Руханият • 06 Қазан, 2020

Қайта өлген Қажымұрат (Дағыстанның даңқты ұлы туралы фильм неге түсірілмей қалды?)

818 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Орыстар өз ортасында Пушкинді әдебиеттің әулиесі санайды. Ал шетелдіктер Толстой мен Достоевскийді жоғары бағалайды. Мүмкін іргелі прозаның іліп алар інжу-маржаны молдау болар. А, бәлкім, өлең-жыр атаулының өзге тілге аударылғанда өң-түсінен айырылып, солғын тартатындығы себеп шығар.

Қайта өлген Қажымұрат (Дағыстанның даңқты ұлы туралы фильм неге түсірілмей қалды?)

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

 

Біздің Шоқанды бірге туған ба­уы­­­ры­нан артық көріп достасқан Достоев­скийдің жөні әрине бөлектеу. Бірақ бү­гінгі әңгімеміз неге екені қайдам, әй­теуір бұратаналарға бүйрегі бұрып тұ­ра­тын Толстойдың тұшымды бір туын­дысының кинодағы талайсыз тағдыры төңірегінде өрбімек.

Елі де, жері де ерекше жаратылған Кавказ тақырыбы ресейлік талай қалам­гердің шабытын шалқытқаны белгілі. Бірі тамаша табиғатына тамсанды, бірі айдай сұлу аруларын әспеттеді, бірі «тізерлеп өмір сүруден тік тұрып өлгенді» артық көретін өр кеуде өрен­деріне сүйсінді. Енді бірі тасыр мінезді таулықтарды тәубесіне түсірген орыс қаруының құдіретін дәріптеді.

«Сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» дегендей, кавказдықтар осылар­дың ішінен Лев Николаевичті айрықша ар­дақ тұтады. Өйткені ол шығармашылы­ғы­на шындықты арқау етіп, отаршыл­дық озбырлықты емес, ар-намыс секілді адами асыл қасиетті алға шығарды. Ең бас­тысы Александр Сергеевич сияқты ко­ло­низаторларды көкке көтерген («На не­годующий Кавказ поднялся наш орел двуглавый...», «Смирись, Кав­каз: идет Ермолов!») жоқ. Ақынның бұл астам­шылығын кейбір озық ойлы за­ман­дастары айыптаған. Мәселен, П.Вя­зем­ский: «Мне жаль, что Пушкин окрова­вил последние стихи своей повес­ти. Поэзия – не союзница палачей» деп Тур­­геневке жазған хатында қынжылыс білдірген.

Кезінде грузин әдебиетінің классигі Константин Гамсахурдия жүрегіне қо­лын қойып тұрып былайша тебіренген екен: «Только один Лев Толстой достой­но выполнил свою миссию великого ху­дож­ника, способного увидеть вещи в истин­ном цвете.

...В отношений мастерства «Хаджи-Му­рат», по моему мнению, является вен­цом творчества Толстого. Печально, что он сам при жизни не стал свидетелем резонанса на это великолепное произведение, каждая строка которого дышит глубоким гуманизмом».

Көрдіңіз бе, гүрзі қаламды гүржінің тау­дай талантқа қалай тағзым етуін.

Осындайда ойға оралады. Кешегі Чешенстандағы қанды қырғында орысқа қатысты дүниелер тегіс қиратылып­ты. Тек, Толстой есіміне байланысты ес­керткіштерге ешкім тиіспепті. Мұны ре­сейлік телеарналардың бірінде орыс зия­лыларының өздері мойындады.

Толстой кейіпкер қылған Қажымұрат – тарихи тұлға. Ширек ғасыр ширығып Ресей басқыншылығына қарсы қасқая шапқан имам Шәмілдің жаужүрек се­ріктерінің бірі. Екі қошқардың басы бір қазанға сыймай, Шәмілмен екеуінің арасы бірде тату, бірде қату болған. Айтысып-тартысып, ақыры кетісіп тын­ған. Содан сорына қарай, орыспен одақ­таспақ болып орны толмас қателікке ұрынған. Алайда жат жарылқамайтынын сәл кештеу түсінген ақылды тентек аты­ның басын кері бұрғанда ажал құшқан. Орыстар оны өлтіріп қана қоймай, ба­сын кесіп Петербургтегі патшасы­на жө­нелткен. Қазір бұл бассүйек Эрми­таж экс­понаттарының тізіміне еніп, Кунст­камераның қараңғы қоймасында жатыр.

