Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылып, жүйелі жұмыс істеп келе жатқан «Болашақ» халықаралық бағдарламасы таяуда өз мерейтойын атап өткелі әзірлік жасауда. Оған осы уақыт ішінде түлектердің табысты жұмыстары мен кәсіби шеберліктері дәйек болды. Олардың дені мемлекеттік қызметте, ұлттық компаниялар мен халықаралық ұйымдарда еңбек етуде.
«Болашақ» қанатымды қатайтып, қарымымды арттырды – дейді Марат Райымханов
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылып, жүйелі жұмыс істеп келе жатқан «Болашақ» халықаралық бағдарламасы таяуда өз мерейтойын атап өткелі әзірлік жасауда. Оған осы уақыт ішінде түлектердің табысты жұмыстары мен кәсіби шеберліктері дәйек болды. Олардың дені мемлекеттік қызметте, ұлттық компаниялар мен халықаралық ұйымдарда еңбек етуде.
Біз бүгін «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің бірі, бүгінгі күні «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарып жүрген Марат РайЫмхановты әңгімеге тартқан едік.
– Марат Серікұлы, сіз үшін «Болашақ» бағдарламасының мәні мен тағылымы қандай? Әңгімемізді ресмилендірмей, адами тұрғыда өрістетсек деген пікірге қосылатын шығарсыз?
– Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың дара ой шешімімен орныққан «Болашақ» бағдарламасы жастар өмірінде үлкен рөл атқарады. Ол қазақстандықтардың шетелдерде білім алуына, өз көкжиегін кеңейтуіне, алдыңғы қатарлы тәжірибені меңгеруіне жол ашты.
Сұрақтың екінші сөйлеміндегі ой байламға қосыламын. Жеке мен үшін бұл стипендия баға жетпес мүмкіндік болды деп білемін. Өміріме үлкен өзгеріс әкелді деп зор сеніммен айта аламын. Шетелдің жетекші университеттерінде оқу маған жаңа белестерге ұмтылумен қатар, жақсы өмірлік тәжірибе де берді. Иә, мен шетелде оқуды көптен армандайтынмын. Өскемен қаласындағы №38 мектеп-гимназиясында ағылшын тілі бірінші сыныптан оқытылатын еді. Сонда білім алып жүрген жылдары Трафальгар алаңы, «Биг Бен» және Букингем сарайының фотосуреттері үнемі менің көз алдымнан кетпейтін. Уақыт өте келе менің арманым нақты жоспарларға айналып, «Болашақтың» арқасында ол шындыққа ұласты.
– Конкурсқа қатысуға не түрткі болды? Талпыныс неден басталып еді?
– 2005 жылы «Болашақ» бағдарламасында айтарлықтай өзгеріс болды. Бағдарлама шеңберінде грант санын көбейту көзделді. «Болашақ» қызметі белсенді бола бастады. Ол жылдары менде бағдарлама бойынша оқу қарапайым адамдарға бұйырмайды деген ой болғандықтан, оған сенімсіздікпен қарадым. Конкурсқа қатысу үшін құжат тапсыруға тырыспадым. Осылай жүріп, бірінші ағымды өткізіп те алдым, ал кейін мүлдем қатыспауға шешім қабылдадым.
Алайда, өз күшім мен мүмкіндігімді сынауға бел байлатқан туған-туысқандарым мен достарымның қолдауы арқасында мен бұрынғы ойдан арылып, үлкен үмітпен құжаттарымды тапсырдым. Оның үстіне мен бұл талпынысымды құжат қабылдау мерзімі аяқталуға сәл қалғанда ғана жүзеге асырдым. Конкурстың барлық кезеңдерінен өттім. Кейіннен маған «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегерлері қатарында екендігім жөніндегі хабарлама келді. Бұл мен үшін күтпеген оқиға болды.
Дайындалуға бір жыл уақыт бар еді. Ұлыбританиядағы Лондон экономика мектебін (LSE) таңдадым. Екі жылдық мемлекеттік басқару магистрі дәрежесіне оқуға түсу ниетінде едім. Бұл оқу орнының саяси ғылымдар саласында ең үздік екендігіне, терең білім беретініне сенімді болдым. Себебі, LSE – Еуропадағы саяси ғылымдар, мемлекеттік басқару және экономика бойынша жетекші университеттердің көш басында болатын.
– Баланың тілекшісі ата-анасы ғой...
