Аймақтар • 06 Қазан, 2020

Шардара су электр станциясында жаңғырту жұмыстары аяқталды

874 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шардара су электр станциясындағы  төрт гидроагрегат толық  ауыстырылды. Жаңа гидроагрегаттар су электр станциясында электр өндіруді жылына 480-нен 537 млн кВт/сағатқа дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Осылайша «Самұрық-Энерго» АҚ Шардара СЭС-ін толық жаңғырту бағдарламасын, яғни жалпы құны 38 млрд теңгелік жобаны аяқтады. 

Шардара су электр станциясында жаңғырту жұмыстары аяқталды

«Самұрық-Энерго» АҚ Үкіметпен байланыс және коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, құрылысты австриялық-германиялық «Andritz Hidro GmbX» компаниясы жүргізген. Ауқымды қайта құру жұмыстарының нәтижесінде  СЭС-тің қуаттылығы 100 МВт-тан 126 МВт-қа артты. Қазақстандық электр энергетикалық холдинг мамандары бұл жоба қуат тапшылығын сезініп отырған Түркістан облысын электр энергиясымен қамтамасыз етуде және өңірдегі су ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыруда үлкен маңызға ие екенін айтуда. Сондай-ақ жүргізілген жаңғырту жұмыстары су станциясының қызмет ету мерзімін 35-40 жылға дейін ұзартады, апат деңгейін төмендетеді.

Айта кетелік, Шардара СЭС-і 1967 жылы пайдалануға берілген, белгіленген қуаттылығы — 100 МВт. Норматив бойынша қызмет ету мерзімі 25 жыл болса, станция 50 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді, яғни оның технологиялық жабдығы 100% тозған. Су станциясында орнатылған электр жабдығының бір бөлігін оны жасаған зауыттар қазір шығармайды және өндірістен алып тастаған. Демек, қайта жаңарту жұмыстары техникалық қажеттіліктен туындап, станцияның заманауи технологиямен жұмыс істеуіне жасалған мүмкіндік.

 

 

Түркістан облысы