Қарт Каспийдің арғы бетіндегі авар ағайындардың қазақтан озған жері – ұлт-азаттығы жолында атойлаған аруақ­ты арыстарын ақтап алды. Жыршы әке­сінің «өткенге тас атпау» жөніндегі өсие­тіне өле-өлгенінше адал болған Расул Гам­затов Шәміл рухын шат қылудан шар­шаған жоқ. КСРО тарихы оқулығына суреті басылып, жорық жолдарына теріс те болса шағын шолу жасалған Шәміл бейнесі бәрімізге бала кезден таныс. Амал қанша, ерлігі одан кем емес асыл текті Кенекеңді біз биік дәрежеге көтере алмадық.

Қажымұратқа қайта оралайық. Кавказ соғысының сайыпқыран сардарының Толстой саралаған салмақты образы шартарапты шарлап кетті. Театр сахналарында спектакльдер қойылды, опера болып ойналды, киноға айналды.

1930 жылы Берлин студиясында «Ақ албасты», 1959 жылы Италия мен Юго­славия бірігіп «Қажымұрат – ақ ал­басты», 1969 жылы Түркияда «Қажы­мұрат» дейтін фильм түсірілді. Бұл кино шеруіне Кеңес Одағы қосыла қоймады.

Естіп-білуімізше, кеңестік режис­сер­лердің біразы «Қажымұратқа» қызы­ғу­шылық танытқандарымен, кесірлі сая­­сат­тың кедергілерінен секемденіп тесік бөшкені сумен толтыруға талпынған әумесердің кебін кигілері келмеген сы­ңайлы.

Соған қарамастан алпысыншы жыл­дар­дың жуан ортасында өнері өрлей бас­­таған Георгий Данелия тәуекелге бел буады.

...Кинематографистердің шығар­ма­шылық үйінде демалып жатқан Дане­лияның бөлмесіне бірде әйгілі әріптесі Лев Кулиджанов бас сұғады. Әжік-күжік әңгіме үстінде Данелия Достоевскийдің «Қылмыс пен жазасын» қолға алғалы отырғанын айтып қалады. Соны ести сала Кулиджанов күңіреніп кетеді: «Ой жалған-ай, осы романды таспалау талайдан бергі арманым еді. Мына заманда зарлағанмен сұрағаныңды кім берсін. Саған бұйырған екен... Амал нешік...». Енді Данелия еңіресін: «Менің ең сүйікті кітабым – Толстойдың «Қажымұраты». Кейіпкерлері күндіз ойымнан, түнде түсімнен шықпайды. Басшыларға барсам «сен ондай ойды басыңнан шығарып таста, өйткені оны Лев Кулиджанов түсірмек» деп меселімді қайтарып тас­тады».

Кенет күні туғандай күлпің қаққан Кулиджанов күтпеген ұсыныс жасайды.

– Гия, сен армандаған «Қажымұра­тыңды» ала ғой да «Қылмыс пен жазаны» маған бере сал...

– Айтқаның болсын, Лева, кәнеки, екіжақты пайдалы келісімшартымызды жуып жіберейік...

Кейін Кулиджанов «Қылмыс пен жазаны» түсірді, ал Данелия дегеніне жете алмады...

...Сонымен қойшы, жоғарыдағы­лар­ды сендіріп, төмендегілерді көндіріп «Қа­­жы­мұраттың» бетін бері қаратқан Да­­не­лия кино түсіру алдындағы дайын­дыққа кіріседі. Сценарийді білікті ма­ман Владимир Огневке жазғызады. Аспан­даған атақ-даңқымен, Жоғарғы Кеңеске депутаттығымен түсіру тобын қорғап-қоршап жүруі үшін оған Расул Гамзатовты қосақтап қояды. Кремль­ден бастап Киногерлер комитетіне де­­йінгі табалдырықтары таудан биік кең­­селерге бұзып-жарып кіруге одан ар­тық кандидатураны табу қиындау еді. Кейбір қарсылықтарға қарамастан қар­­жысы бөлініп, «Қажы­мұрат» мем­ле­­кеттік киноның жоспарына енеді. Режиссер мен көмекшілері Да­­ғыс­танның тау-тасын кезіп, ауылдар­ды ара­лап фильм оқиғалары өтетін орын­дар­­ды белгілейді. Актерлерді таң­дай­ды, та­­ғы­сын тағылар.

