Қоғам • 06 Қазан, 2020

Ерекше балаларды бейімдік спорт шыңдайды

2138 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ерекше балалардың мүм­кін­діктерін дамытуда абили­тацияның маңызы зор. Абили­тацияның бір түрі – бейімдік дене шынықтыру және спорт. Бұл бағытта Қазақ­станда «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Ерекше балаларды бейімдік спорт шыңдайды

 

Бейімдік дене шынықтыру мен спорт мүмкіндігі шектеулі бала­лардың жүйелі жаттығуына, шы­нығуына жағдай жасап, өздігі­нен әрекет етуге бастайды. Мұндай балалардың тәуелсіз болуына, өзін өзі бағалау және комму­никативті дағдыларын арттыруға септігін тигізетін іс-шараларды ілгерілету үшін өңірлерде «Саламатты бола­шақ» әлеуметтік жобасы қолға алын­ған. Игі бастамаға «Sam­ruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жоба­лар­ды дамыту қорының қолдауы­мен «Тең мүмкіндіктер әлемі» қо­ғам­дық қоры мұрындық болып отыр.

Кез келген спорт түрін мүмкін­дігі шектеулі жандарға бейімдеуге болады. Мысалы, аталған жоба аясында бейімдік каратэ, бейімдік жүзу, бейімдік таэквондо, бочча, голбол, инклюзивті хореография бойынша Нұр-Сұлтан қаласында спорт үйірмелері ашылып, оған 160 бала қатысады. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балалармен қатар сау балалар да бар. Сондықтан бұл тәсіл инклюзивті деп аталады.

«Тең мүмкіндіктер әлемінің» директоры Нұргүл Ұлжекова бе­йімдік спорт, ең алдымен, ден­сау­лығының мүмкіндігі шек­теулі немесе психикалық ауытқу­шылығы бар спортшының шама-шарқынша максималды мүм­кін­діктерге жетуге тырысатын және өзінің спорт­тық техникасын жетілдіретін б­әсекелі әрекеті екенін атап өтті. Оның айтуынша, 2019-2020 жылдары жоба шеңберінде атқарылған жұмыс жаттығулардың тиімді болғанын көрсетті. Атап айтқанда, жас спортшылардың 97%-ның коор­динациялық қабілеттері жақ­сарды, 95%-ы төзімділік, 75%-ы икем­ділік көрсеткіштерін жақ­сарт­т­ы. Балалардың 65%-ның күші артып, 54%-ның ептілігі да­мы­­ды. Жобаның көптеген қатысу­шысы халықаралық жарыс­тарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жатыр.

Ата-аналар да өз балаларының әлеуметтік дағдылары жақсар­ға­нын байқады. Балалар көпшіл және тәуелсіз бола бастады. Сон­дай-ақ балалардың зейіні ашылып, тәртібі жақсарып, есте сақтау, тіпті сөйлеу қабілеттері артты.

«Менің ұлыма ақыл-ойдың артта қалу диагнозы қойылған. Біз екі жыл бойы адаптивті таэквондо мен бочча секцияларына қатысамыз. Нәтижесі керемет. Бұл оның спорттық дамуына ғана емес, жалпы жағдайына да қатысты. Ол белсенді, мұқият болды. Жақында балам 15 минут ішінде құрлықтар мен мұхиттарды жаттап айтып, бәрімізді таңғалдырды. Мұның біз үшін үлкен жетістік екенін сенімді түрде айта аламын», дейді 14 жасар Нариманның анасы Анар.

Талай жанға жігер берген жо­баның аясы да кеңейіп жатыр. Биыл қыркүйектен бастап «Сала­матты болашақ» еліміздің барлық аймағына тарала бастады. Бүгінде бұл бағытта Қарағанды облысында, Павлодар мен Шымкентте бе­йімдік, инклюзивті спорт үйір­мелері ашылды.

Мұндай үйірмелердің ашылуына көбіне ерекше балалардың ата-аналары бастамашы болып жатады. БАҚ және әлеуметтік же­лілер арқылы жобаның сәтті жү­зеге асып жатқанын бақылап отыр­ған отбасылар бейімдік спорт түрлері бойынша бөлімдер ашуды өтініп, жергілікті атқарушы органдардан көмек сұрап, хат жазады. Мысалы, Павлодардағы секциялар аутизммен ауыратын балалардың ата-аналары бастамасымен және «Шекарасыз әлем» ҮЕҰ-ның сұрауы бойынша ашылды. Бүгінде Павлодарда ашылған адаптивті жүзу, инклюзивті хореография, адаптивті футбол және бочча секцияларына 50 бала қатысады.

Сондай-ақ секциялардың ашылуын тренерлер де құптап отырады. Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында орналасқан С.Сейфуллин атындағы орта мек­­тептің бочча секциясына мүм­­кіндігі шектеулі 10 оқушы қаты­­сады. Бочча секциясы­ның жат­­тық­­тыру­шысы – осы мектеп­тің дене шынық­тыру мұғалімі Қасым Асы­л­ан. Ол бейімдік дене шы­нық­­тыру бойынша Халық­ара­лық ғы­лыми-практикалық конф­ерен­ция­ға қатысқаннан кейін осы спорт түріне қызығушылық та­ныт­­ты. Бұған қоса Қарағандыда инклю­зивті хореография, бейімдік жүзу, бочча және бейімдік таэквондо секциялары жұмысын бастады.

Сондай-ақ Шымкентте 20 баланы қамтитын адаптивті дзюдо, бочча секциялары ашылды, жақында адаптивті жүзу мен адаптивті футбол секциялары да жұмысын бастамақ. Бұл ретте Алматыда құрылатын бочча секциясын да атап өткен жөн.

Аталған бастама бойынша ал­дағы уақытта ауқымды жұмыс­тар жоспарланып отыр. Баста­ма­шы­лар жоба аясында спорт­шылар­дың санын 560-қа дейін жеткізуді, бейімдік дене шынық­тыру бо­йын­ша кем дегенде 40 маман­ның біліктілігін арттыруды және бе­йім­дік спорт түрлерін әрбір ерек­ше балаға мүмкіндігінше қолжетімді етуді көздейді.