Жамбыл облысындағы "Радонеж" орыс қауымдастығының ұйымдастыруымен ақынның мерейтойы аталып өтті. Тараздың төрінде өткен поэзия кешіне мектеп оқушылары, колледж студенттері мен мұғалімдері, этникалық бірлестіктердің өкілдері мен жалпы өлеңсүйер қауым қатысты. Ақын ескерткішінің алдына жиналған қауым өлең оқып, өнер көрсетті. "Радонеж" орыс қауымдастығының төрағасы, "Калинка" вокалдық ансамблінің көркемдік жетекшісі Владимир Сорокиннің жетекшілігімен Есениннің сөзіне жазылған әндер орындалды.
"Есениннің өлеңдерінде оның Отанға деген сүйіспеншілігі бейнеленген. Оның мейірімділік пен сүйіспеншілікке толы өлеңдері әрбір жүрекке жақын. Ақынның шығармалары бүгінде әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Міне, бүгінгі Есенин оқулары да қаламыздағы поэзияға құштар жандарды жинай білді", деді Владимир Сорокин.
Тараз қаласында Есенин оқулары он жылдан астам уақыт дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Жыл сайын мектеп оқушылары ақын атындағы әдеби оқуларға белсене қатысады. Бұл жолғы поэзия кешінде өлең оқылып, ақын ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.
Жамбыл облысы