Таным • 06 Қазан, 2020

Орынбор һәм Алаш тағылымы

2272 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін қазақ мемлекеттігі тарихындағы елеулі күннің бірі. Бұдан тура жүз жыл бұрын, дәлірек айтқанда 1920 жылы 6 қа­зан­да Орынборда ҚАКСР Кеңестері­нің құрыл­тайы өтіп, алғашқы Конститу­ция­лық құ­жат қабылданып, кеңестік қазақ респуб­ликасы құрылды. Осы тарихи сәттен 1925 жылға дейін Орынбор қаласы Алаштың астанасы болып тұрды.

Орынбор һәм Алаш тағылымы

Тоқсан тараулы тарихымызда босағасы алтынмен, шаңырағы күміспен көмкерілген талай бағаналы байтағымыз болғанына ғасырлар керуені куә. Солардың бірі – ордалы Орынбор. Өткен ғасырдың басында қазаққа орда болған Орынбордың аты тарихи әділеттілік орнап, халқымызға «қазақ» атауының қайтуымен һәм ұлттық мемлекеттіліктің қайта жаңғыруымен тікелей байланысты болса керек.

Жалпы, бұл қастерлі өңірдің ежелден Ор мен Жайықты ен жайлаған қазақтың байырғы атақоныстарының бірі екені белгілі. Сондықтан Алаштың өткен ғасырдағы саяси-қоғамдық өмірі қайнаған Орынбор – тарлан тарихымыздың тағылымды бір парағы. Қаланың қазіргі іргесі 1735 жылы бекініс қамал ретінде қаланып, кейін Ор өзенінің атауына байланысты Орынбор аталды, ал XX ғасырдың басында Алаш қайраткерлерінің шоғырлануымен шаһардың саяси мәртебесі арта түсті. Осы тұста халқымыздың елдік санасы оянып, Орынборда Алаш туы көкке көтерілді. Қалада көптеген ғимараттар салынып, онда ұлтымыздың келешегіне қатысты игі бастамалар қолға алынды. Сондықтан Орынбордың төрінде Алаш тарихын бейнелейтін ғимараттар мен қазақ зиялыларының көзіндей болған жәдігерлер молынан сақталған. Еліміздің бас басылымы «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдығы аясында 2019 жылы Орынборға арнайы экспедиция ұйымдастырғанда бұған анық көз жеткізіп, көп жайтты көкейге түйіп қайтқан едік. Қастерлі қалада ұлт зиялыларының ізі сайрап жатқанына куә болдық, бабалардың рухы қонған тарихи ғимараттар бізді өткен ғасырларға жетелей түсті. Әсіресе іргетасы 1842 жылы қаланып, игі жақсыларды қонақ қылған тарихи Керуен сарай мен Ыбырай Алтынсарин оқып, кейін қазақ балаларына сабақ берген алғашқы мектеп көзге ыстық көрінді. Сапар аясында бүгінгі «Егеменнің», кешегі «Ұшқынның» ұшқан ұясына – қазіргі Ленин көшесіндегі 17-үйге ескерткіш тақта орнатылған еді.

Алашқа астана болған Орынбордағы тарихи ғимараттың бірі – 1917 жылы екі бірдей жалпықазақ съезі өткізілген үш қабатты еңселі үй екені белгілі. Осы ғимаратта Алаш ардақтылары бас қосып, қазақтың азаттығы мен жарқын болашағы үшін мемлекеттік маңызды шешімдер қабылдаған.   

Сол сияқты 1913-1918 жылдары Ахмет Байтұрсынұлы тұрған бүгінгі Чичерин көшесіндегі 75-мекенжайдағы екі қабатты үй де Алаш тарихы үшін маңызды ғимараттың бірі. Екі қабатты, терезе жақтаулары әсем жапсырма ою-өрнектермен әдіптелген, жақсы сақталған еңселі ғимаратта әлі күнге дейін тұр­ғындар тұрып жатыр екен. Дәл осы үйде Ахаң «Қазақ» газетін шығарып, ұлт басы­лы­мын «халықтың көзі, құлағы һәм тіліне» ай­налдырған, қазақ құрылтайларын өткізіп, ұлт­тың ұпайын түгендейтін ұлағатты істер ат­қар­ған, ағартушылық жұмыстармен айналысқан.

Ақаң демекші, осыдан ғасыр бұрын Алаштың рухани көсемінің 50 жас мерейтойы 1923 жылы Орынборда салтанатты түрде аталып өткен еді. Сонда мұраттас үзеңгілес жолдастары мен шәкірттері Ахаңның қазақ халқына сіңірген еңбегі жөнінде баяндамалар жасап, мақалалар жариялады. Солардың бірі Сәкен Сейфулин «Еңбекші қазақ» (бүгінгі «Egemen Qazaqstan») басылымында жарық көрген мақаласында: «Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды», деп жазса, Мұхтар Әуезов: «...Кешегі күндерге дейін бәріміз жетегінде келгенбіз. Қаламынан туған өсиеті, үлгісі әлі есімізден кеткен жоқ» деп тебіреніпті. Байқап, бағамдап бақсақ, бұл – Алаш арыстарының арасындағы асқан ауызбіршіліктің айғағы һәм ел үшін туған есіл ерлердің ерте есейгендігінің бір белгісі сияқты. Мәселен, сол тұста жұртқа жөн сілтеп, бәтуалы басалқы сөз айтып, «ұлт ұстазы» атанған байсалды кейіптегі Ақаң әлі «жастардың қатарында жүрген» біздер құралптас жаста ғана екен... 

Одан бері де ғасырға жуық уақыт өтіпті. Атылған Алаш арыстары ақталып, халқымен қайта қауышты. Дәуір тегершігі айналған сайын Алаш көсемдерінің рухы аласармай, асқақтай берері ақиқат. Осыған орай, алдағы 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Ахмет Байтұрсынұлының Орынбордағы үйін сатып алып, Алаштың мұражайына айналдырса, ұлт ұстазына арналған ұлағатты іс болары анық еді.