Жылу мен электр энергиясы болмаса өмір тоқтап қалатындай көрінеді. Қылышын сүйретіп қыс келе жатқанда қалада да, далада да оның маңызы бұрынғыдан да арта түсетіні тағы анық. Расында да солай. Қостанай қаласындағы «Қостанай жылу-энергетикалық компаниясы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны және электр жарығымен қамтамасыз етіп отырған «ЭПК Форфайт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысының арқасында Қостанай қаласындағы үйлер бүгінде қыз-қыз қайнап, Жамбыл бабамыз айтқандай, қала «түнде де жарық күндіздей» болып тұр.
Жылу мен электр энергиясы болмаса өмір тоқтап қалатындай көрінеді. Қылышын сүйретіп қыс келе жатқанда қалада да, далада да оның маңызы бұрынғыдан да арта түсетіні тағы анық. Расында да солай. Қостанай қаласындағы «Қостанай жылу-энергетикалық компаниясы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны және электр жарығымен қамтамасыз етіп отырған «ЭПК Форфайт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысының арқасында Қостанай қаласындағы үйлер бүгінде қыз-қыз қайнап, Жамбыл бабамыз айтқандай, қала «түнде де жарық күндіздей» болып тұр.
Жақында Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті журналистерге көшпелі баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, осы өмірлік маңызы өзекті кәсіпорындар жұмысындағы жаңғырту үдерістерін көрсетті. Жылу-энергетикалық орталығы жұмысындағы алға ұстанатын темірқазық – шығынды үнемдеу. Бұрын ескі құрал-жабдықтар кезінде жаққан отынның жылуы үйлерге барғанша шығыны көп болатын. Өткен жылы кәсіпорын 33 миллион 545 мың теңге инвестициялық қаржыға құбырлардың таттануы, су шөгіндісін азайтатын ингибитор ОПТИОН-313-2 реагентін іске қосқан еді. Оның жылуды жабдықтау жүйесіндегі суды дайындау кезінде құбырлардың ішінде болатын шөгінділердің жуылып кетуіне, су сапасының жақсаруына, жылу желісіндегі гидравликалық режімнің тепе-теңдігіне, жылу, отын, су, электр энергиясы шығындарының төмендеуіне, жабдықтар жұмысының тиімділігіне ықпалы күшті тиді. ОПТИОН-313-2 реагенті арқылы жылумен жабдықтау жүйесінің тораптық және қоректендіретін суын жаңа технологиямен өңдеу айтарлықтай үнемге қол жеткізді.
– Жылу-энергетикалық орталығы өндіріске жаңа жабдықты, яғни ингибиторды енгізу арқылы жылына 27 миллионнан аса теңге үнемдеді. Ол арқылы қазандықтың жылу қуаты бұрынғы 130 градустан 150 градусқа дейін көтерілді, екіншіден, суды тез тазалайды, – дейді кәсіпорынның бас инженері В.Беляк. Кәсіпорын қарап отырған жоқ, мұның сыртында қазандықты, құбырларды, су сорғыштарды өзгертті. Николай Владимировичтің айтуынша, ОПТИОН-313-2 реагенті қаланы жылумен қамтамасыз етіп отырған №3 қазандыққа да орнатылды, енді алдағы жылы №2 қазандық та жабдықталатын болады.
Жылу-энергетикалық компанияда 2011-2012 жылдары қазандықтар арасындағы жылу желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ол 381 миллион теңгеге түсті. Мұның мәнісі құбырларды оқшаулауды соңғы технологиямен жасалған пенополиуретан арқылы жүзеге асыру болатын. Пенополиуретан жылуды оқшаулауға арналған материалдардың арасында жылу шығынын барынша азайтуға мүмкіндік береді және жылу өткізгіштіктің ең төменгі коэффициентіне ие. Сондықтан бұл арқылы жылуға кеткен шығындар да азаяды, ол екі жылда өзін ақтап шығады.
Облыс орталығындағы «ЭПК-Форфайт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облысқа электр энергиясын жеткізіп, таратады. Болгарияда шығарылған РП-15 жабдығы Қостанай қаласына 1987 жылы орнатылды. Алайда, тозбайтын құрал-жабдық болмайды. Бұл тасымал жабдығының тозуына байланысты облыста апатты жағдайлар көбейіп, электр жарығы жиі сөніп қалатын. Мысалы, бұрнағы жылдарды былай қойғанда, 2011 жылы 8 апат, 2012 жылы 11 апат орын алған. Кеңес Одағы кезіндегі жабдықты соңғы жылдары жөндеудің өзі қиынға соғып жүрді. Сонау Болгариядан қосалқы бөлшектер алдыру өте қымбатқа түсті.
– Бір ай шамасында ғана осы жабдықтың Ресейдің Қорған қаласында құрастырылған жаңа түрін әкеліп орнаттық. Бұл электр энергиясын тұтынушыларға таратудың барлық техникалық талаптарына жауап береді. Онда вакуумдық қосқыш болғандықтан қажетті учаскелерді жеке қосып, ажырата береміз. Бұл мамандарға да, тұтынушыларға да өте ыңғайлы, ең бастысы, апат орын алмайды, электр энергиясының шығыны болмайды, – дейді кәсіпорынның бас инженері Дидар Аманжолов.
Сонымен қатар, бас инженер электр энергиясын тасымалдайтын, тұтынушыларға тарататын кәсіпорынның қала ішіндегі төменгі вольтты электр желілерінің тозуына байланысты бүгін бетпе-бет келіп отырған қиындықтарын да жасырмады. Жер астындағы желілерді жөндеу, жамап-жасқау жұмыстары жыл сайын жоспарлы жүріп отырады, ал жоғарыдағы желілердің 60-70 пайызының тозығы жетіп тұр. Қостанай қаласының тең жартысына жуығы жеке сектордағы үйлерден тұрады. Қаланың осындай бөліктерінде желілерді ауыстыру жұмыстары күтіп тұр. Соңғы жылдары кәсіпорын қала ішіндегі 25 шақырым жоғары ілінген желіні жаңалады. Соның арқасында шығын едәуір кеміді. Сонымен қатар, қалада 5 мың тұтынушының есептегіші ауыстырылды. Оның көрсеткіштері бірден диспетчерлік қызметке беріледі. Енді кәсіпорын мамандары бұрынғыдай үй жағалап, есептегіш көрсеткішін тексермейді. Инвестициялық бағдарламамен жүзеге асып жатқан бұл жұмыс жоғары тиімділігін көрсетіп отыр.
– Көшпелі баспасөз мәслихатына нормативтік шығыннан тыс шығынды тақырып етіп алғанымызда мән бар. Нормативтік шығыннан тыс шығын тұрғындарды жылумен, электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорындарды тікелей шығынға батырады. Ол жабдықтардың тозуынан, электр энергиясының ұрлануынан, басқа да кемшіліктерден болады. Екі кәсіпорын жұмысын жаңғырту үшін инвестициялық бағдарламалар жүзеге асты. Енді жыл сайын нормативтік шығыннан тыс шығынды біртіндеп азайтып отырамыз, оған қазірдің өзінде қол жеткізілді. Өткен жылы ол 18 пайыз болса, биыл 17,9 пайыз. Алға жылжу бар, – дейді Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің директоры Азамат Аужанов.
Жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған бұл екі кәсіпорынның да тұтынушылардан басқа инвесторы жоқ. Сондықтан кәсіпорын басшылары тиынның қайда жұмсалғанын тұтынушылардың біліп отырғаны қажет деп санағаны да дұрыс шешім.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.