Елордадағы Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайында «Біз – Махамбет ұрпағымыз» атты қалалық байқауда топ жарған жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өтті. Бұл байқау оқушылар сарайына батыр, ақын бабамыздың аты берілгеніне 10 жыл толуы құрметіне орайластырылыпты.
Елордадағы Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайында «Біз – Махамбет ұрпағымыз» атты қалалық байқауда топ жарған жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өтті. Бұл байқау оқушылар сарайына батыр, ақын бабамыздың аты берілгеніне 10 жыл толуы құрметіне орайластырылыпты.
Үш номинация бойынша өткізілген байқаудың «Бабадан қалған ұрпақпыз» сынында 37 оқушы ақын өмірінен прозалық жанрда шығарма, эссе жазып, өз бақтарын сынады. Нәтижесінде бірінші орынды №40 орта мектеп оқушысы Бағнұр Мейрамбеков иеленді. Екінші жүлдені №6 мектеп гимназия оқушысы Айым Меңдібаева мен №38 мектеп лицейінің оқушысы Елдар Бітібаев өзара бөліссе, үшінші сыйлыққа №20 орта мектебінің оқушысы Марал Нұрахметова мен №1 мектеп лицейінің оқушысы Карина Смағұлова лайық деп танылды.
«Бабадан қалған нақыл сөз» номинациясында 75 талапкер ақын өлеңдерін жатқа айтып сынға түссе, олардың ішінде №48 мектеп гимназиясының оқушысы Рауан Әбдуалидың бағы жанып, бас жүлдені иеленді. Бірінші орын №67 мектеп лицейінің оқушысы Нұрбол Көкеновке бұйырды. Ал екінші орынды №21 орта мектеп оқушысы Зарина Ахметова мен №40 орта мектеп оқушысы Нұрмұхаммед Жәрдембек еншілесе, үшінші жүлделерді№56 мектеп лицейінің оқушысы Тоғжан Оразаева мен №4 мектеп гимназиясының оқушысы Зүлфайдар Мұхаммед иеленді.
«Батырға арнау» шарты да талапкерлердің талпынысын күшейткендей. Мұнда 35 үміткер – жас ақындар поэзиялық жанрда Махамбет батырға арнаған жүрекжарды өлеңдерін ұсынды. Бұл сында №69 мектеп гимназия оқушысы Таңнұр Алболсын бірінші орын иегері атанса, екінші орынды №40 мектеп оқушысы Елдос Әнікей иеленді. Үшінші орынға тағайындалған жүлдені №4 мектеп гимназия оқушысы Іңкәр Қажыбек пен №65 мектеп гимназия оқушысы Санжар Таменов олжалады. Сонымен қатар, байқауға қатысқан бірқатар өрендер арнайы дипломдармен марапатталды.
Байқау жеңімпаздарының үздік шығармалары «Батыр бабам Махамбет» атты жинақта жарияланбақ.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».