Бизнес • 06 Қазан, 2020

Кәсіпкерге кедергі неге көп?

1201 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет тарапынан кәсіп­керлікті өрістетуге барынша қолдау көрсетіліп келеді. Шағын және орта бизнесті қорғау үшін салықтық жеңіл­діктер жасалды. Тіпті кәсіп­керлерді тексеруге жария­ланған мораторий бар. Өз ісін бастаушылардың идея­сына жан бітіретін түрлі мемлекеттік бағдарламалар да түзілді. Мәселен, Атырауда тың салада түрен салуға бет бұр­ғандарды демейтін жоба­лар­дың қатарында «Бастау» мен «Жас кәсіпкер» де бар.

Кәсіпкерге кедергі неге көп?

– Өңірде «Бастау» жобасымен 4 мыңнан астам жұмыссыз бен өзін өзі кәсіппен қамтыған атыраулық кәсіпкерлік негіздеріне арналған курстан өтті. Оның 1058-нің жобасын қаржыландыруға 2,8 млрд теңге бағытталды. Оның ішінде 522 қатысушы 100 және 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік гранттар алды. Іске асырылған бизнес-жобалардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, сауда және өңдеу өнеркәсібі салаларына тиесілі болып отыр, – дейді «Атамекен» ҰКП Атырау өңірлік филиалы бизнесті қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Жанаргүл Жоламанова. – Сонымен қатар былтыр облыста 29 жасқа дейінгі жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтыған жастарды кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды көздейтін «Жас кәсіпкер» жобасы іске асырылды. Осы жоба аясында оқытылған 600 адамның 308-іне жалпы сомасы 155 млн теңгенің гранттары берілді.

Алайда кәсіпкерліктің кең қанат жаюына қолбайлау болып, тұншық­тыруға дейін апаратын өрескел қа­дамдар әлі де кездеседі. Тіпті мұндай жайт көп десек те болады. Әйтпесе «Атамекен» ҰКП Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаевтың айтуынша, соңғы жеті жылда 3500-ден аса кәсіпкер көмек сұрамас еді. Олардың 1622-сі өз бизнесін  қорғауға қатысты өтінішін берген. Филиал сарапшыларының араласуымен өтініштің 871-і кәсіпкерлердің пайдасына шешіліп отыр. Шағын және орта бизнестің өкілдері тариф белгілеуге, табиғи монополиялар мен жер қатынастарына, сондай-ақ мемлекеттік органдардың іс-әрекетіне, тіпті олардың әре­кет­сіздігіне шағымданады екен.

– Кейде кәсіпкерлерге құқы­ғын қорғау үшін сотқа жүгінуіне тура келеді. Мәселен, 2018 жылы «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе «Әсел» ЖШС-не тиесілі жер учаскесіне жекеменшік құқығын қорғадық. Өйткені жергілікті атқарушы орган тарапынан 2003 жылдан бері серіктестікке тие­сілі жер учаскесінің жекеменшік құқығына қатысты дау туындаған еді. Ал аталған серіктестік қосал­қы шаруашылықты ашу үшін 200 млн теңгеден аса қаржы жұм­саған. Бұл қаржының 50 па­йыздан астамы – банктік кре­диттер. Палатаның өңірлік фи­лиа­лының араласуымен кәсіп­кердің жер учаскесіне қатыс­ты заңды құқығы қалпына келті­рілді, – дейді С.Жолдыбаев. – Сон­дай-ақ кәсіпкерлер «ҚазТрансГазАймақ» АҚ өнді­ріс­тік филиалы тарапынан газ үшін негізсіз қаржы есеп­телуіне қатыс­ты жаппай жү­­гін­ді. Нәти­жесінде, былтыр Энер­гетика ми­нистрі­нің №241 бұй­рығымен газды артық тапсыр­ға­ны және же­тіспегені үшін айыппұлдар, кәсіп­керлер үшін алдын ала төлем алынып тасталды. Бұдан эко­но­­микалық тиімділік 45 млн тең­гені құрады. Бұған қоса Мем­ле­кет­тік қызмет істері және сы­бай­­лас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігімен, Бас про­ку­ра­турамен, сондай-ақ Жо­ғар­ғы Сот­пен жасалған меморан­дум­дар шеңберінде бизнеске ке­дер­гі­лер­ді анықтау, жою ба­ғы­тында іс-шаралар жүзеге асы­рылуда. Бү­гінде өңірлік фи­лиал­дың бас­та­масымен Аты­рауда 10 лауа­зымды тұлға тәртіп­тік жа­уап­кер­шілікке, 12 тұлға әкім­ші­лік жауап­кершілікке тартылды.

