ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің Батыс аймағы бойынша ауданаралық басқармасы ұсынған материал негізінде аудандық мәслихат аппаратының басшысына тәртіптік іс қозғалып, оның әрекетіне қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізілген.
Оның барысында, аппаратқа жетекшілік ететін азаматтың «Қызылорда газ» ЖШС директорына өз туыстары сатқан жер учаскесінің құжаттарын ресімдеп беруге уәде бергендігі және қолхат жазғандығы анықталған.
Осылайша аппарат басшысының лауазымдық өкілеттіліктерін жақын туыстарының материалдық мүдделерін қанағаттандыруға пайдаланып, өз іс-әрекетімен «ҚР мемлекеттік қызметі» туралы Заңының 50-бабының 1-тармағы 2-тармақшасында көзделген талаптарын бұзғандығы анықталды.
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері тәртіптік істің материалдарын жан-жақты қарап, мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтарға жол бергені үшін көпшілік дауыспен Қазалы аудандық мәслихаты аппаратының басшысына «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» тәртіптік жазасын қолдану туралы шешім қабылдады.