– Ойыңызды түсіндім. Ата-анаңыз қалай қабыл алды демексіз ғой.Бірден айтайын, бәрі қатты қуанды. Бұл әркімнің уысына түсе бермейтін мүмкіндік еді.
Отбасымда «Болашақ» стипендиясына ие болған жалғыз мен ғана емеспін. Өткен жылы інім де бағдарлама шеңберінде конкурстық іріктеуден өтіп, бір ай бұрын Ұлыбританияға оқуға жол тартты. Қазір сонда қаржы бойынша магистр дәрежесін алуда.
Анам – ғылым адамы. Тарих ғылымдарының докторы. Астанадағы Түрік академиясында жұмыс істейді. Ол өмір бойы ғылыммен, оқытушылық қызметпен айналысып, бар саналы өмірін біздерге – балаларына арнап келеді. Жалғыз өзі үш баланы – мені, қарындасымды және інімді қатарынан қалдырмай тәрбиелеп, аяқтарынан тік тұрғызды. Бұл ананың да, баланың да бақыты десем, жарасатын шығар.
Қазір менің өз отбасым бар. Маған ең бірінші елім үміт артып отырғандығын жақсы сезінемін. Сондықтан алдыма нақты мақсаттар қойып, оған жетуге тырысып келемін. Бұған «Болашақ» мүмкіндік бергенін де жасырмаймын.
– Кейінгіге сабақ болсын, шетелде, яғни Лондонда алған білім, өткен тағылым туралы айта кетсеңіз артық болмас еді.
– Айтуға болады. Шетелде оқыған адам тікелей білім алумен қатар, түрлі салаларда өмірлік тәжірибе де жинайды. Жаңадан қадам басқанда бейімделудің күрделі процестерінен өтуге тура келеді. Лондон – мультитілдік және мультимәдениет қаласы. Әлемнің барлық түкпірінен түрлі менталитет иелері жиналған көптеген адамдар жиналған бұл қалада тұйық болу, әсте мүмкін емес. Жан-жақты қарым-қатынас үдерісінде адам өзін жаңа коммуникативтік дағдылармен байытып, ойлау қабілетін дамытады. Оқу барысында пікір бөлісу, тәжірибе алмасу, адамдармен қарым-қатынас жасау арқасында менің ойлау қабілетім өзгерді, жүйелі түйін жасау дағдысына қол жеткіздім деп сеніммен айта аламын.
Бұған қоса, шетте оқу мен үшін тілдік дағдыларды жетілдірудің бірегей мүмкіндігі де болды. Ағылшын тілінен басқа француз тілін де меңгеруге ұмтылдым. Оқудан тыс уақытымды спортқа және мәдени іс-шараларға арнадым. Әсіресе, мұражайларға, сурет көрмелеріне және классикалық музыка концерттеріне баруды ұнататынмын. Сол арқылы рухани құндылықтардың тереңіне үңіліп жан дүниемді байыттым.
– Оқып жүргенде жетістікпен бірге, қиыншылықтар да болмай қоймайтын шығар?
– Әрине, оқтай түзу жол қайда бар дейсіз. Шетелде білім алудың пайдасымен қатар, белгілі бір тәуекелдердің де болатыны шындық. Соның бірі, атқаруға тиіс негізгі міндеттерді үнемі кейінге қалдыра беру. Нақты істерді орындау қажеттілігін ұғына отырып, маңыздылардың барлығын «ертеңге» қалдыра беретін қисынсыз әдетіміз бар ғой. Мүмкін бұған бұрынғы білім беру жүйеміз де себеп шығар. Емтихан алдында, бір күн бұрын барлық жазған, сызғандарды оқып, билеттерді жаттап алуға болады. Егер жолың болса, жоғары бағаға да қол жеткізесің. Дегенмен, бұл біздің білім жүйесінде ғана мүмкін нәрсе. Шетелдік білім беру ісінде ондай желдей жеңілдік мүлде жоқ. Бірінші күннен бастап жауапкершілікті терең сезінуге тиістісің.