Оның айтуынша, жақында «МЫРЗА-ХАН» ЖШС басшы­сы облыстық тауарлар мен көр­сетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау депар­таментінің әрекетіне ша­ғым түсірген екен. Бұған себеп – атал­ған департаменттің серіктес­тікке қатысты негізсіз қаулы шығаруы.

«Атамекен» ҰКП өңірлік фи­лиалының сарапшылары өті­ніш­тің мән-жайына талдау жүр­гізіп, облыстық тауарлар мен қыз­­мет­тердің сапасы мен қауіпсіз­ді­гін бақылау депар­та­ментіне хат жол­дады. Ал депар­таменттің жауап хатында коронавирус инфекция­сы­ның өршуіне байланысты Пре­мьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың тапсырмасына сәйкес, өңірге Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан эпи­де­­мио­логтар мен вирусолог­тар жібе­ріл­гені айтылды. Екі апталық жұ­мыс сапары ба­ры­сын­да келген ма­мандар жер­гі­лікті департамент­пен бір­ле­сіп, «Сovid-19» инфек­ция­­сына тестілеу бойынша зерт­хана­лар мен медициналық меке­ме­лер­­дің жұмысына мониторинг жүр­гізіпті. Тексеру қоры­тын­дысы­мен «МЫРЗА-ХАН» ЖШС қатыс­ты серіктестік тарапынан медици­налық талдауларды тү­сін­дірудің дұрыс еместігіне сіл­теме жасай отырып, №56 қаулы шығарыпты.

Алайда Кәсіпкерлік кодексі­нің нормаларына сәйкес кәсіп­керлік субъектісін тексеру қоры­тын­­дылары бойынша қадағалау және бақылау органдарының өкі­лі акт жасақтауы керек. Ал бұзу­шы­лықтар анықталған жағ­дайда оны жою туралы нұсқама шығаруы тиіс. Осыған байланысты өңірлік фи­лиал серіктестікке қатысты қау­лы шығаруды заңсыз деп санайды.

Жалпы, өңір кәсіпкерлерін нен­дей мәселе толғандырады? Олар­ға қандай кедергі жасалады? Мәселен, өңірлік кеңестің мүше­сі Ғибрат Сәрсеновтің мәліме­тін­ше, «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы эконо­­микалық аймағында 15 қатысушы тіркеліп отыр. Бірақ мұнда «Полимер Продакшн»  ЖШС тек 1 жобаны ғана қолға алды. Енді 4 жоба жүзеге асырылу сатысында тұр. Бұл – «KPI Inc.», «Karabatan Utility Solutions», «KLPE» және «Қазхимпродакшн» серіктестік­терінің жобалары.

– Ал қалған қатысушылар KPI, KLPE, KUS, Бутадиен жобаларына тікелей тәуелді болып отыр. Бұдан бұрын арнайы экономикалық аймақ құрамына қыз­меттің басқа түрлерімен ай­на­лысатын компания­­ларды (машина жасау, сервистік) қосу мә­селесі көтерілген болатын. Алайда бұл мәселе тиісті ми­нистр­­ліктер тарапынан қолдау тап­­па­ды. Енді тікелей шетелдік ин­вес­­тицияларды тарту, жаңа өн­ді­рістерді ұйымдастыру жолы­­мен импортты алмастыруды дамыту мақсатында арнайы эко­но­микалық аймақта қызметтің басым түрлерінің тізбесін кеңейту қажет, – дейді Ғ.Сәрсенов.

