09 Қараша, 2013

Қырғауыл өсіру

4130 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

01-Кыргауыл-4Алла тағала құстарды барынша әдемі етіп жаратқан. Олар бірінен-бірі ерекшелене және бірін-бірі толықтыра келе табиғатқа ерекше көрік береді. Олар қараған жанның бойын тәтті сезімге бөлейді. Ерте көктемде және қоңыр күзде аспан әлемінде бірімен-бірі тізбектеле әртүрлі үнге салып, сыңси ұшқан құстарды көргенде адамдардың шалқайып тұрып ұзақ қарайтындығы да содан болса керек.

01-Кыргауыл-4

Алла тағала құстарды барынша әдемі етіп жаратқан. Олар бірінен-бірі ерекшелене және бірін-бірі толықтыра келе табиғатқа ерекше көрік береді. Олар қараған жанның бойын тәтті сезімге бөлейді. Ерте көктемде және қоңыр күзде аспан әлемінде бірімен-бірі тізбектеле әртүрлі үнге салып, сыңси ұшқан құстарды көргенде адамдардың шалқайып тұрып ұзақ қарайтындығы да содан болса керек.

 

Құстардың ішінде ең әдемілері­нің бірі – қырғауыл. Ол оңтүстікте кездесетін құс. Алайда, оны Жер ша­рының басқа да өңірлерінде еденіне құм төселген, аналығы жұмыртқа салу үшін шөп салынған күр­кешесі бар ашық торлы қора­ларда жыл бойы өсіруге болады. Мұндай жағдайдың бәрін үй ма­ңындағы учаскеде жасап алу – сіз­дің қолыңыздан келетіндігі анық.

 

Қырғауыл тұқымының түр­лері. Азия аумағының кең көлемін мекендейтін қарапайым қырғауылдың (Phasianus colchicus) отызға жуық түрлері бар. Оларды бір-бірінен қанаттарының бояулары арқылы ажыратуға болады.

 

Қырғауылдың жалпы дене тұрқы тауыққа ұқсас келеді. Тек бір айырмашылығы тауыққа қарағанда құйрық жүндерінің әлдеқайда ұзын келетіндігі. «Қырғауылы қызыл екен, құйрық жүні ұзын екен» деп бекер айтылмаса керек. Әдетте, қырғауыл қанаттарында алтын, қою-жасыл, қызғылт-сары, күлгін және басқа да түстер кездеседі. Құйрығы сарғылт-қоңыр, жолақты болып келеді

 

Қырғауылды өсіру. Қыр­ғауыл­дарды, әдетте, торлы қоралар­да ұстайды. Ағаш немесе темір тіректерге үш жағынан сым торлар­ды керу арқылы қораларды қолдан жасап алуға болады. Қораның төр­тінші қанаты жағында тақ­тайдан жасалған сарай болады. Қырғауылға арналған қораның төбесін тормен кейде құстарды жауын мен ыстықтан қорғау үшін шатырмен жабады. Оларды жұбымен, үйірімен ұстайды.

 

Қырғауылды күтуді құстар үнемі тоқ әрі тазалықта болатындай етіп ұйымдастыру керек. Тор қораны тазалықта ұстау – құс денсаулығын сақтаудың негізгі шарттарының бірі.

 

Қыс мезгілінде өсіру. Қораны арасына жылу сақтайтын жабын салынған екі қабатты тақтайлардан жасайды, оның терезесі мен желдеткіші болуы керек. Мұндай жылы жабындар шатыр мен төбенің арасына да салынады. Қораға жылытқыш құралдар орнатып, электр жарығын жүргізеді. Қыста күн жылы кезде жылу сүйетін қырғауылдарды тор қораға, күн көзіне шығаруға болады, алайда, сарай есігі үнемі ашық болуы керек, өйткені, қай жерде ыңғайлы болатынын құстардың өздері таңдайды.

 

Азықтандыру. Қырғауыл азы­ғын дәнді және шөпті деп түрлі топтарға бөледі. Дәнді азыққа жү­гері, сұлы, арпа, бұршақ тұқым­дас­тар жатады. Шөпті азыққа көк шөпті (жоңышқа, беде, бұршақ, жас қалақай) жатқызуға болады.

 

Көк шөпті қырғауылдарға жаңадан шабылған жас күйінде, ұнтақтап немесе басқа жеммен араластырып, сулы быламық ретінде беру қажет. Балауса шөпті жеке жем салғышқа салып та беруге болады. Қырғауыл балапандарының әр бірі күніне 5-15 грамм, ересек қыр­ғауылдар – 20-30 грамм балауса шөп тұтынады. Балауса, яғни жаңа ғана шабылған жас шөп каротиннің, түрлі дәрумендердің, көбіне ақуыздың қайнар көзі болып табылады.