Басты рөлден кімдер дәметпеді де­се­ңізші. Тіпті, театр мен кино өнері­нің жарық жұлдызы Иннокентий Смок­туновский де сөз салған. Сонда ғой Георгий Николаевичтің «Кеша, сен Анна Каренинаның рөлінде ойнағың келмей ме?» деп қалжыңмен қағытатыны.

Грузияның «Орэрэ» ансамблі ар­қылы Одаққа кеңінен танылып, соның арқасында бір-екі киноға түсіп үлгерген Вахтан Кикабидзе де үмітін үкілеп «Мосфильм» жаққа үздіге қарапты. Бір жағынан батона Гиямен қандастығын да малданса керек. Ілгеріде интервью алғанымда мұны Бубаның өз аузынан естігенмін. «Толстойдың атақты повесін жастайымнан басыма жастанып оқыдым. Нағыз намысты ер жігіттің ерлігі мен өрлігіне қатты қызығатынмын. Образын сомдауға соншама аңсарым ауғаны. Шашымды тақырлата қырғызып, сақал-мұртымды өсіріп әбден әлектендім. Әр нәрсені сылтауратып Данелияға қайта-қайта бара беремін. Онда қазіргідей аралас-құралас емеспін. Бұйымтайым­ды айтуға бата алмаймын. Сөйтіп әрі-сәрі болып жүргенде Мәскеудегі мық­тылардың фильмді «жапқандығы» жа­йында жайсыз хабар құлағыма тиіп, өкі­ніштен өзегім өртенді».

Ал Г.Данелия болса, көп әртістің көкейін тескен Қажымұраттың рөліне кеңестік корифейлерді емес, Египеттің ерен актері Омар Шарифті шақырмақ болған көрінеді...

Қырсық құрғырды қойсаңшы бұл. Ісі ілгері басқан Данелия Госкиноның бір дөкейін, қасына Расул Гамзатовты қосып үйіне қонаққа шақырады. Тби­лисиден арнайы алдыртқан «Ча-чаның» буына бөккен әлгі Баскаков деген бас­тық дастарқан басында Шәміл ха­қында жағымсыздау сөз қозғайды. Сол арада Расул көкеміз көтеріліп ке­тіп, әлгі ше­неуніктің ит терісін басына қап­тайды.

Шырқы бұзылған сол отырыстан соң Қап тауының қаһарманы жайлы фильм­нің басталмай жатып басы кесі­леді. Түрлі сылтау алға тартылады: «Қа­ражат жоқ, павильон жетіспейді» деген сияқты...

Шын себебі әрине советтік шови­нис­тік саясаттың байқамасаң батып кетуің мүмкін түпсіз шыңырауында жатыр еді.

Адуынды ақын ашуға мініп мәселе шешетін мықтылардың біразын ал­қым­нан алған екен, бәрібір ештеңе өнбепті.

«Неге бұлай болды?» деген ғой баяғы.

«Сендердің киноларың еліміздегі халықтар достығына кесірін тигізеді» депті бір мықты беті бүлк етпестен.

Сұлу сөздің сүлейі атанған «Бүкіл­одақтық тамада»: «Сонда не, Толстойдың кесірі тимей ме?» депті тапқырлық әрі батылдық танытып.

Тоталитарлық жүйенің талқылауға жатпайтын тегеурінді шешімін кім тоқ­тат­сын. Осылайша авардың атышу­лы батырына бағышталған фильм әді­летсіздікпен бесігінде тұншық­тырылды.

...Басқа амалы қалмаған Гамзатов «өлген» фильм сценарийінің шекесіне өлең жазып қалдырыпты. Тоқсан ауыз сөздің түйіні мынау:

«...Но почему, хоть ты погиб давно,

 Тебя еще боится Госкино?».

...Толстой толғаған тау қыранының кинодағы талайсыз тағдыры осылайша опыныспен аяқталған болатын.