Соңғы жылдары адамдардың бір-біріне деген қамқорлығы көбейіп келеді. Қысылтаяң күн туғанда қол- ұшын созу, жанындағы адамдарға шын ықыласымен жанашырлық жасау көбейді. Осының өзі-ақ қоғамды ізгілендіріп, жас толқынды бір-біріне барынша бауырмал болуға тәрбиелейді. Облыс орталығындағы Жанайдар Мусин атындағы жоғары қазақ колледжінің білім алушылары өздерінің бойындағы тамаша тәлімімен тәнті етуде.
«Рахат» волонтерлер клубының бар мүшесі осы колледждің білім алушылары. Аталған клубқа 15-ке жуық еріктілер тіркелген екен. Олар жаман тұмау жан алқымнан алып, індет үдеп тұрған кезде әртүрлі аукциондар ұйымдастырып, азын-аулақ қаражат жинап, әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдарға көмек қолын созыпты. Колледж білім алушыларының қаржысы қаншалықты көп дейсіз. Бірақ, ең бастысы олар рухани жағынан бай. Ең бастысы да сол емес пе?
– Халқымыздың бойында осындай қасиеттің молдығы жан сарайыңды нұрландыра түседі, – дейді колледж директоры Нұртас Ахат, – бұл ең алдымен жаратылыстың, содан соң отбасындағы тәлімді, адамгершілікке негізделген тәрбиенің жемісі. Біз сол бар дүниені жетілдіріп, кемелдендіре түсудеміз. Колледжде арлы адамгершілікке, биік парасатқа тәрбиелейтін әлденеше үйірмелер жұмыс істейді. Болашақ мұғалімдердің бойында біліммен бірге кісіліктің, кішіліктің дәні бүр жарғаны қандай жақсы!
Волонтер жастар қарға адым жер мұң болған қариялардың баспаналарын жуып-тазалап, сырлап-сылап беріпті. Қолдарынан келгендері осы. Жанашыр жастардың бірі – он сегіздегі Айза Мыңжасарова. Ол таяуда «Жылу сыйлаймыз» атты акцияға қатысып, қайтарымсыз грант ұтып алған. Сол ақшаға жалғызбасты қарияның үйін жөндеуде.
– Алдымен семинарға қатыстық. 68 грант ұсынылды. Мен ойланып-толғана келе, «Жылу сыйлаймыз» жобасын дайындап, байқауға қатыстым. Облыстық жастар ресурстық орталығына хабарласып, жалғызбасты қарияны тауып алып, жағдайын мұқият зерделедік. Баспанасы да қарияның өзі тәрізді қаусап тұр екен. Аяп кеттік. Тіпті, үйінде терезе де жоқ, – дейді Айза.
Грант қаржысы екі траншпен бөлінген. Алғашқы 150 мың теңгесіне құрбысымен бірге жалғызбасты қарияның үйін жөндеуге қолғабысын тигізген. Су жылытқыш орнатып беріпті. Екінші транш бойынша түскен ақшаға терезе салдырып береміз деп құлшынып отыр.
Қаптаған қара өртке қанатымен су сепкен қарлығаштай ел ішіндегі қамқорлыққа зәру қарияларға қол- ұшын беріп, қолтығынан демеген қайырымды жастардың қарекетін көргенде ел іргесінің беки түсетіндігіне деген сенім нығая береді екен.
КӨКШЕТАУ