Өңірлік кеңес мүшесі Марат Жал­декеновтің айтуынша, Аты­рауда құрылыс индустрия­сын дамытатын кәсіпорындар үшін инертті сусымалы құрылыс материалдарын тасымалдауға жеңіл­детіл­ген темір жол тарифін енгізу мүмкін­дігін қарастыру қажет. Өйткені өңірде өндірілетін құры­лыс материалдары өте тапшы. Құрылыс материалдарының дені өзге өңірлерден әкелінеді.

– Тауарлы бетон шығаруға қажетті цемент Маңғыстаудан, ал қиыршық тас пен ПГС көршілес Ақтөбе облысынан тасымалданады. Ақтөбеде қиыршық тас­тың бір тоннасы 1800 теңге, ал Атырауда оның бағасы 6 мың теңгеге бағаланып отыр. «Қазақ­стан темір жолы» АҚ қызметі тоннасына 3600 теңгені құрайды. ПГС-ті тасымалдауда да осындай ахуал қаыптасқан. Ақтөбеде МАБ тоннасы шамамен 600 тең­ге, ал біздегі құны – 4250 тең­ге, теміржолдың қызметі – 3300 теңге. Осыдан кейін өнімнің баға­сы шарықтап шыға келеді. Сол себептен, кәсіпкерлердің құры­лыс индустриясын дамытуға қы­зы­ғушылығы жоқ. Жергілікті құ­ры­лыс материалдарының сапасы импортталған өнімдермен бә­се­келестікке төтеп бере алар емес. Өңірдегі құм кен орындары құрылыс материалдарын өнді­ру­шілер ұсынатын стандарттар мен нормаларға сәйкес келмейді, – дейді М.Жалдекенов.

Ал Қаршыға Жауымбаевтың пікірін­ше, өңірдегі балық саласы­ның проблемаларын оң шешудің бір ғана жолы бар. Бұл – осы саланы субсидиялау.

– Біздің облыста 19 табиғат пайдаланушы жұмыс істейді. Олар жыл ішінде табиғи мекендеу ортасынан 8 мың тоннадан астам балық аулайды. Бірақ өкініш­ке қарай, жылдан-жылға квотаны игеру үшін балық аулау мен балықты өңдеу мәселесінде қиындық туындап тұр. Бұл балық аулау құралдары мен кемелердің әбден тозуына байланысты болып отыр. Осыған орай кеме паркін, балық өнім­дерін өңдеуге арнал­ған жаб­дықты жаңарту қажет­тігі туын­дайды, – деп есеп­тейді Қ.Жа­уым­баев. – Себебі кемелер де, балық аулау құралдары да 70%-ға тозған. Осы саланы суб­си­диялау шешімін тапса, балық аулаудың тиімділігі 50%-ға артуы мүмкін. Ең бастысы, біз өзен мен теңізде балық аулау қауіп­сіз­дігін сақтау мәселесін шеше алар едік.

Өңірлік кеңестің тағы бір мү­шесі Әсел Жолмұқанова Жайық өзенінің сағасында түп те­рең­­детуді жүйелі жүргізу қажет­тігін қозғап отыр. Өйткені қазір Жайық-Каспий каналы арқылы жүк баржалары жүре алмайды.

– Бұл канал арқылы жүк бар­жаларының өтуі үшін кем дегенде 2 метр тереңдік керек. Канал түбін тереңдету жұмыс­тарын жүргізу Иранға тірі қойды экспорттауға, Қара­батандағы газ-химия мен Теңіз жобасына қажетті ауыр жүктер­ді қабыл­дауға мүмкіндік бере­ді. Қазір ыңғайлы теңіз порты тек Ақ­тау­да орналасқан. Ал бұл тағы да жерүсті көлігі логистикасының баға­сын көтеріп жібереді. Осы жоба балықтың Жайық өзеніне еркін келуіне, сондай-ақ кеме қа­ты­­насына оң әсер етер еді. Жал­пы, экономиканың барлық сала­сы үшін су көлігінің әлеуеті арта түсе­ді. Демек, бұл жоба өңірд­е туризм­ді да­мытуға, ауыл шаруа­шылы­ғы өнім­­дерін су көлі­гімен экспорт­тау­ға, Каспий теңізі арқылы басқа елдерге жүк тасы­мал­дауға жол ашады, – дейді Ә.Жол­мұханова.

 

Атырау облысы