Шынымды айтайын, алғаш мен де салғырттық танытып, көптеген проблемаларға тап болдым. Әрине, мұны мен өмірдің басқаша жүйесі мен жаңа ортаға бейімделу үрдісімен байланыстырамын. Иә, сабаққа бардым, кітап оқыдым, бағдарламаларды меңгердім, бірақ басқа ортаға бейімделу қажеттілігі менің оқуыма көп кедергі келтірді. Ең алғашқы соққы мен үшін аралық емтиханнан төмен баға алуым болды. Бұған қатты қобалжыдым. Бірден мұның соңынан орын алатын салдарлар мен тәуекелдерді ойладым. Ал бағдарламаның шарттары бойынша студент жақсы оқуға міндетті, онсыз стипендиядан айырылып, жұмсалған соманы мемлекетке қайтаруы қажет. Егер мен үлгерімімнің төмендігіне байланысты университетті аяқтай алмай үйге оралсам, бұл мен үшін үлкен ұят болатын еді. Елімнің, туған-туысқандарымның маған деген үкілеген сенімін жоғалтпау үшін бекем бел бууға тура келді. Нәтижесі жеміс берді. Уақытымның көп бөлігін оқуға, ізденуге жұмсадым. Кітапханадан (ол тәулік бойы жұмыс істейді) шықпай, профессорлар берген материалдарды тереңдеттім. Жалпы алғанда, менің ұйқыдан басқа уақытымның барлығы оқумен өтті. Сөйтіп, Англияда оқыған екі жылда ешқайда шықпадым. Еуропаға да қыдырып бармадым. Тіпті Лондондағы көптеген әйгілі жерлерде де көп болған жоқпын. Нәтижесінде жақсы білім, пайдалы дағдылар мен with merit дипломын иелендім.
– Шетте алған біліміңіз жұмысыңызға қалай пайдасын тигізуде?
– Өзімнің еңбек жолымды 2003 жылы бастадым. Бірінші алған білімім бойынша журналиспін, негізінен БАҚ пен PR-агенттіктерде қызмет істедім. Лондондағы оқуымды аяқтағаннан кейін 2008-2010 жылдар аралығында «Заң» Медиа-Корпорациясы» ЖШС реакциялық кеңесінің президенті, төрағасы болдым. Онда Ұлыбританияда алған білімім мен тәжірибемді пайдалана отырып, оң өзгерістер енгіздім, ілгері дамуына септігімді тигіздім деп ойлаймын. 2010 жылдан 2012 жылға дейін Қазақстан Республикасы Президенті Баспасөз қызметінің кеңесшісі, сектор меңгерушісі қызметтерін атқардым. Бұдан кейін «Самұрық-Қазына» АҚ жанындағы «Әлеуметтік ынтымақтастық орталығы» қорының бас менеджері лауазымында болдым. Бүгінгі күні «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметінде стратегиялық даму мәселелеріне жауаптымын.
– Болашақта болашақтықтарға не тілер едіңіз?
– Болашақта болашақтықтарға әрқашан алға ұмтылу керек деген тілек айтармын. Мұны бізден Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев талап етіп, зор сенім жүктеп отыр. Оны мүлтіксіз орындау әрқайсымызға парыз да қарыз. Алға үлкен мақсаттар қоя отырып, терең ойлау қажет. Әрқашан жақсыға ынталану керек. Ол үшін алдын ала егжей-тегжейлі жоспар жасап алған абзал.
Мен әр уақытта Гарвардта студенттер арасында келтірген бір әлеуметтік сараптамамды мысал ретінде келтіремін. Сарапшылар бір топ студентті іріктеп алып, олардан өз болашағын қалай көркейтуге болатынын сұрады. Сұрау салынғандардың аздаған бөлігі ғана өз болашағының қағазға түсірілген нақты жоспар нұсқасын көрсетті. Басқалары болашақта не болатынын шамамен тек елестетіп айтты. Басым көпшілігі болашаққа нақты мақсаттары мен жоспарларының жоқ екендіктерін жеткізді. Белгілі бір уақыт өтіп, студенттер университетті аяқтап, қандайда бір жетістіктерге жеткеннен кейін тағы бір зерттеу жүргізілді. Сол тұста нақты жоспарларын жазғандардың басқаларға қарағанда жоғары жетістіктерге жеткенін көру айдай анық болды. Бұл нені көрсетеді, нақты бағыт-бағдары бар азамат әркез табыстан құр қалмайды, оны еселеп өсіреді, сөйтіп, мақсатына жетеді дегенді аңғартады.
Сондықтан болашақтықтар алдарына зор мақсат қойса, оған нық сеніммен қол жеткізулеріне болады. Ал «Болашақ» бағдарламасы сол мақсатқа жетуге ұмтылған үздіктерге мол мүмкіндік жасап отыр.
Әңгімелескен
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».