 

Сондай-ақ, қырғауыл балапан­дарының өсіп-жетілуі үшін малдан алынатын ұйыған сүт, ірімшік, қаймағы алынған сүт, ацидофильді сүт секілді сүт тағамдары да пайдаланылады. Балықты және балық ұнын алдын ала қайнатып, ұнтақтап беру де жақсы көмектеседі.

 

Қырғауылды көбейту жолдары. Қырғауылдың ұрғашысы жа­сыл теңбілдері бар сарғыш-қоңыр түсті болып келеді. 7-ден 18 жұмыртқаға дейін салады. Жұ­мырт­қасының түрі мен үлкендігі өзгеріп отырады. Жұмыртқасының ұзын­дығы – 42-46 мм, ені – 33-37 мм. Жұмыртқаның орташа сал­мағы – 30-35 грамм. Жұмыртқа ба­суының ұзақтығы 21-27 күнге созылады. Қырғауыл ұясы топыраққа тереңдете төселген собық, бұтақ­шалар, құс қанаттарынан тұрады.

 

Кішігірім шаруашылықтар мен бақша учаскелерінде қырғауыл балапандарын карлик (қортық) тұқымдас тауықтар (бентамка) мен үндіктер арқылы күріктету жолымен көбейткен оңай. Мұның мәнісі, әдетте, құс өсіру жайын жақсы білетін адамдар үйрек жұмыртқаларын аналық тауыққа бастыртып жатады. Өйткені, тауық төсінің қызуы және оны ауық-ауық қозғап қоюы нәтижесінде жұмыртқа ішінде жетіліп, оны жарып шыққан үйрек балапандарын өсіріп-жеткізу үшін тауық – таптырмайтын құс. Осы әдісті қырғауыл тұқымын көбейткен кезде де қолдануға болады. Күріктегіш құс балапандарды қыздырады, қауіп-қатерден сақтайды, ауладан олар үшін жем табады, әр уақытта өз жанынан тастамай, қарайлап, құстарды өсіруді біраз жеңілдетеді. Қырғауыл балапандарын күрік тауық арқылы көбейткен кезде оларды ұяда бастырған орынды болып табылады.

 

Ұяның алдыңғы қабырғасы тұтас ағаштан кейде қырғауыл балапандары емін-еркін кіріп-шығатын, бірақ күрке тауық сыймайтын алынып-салынатын тормен алмастырылатындай ағаш жәшік түрінде жасалады. Қырғауыл балапандарын тауық балапандары секілді тамақтандырады. Инкубаторлық әдіс арқылы қырғауылды дәл тауық балапандары секілді көбейтеді.

 

Қырғауыл өнімдерін өткізу. Оларды құс фабрикаларына, мейрамханалар мен дәмханаларға, базарларға өткізуге болады. Жергілікті басылымдарға жарнама беру арқылы өнімді тікелей сатуға да болады.

 

Қырғауыл өсіру шығындары:

 

Қырғауыл өсіру үшін іс бас­тау­дың тиімді жолы – жұмыртқа сатып алу. Бір қырғауыл жұмыртқасының нарықтағы орташа бағасы – 100 теңге. Егер сіз 100 жұмыртқа сатып алатын болсаңыз, оған 10 000 теңге жұмсайсыз.

 

Он қырғауыл балапанының өсіп-жетілуі үшін, шамамен алғанда, жылына 35 кг құрама жем қажет болады. 100 балапанға 350 кг жем қажет. 1 кг жем 40 теңге деп есептегенде бұған барлығы 14 мың теңге кетеді. Барлық шығын 24 мың теңгені құрайды.

 

Қырғауыл өсіруден түсетін пайда:

 

1 кг қырғауыл еті, орта есеппен, 1000 теңге тұрады. 50 кг қырғауыл етін сатсаңыз 50 мың теңге пайда аласыз.

 

Жұмыртқа сату – 10 дана жұмыртқа сатсаңыз – 900-1000 теңге. Егер жүздеп сататын болсаңыз, едәуір пайдаға кенелесіз.

 

Қырғауылды өсіріп, ересек күйінде сатқан пайдалы. Өйткені, қырғауылдың бір жұбы 7 000-8 000 теңге тұрады. Сонда сіз қырғауыл өсіруден елеулі пайдаға кенелесіз.

 

Әзірлеген

 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

 

«Егемен Қазақстан».

 

 

Пайдалы кеңестерді мына сайттан алуға болады:

 

http://fermer02.ru/ptica/fazan/895-razmnozhenie-fazanov.html

 

http://fermer02.ru/ptica/fazan/803-vyvedenie-ptencov-pod-nasedkojj.html

 

http://www.prodindustry.ru/archive/2006/february/0005.php

 

http://fermer02.ru/ptica/fazan/400-volery-dlja-fazanov.html

 

http://fermer02.ru/ptica/fazan/739-ukhod-za-fazanami.html

 

Соңғы жаңалықтар