Театр • 06 Қазан, 2020

Айтматовтың адастырмас «Құс жолы»

366 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайдағы І.Омаров атындағы қазақ драма театры ХХІ маусымын Ш.Айтматовтың «Ана – Жер Ана» повесінің желісімен қойылған «Құс жолы» премьерасымен ашып отыр. Драмалық шығарманың режиссері – Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Абдықадыров.

Айтматовтың адастырмас «Құс жолы»

Театр ұжымы аталған туындыны әуелі мамыр айында сахналап, Жеңістің 75 жылдығына тарту етуді көздеген. Алайда карантин кедергі болып, көрермен көптен күткен қойылыммен күзде ғана қауышып отыр.

Қырғыз режиссері адамзат тарихында қанмен жазылып қалған сұрапыл соғыстың өшпес зардабы мен өлшеусіз қайғы-қасіретін қойылымның бас кейіпкері – Толғанайдың талайлы тағдыры арқылы шынайы ашып көрсете білген. Толғанай – аяулы жары мен енді ғана ер жеткен үш бірдей ұлы майданда қаза тапқан құсалы ана. Көкірегіндегі шері тас болып қатқан бақытсыз әйел. Жалғыз ал­данышы – жастай жесір қалған жалғыз келіні мен колхоздың ауыр шаруасы ғана. Қойылым барысында соғыс жылдарындағы ауыл тұрмысы мен тылдағы әйелдердің жанкешті еңбегі көременнің көз алдынан тізбектеле өтіп, сахнада ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңдегі адалдық пен опасыздық, қатыгездік пен сүйіспеншілік сияқ­ты кереғар қасиеттердің тай­таласы таразы басына тарты­лады. Сахналық туындының көркемдік шешімі Тол­ғанай Ана мен Жер Ананың диалогы арқылы көрініс тапқан.

Спектакль кейіпкерлерін кілең жас актерлер сомдаған. Көпшіліктің көзіне жас үйіртіп, көрермендер залын әлсін-әлсін шыққан күрсініске толтырған әсерлі туындының сәтті сахналануын театр әртістерінің ше­берлігіне телідік.

Жаңа маусымның ашылу салтанатында театр ұжымын мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов құттықтады.

– Жеті айдан артық үзілістен кейін әртіс пен көрермен қайта қа­уыш­қан тамаша кеш болып жатыр. Қатары жас мамандармен толыққан театр труппасы өзінің жоғары кәсіби деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеп, репертуарын кесек туындымен то­лықтырып отыр. Алдағы уақытта театрдың 20 жылдық ме­рейтойын кең көлемде атап өтіп, өнер қай­раткерлеріне құрмет көр­сетуді көздеп отырмыз, – деді бас­қарма басшысы.

Көрермен қауым үзіліс ке­зінде таяуда ғана ашылған театр мұ­ра­жайын тамашалап, өнер орда­сының тарихымен танысты.

 

Қостанай облысы