына жан салмады. Арада төрт жыл өткен соң ғаламдық дода Сеулде ұйымдастырылды. Сол жарыста АҚШ спортшысынан көп қалып қойған Карл екінші орынды қанағат тұтты. Бас жүлде Бен Джонсонға бұйырды. Канадалық желаяқ 9,79 секундтық нәтижеге қол жеткізді. Бұл – әлемдік рекорд! Льюистің көрсеткіші – 9,92. Төрткүл дүние жұртшылығы Джонсонға тамсана қол соқты. Алайда арада бірер күн өткеннен кейін Үйеңкі жапырақтылар елі өкілінің допинг қолданғаны анықталып, оның абыройы айрандай төгілді. Осылайша, алтын медаль америкалық желаяқтың кеудесінде жарқырады. «Ұлы Карл» атанған оның есімі тарихта қалды. Өзінің спорттық ғұмырында ол 100 және 200 метрлік қашықтыққа жүгіру, 4х100 эстафеталық сайыс және ұзындыққа секіруді қоса алғанда, Олимпия ойындары (9 алтын+1 күміс) мен әлем чемпионаттарында (8 алтын+1 күміс+1 қола) он-он медальдан олжалады.

1

ХХ ғасырдағы алғашқы екі Олимпиадада америкалық Морис Грин (2000 жыл, Сидней) мен Джастин Гэтлин (2004 жыл, Афина) топ жарды. Сөйтіп Грекияның астанасында АҚШ-тың спринтерлері соңғы рет атой салды. Одан кейін олар алтын тұғырды Усейн Болтқа басы бүтін босатып берді. Соңғы үш дүбірлі дода Ямайка шоқжұлдызының жарқын жеңісімен аяқталды. 2008 жылы Бейжіңдегі ойындарда Болт әлемдік рекордты жаңартты – 9,69 секунд. 2012 жылы Лондонда олимпиадалық рекордқа өзгеріс енгізді – 9,63 секунд. Рио-де-Жанейродағы нәтижесі – 9,81 секунд.

Бүгінгі таңда қысқа қашық­тыққа жүгіруде Усейн Болтқа тең келер ешкім жоқ. Өзге жүйріктер оның шаңына да ілесе алмай жүр. Қазіргі кездегі әлемдік рекорд та дәл осы спортшыға тиесілі – 9,58 секунд. Ал 100 бен 200 метрге жүгіру және эстафеталық сайыс­тар­ды қоса алсақ, Болттың табысы тіптен толағай екеніне көз жеткізу қиын емес. Оның 8 дүркін Олим­пиада және 11 дүркін әлем чемпио­ны деген дардай атағы бар.

Олимпия ойындарының тарихында ең қысқа, яғни 100 метрлік қашықтыққа жүгіру сайысында небәрі 8 мемлекеттің өкілдері алтын алса, 18 елдің өрендеріне ғана жеңіс тұғырына көтерілу бақыты бұйырған екен. Ал қалғандарының қоржыны бос қайтқан.  

Әлем чемпионаты жайында әңгімелейтін болсақ, ол 1983 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Сол кезден бері айтулы жарыстың жалауы 17 мәрте желбіреді. 100 метрге жүгіру сайысын­да бас жүлденің денін АҚШ құрама командасының мүшелері иеленді. Америкалықтар 10 мәрте жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ямайканың түлектері төрт рет теңдессіз деп танылды. Ұлыбритания, Канада және Сент-Китсте бір-бір алтыннан бар. Жо­ғарыда аталған мемлекеттерден бөлек, Тринидад пен Тобаго және Багам аралдары ғана жүлделі орындарды еншіледі. Бақандай 37 жыл ішінде бар-жоғы жеті елдің спринтерлері дүниежүзілік додада олжаға кенелген екен. Осы жайттың өзі-ақ әзірге жоғарыда аталған командалармен ешкімнің үзеңгі қағыстыра алмайтынын аңғартса керек.

Жекелеген желяқтарға келетін болсақ, америкалық Карл Льюис (1983, 1987, 1991) пен Морис Грин (1997, 1999, 2001) және ямайкалық Усейн Болттың (2009, 2003, 2015) өзгелерден шоқтығы биік тур. Аттары аңызға айналған айтулы азаматтар үш реттен шашаларына шаң жұқтырмады. АҚШ-тың тағы бір жұлдызы Джастин Гэтлин (2005, 2017) екі мәрте дара шықты. Ал ұлыбританиялық Линфорд Кристи (1993), америкалық Донован Бэйли (1995), Ким Коллинз (2003), Тайсон Гэй (2007), Кристиан Коулман (2019) және ямайкалық Йохан Блэйк (2017) бір-бір реттен чемпиондық тәжді иемденді.

Соңғы әлем чемпионаты был­тыр Катардың бас шаһары – Дохада өтті. Қысқа қашықтыққа жүгіруде АҚШ-тың екі желаяғы – 28 жастағы Кристиан Коулман (уақыты – 9,76 секунд) мен 37 жастағы Джастин Гэтлин (9,89) бірінші және екінші орындарды өзара бөлісті. Үшінші сатыға 24 жастағы канадалық Андре де Грасс (9,90) табан тіреді.