Ізденіс
Әйгілі композитордың ғибратты өмір жолына көз жүгіртсеңіз, әсте Мұқан мен еңбекті бөле-жарып қарай алмайсыз. Мұқан есімі музыкадан бөлек, ізденіс сөзінің синониміндей де әсер беретіні тегін емес. Еңбек жолын Балқаш жағасындағы туған ауылы Бөрлітөбеде қарапайым есепші болып бастаған болашақ композитордың өмірін халық өнерпаздары слетінде ән айтып шыққан жұлдызды сәт күрт өзгертеді. Осы оқиғадан кейін Мұқанның өмірдегі жолы оқыс өзге бағытқа бұрылып, Мәскеу консерваториясына сапар шегеді. Іріктеу комиссиясының құрамында болған Евгений Брусиловский, Мұхтар Әуезов сынды қазақ өнерінің бір топ қайраткері талант табиғатын тап басып танып, жас талапкерді бірауыздан қолдап, Мәскеуге аттандырады. Ағалар үміті алдамайды. Ол кезде композитор 23 жаста еді. Әуен әлемінің есігін өз құрдастарымен салыстырғанда кешірек ашқанының орнын толтыру үшін де өмірінің соңына дейін үздіксіз ізденісте болды. Композитордың сол ізденісінің шыңы – әйгілі «Біржан – Сара» операсында бедерленді.
Құбылыс
Әр ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын музыка майталманы атағын айдай әлемге паш еткен әйгілі операға келместен бұрын тәжірибе жинау, жанр табиғатын игеру мақсатында білікті маман Евгений Брусиловскиймен бірігіп «Амангелді» қаһармандық операсын жазуға бел шеше кіріседі. Бұл ізденіс нәтижесі бүкіл қазақ өнерінің үлкен оқиғасына айналған «Біржан – Сара» ұлттық классикалық шығармасының өмірге келуіне ықпал етеді.
«Мұқан өлең жазбағанымен, ақын адам еді». «Біржан – Сара» операсының либреттосын жазған академик Қажым Жұмалиев Төлебаев еңбегіне осылай баға береді. Өзге композиторлар секілді тек музыкасын ғана жазып, сол әуенді дайын либреттомен біріктіре салу сазгер табиғатында болмайтын. Операның әрбір көрінісін жанының бір бөлшегіндей аялап, әлпештей дайындапты. Тіпті кейде Қажым Жұмалиевтің өзіне опера либреттосына қатысты пікірі мен ұсынысын да қоса айтып, кемшін түсіп жатқан тұстарының тігісін жатқызып, түзетіп жіберетін көрінеді. Яғни операның сәтті шығуына бірден-бір ықпал еткен күш – Мұқан Төлебаев пен Қажым Жұмалиевтің түсіністік һәм үйлесімге құрылған сәтті шығармашылық одағы болса, келесі себеп – туындыға автордың өз жанынан тың көрініс, оқиғалар қосқандығы. Олар – бірінші актідегі айтыс, үшінші актідегі той және төртінші актідегі Аналық ананың жоқтауы. Сол кездегі өнерсүйер қауым тарапынан да, өнертанушы мамандар тарапынан да бұл тапқырлық өте жоғары бағаланған. Бұдан өзге Төлебаев талантының тағы бір қыры – халық әндерін, салт-дәстүр, жоралғыларын жадында айнытпай сақтайтын зейінінің күштілігі. Осы қасиетінің арқасында қазақтың дәстүр мен құнарға бай қазынасы халқымен қайта қауышып қана қоймай, ұлт болмысының ажырамас бір бөлшегіне айнала алғаны.
Болмыс
Бір қызығы, Мұқан Төлебаев жаңа шығармасы дайын болғанда алдымен өзі айтып көріп, содан кейін ғана қағазға түсіреді екен. Музыкасы миында әбден жетіліп піспейінше, сазгер рояліне жақындамайтын көрінеді. Симфония болсын, ария болсын, мейлі қандай әуен болса да алдымен ойында жазып алып, әбден дайын болды-ау деген шағында нотаға түсіретіндігі де – музыка маманының өзіндік ән жазу әдісінен хабар береді. Бірақ соған қарамастан, «Біржан – Сара» операсы – бұл қалыптан шығып, композитордың өмірінің соңына дейін өзгертулер мен толықтырулар енгізіп келген жалқы шығармасы. Опера жазу үстінде сазгердің үнемі қолынан түспейтін клавирлері – Чайковскийдің «Евгений Онегин», «Қарғаның мәткесі», Бородиннің «Князь Игорь» опералары екенін білу де талант табиғатын тануда өзінше септеседі деп сенеміз. Сондай-ақ Мұқан Төлебаевтың бойында тек композиторлық дарын ғана емес, әншілік, режиссерлік, драматургтік таланты да болған. Операдағы барлық партиялардың орындалуының дыбыстық ерекшелігіне қарамай, түгелдей өзі айтып, күллі кейіпкерлерінің рөлін де төл орындауда тамаша етіп ойнап шығатын көрінеді. Міне, біз білмейтін Төлебаев табиғаты осындай еді.
Опыныс
Бір өкініштісі, шығармашылығы шарықтау шыңға көтерілген шағында өмірінің тым келте қайырылғаны. Композиторлар одағын басқарып жүрген жылдары қазақтың кесек тұлғалы композиторы небәрі 48 жасқа қараған шағында бақиға аттанды. Бұл – 1960 жылдың 2 сәуірі болатын. Әуен әлемі солай қапыда қара жамылды. Өмірінің соңында сазгер «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» операсын жазуды қолға алады. Алайда мезгілсіз ажал жетіп, ол жұмысын аяқтап үлгермейді. Қиялдағы дүние арман күйінде сөйтіп шорт үзіледі. Композитордың қазасына қатысты бүгінде екіұшты пікірлер көп айтылады. Әуелгі салдар, әрине, соғыс даласында жабысқан сырқатпен байланыстырылады. Біреулер көлік апатынан ұшырап, мәңгілік тыныс тауыпты десе, тағы біреулер қастандықтың құрбаны болғандығын айтып қалады. Қалай десек те, қазақтың музыкалық мұрасын қайталанбас жауһарларымен байытқан композитордың жұмбақ қазасының сыры тек бір Аллаға ғана аян. Ал өлмейтін өнері – ұлттың мәңгілік мұрасы.