Әлем • 06 Қазан, 2020

Қырғызстан президенті мәлімдеме жасады

1244 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қырғызстан Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков елдегі саяси жағдайға қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Egemen.kz Мемлекет басшысы аппаратының ақпараттық саясат бөліміне сілтеме жасап хабарлайды.

Қырғызстан президенті мәлімдеме жасады

"Қымбатты отандастар! Кеше түнде кейбір саяси күштер мемлекеттік билікті заңсыз басып алуға тырысты. Сайлау нәтижелерін себеп ретінде қолдана отырып, олар қоғамдық тәртіп пен азаматтардың бейбіт өмірін бұзды. Олар тәртіп сақшыларына бағынбай дәрігерлерді ұрып, ғимараттарға зақым келтірді. Мен күш органдарына бірде-бір азаматтың өміріне қауіп төндірмес үшін от жаудырмауды және қан төгілмеуін бұйырдым.

Әзірге біз жағдайдың ушығуына жол бермеу үшін барлық мүмкін шараларды қабылдадық. Мемлекеттегі тыныштық, қоғамның тұрақтылығы кез келген депутаттық мандатқа қарағанда құнды. Мен Орталық сайлау комиссиясына бұзушылықтарды мұқият зерттеп, қажет болған жағдайда сайлау нәтижелерін жоюды ұсындым. Мен саяси партиялардың жетекшілерін өз жақтастарын сендіруге және оларды жиналған жерлерден алып кетуге шақырамын.

Барлық отандастарымды бейбітшілікті сақтауға және арандатушылық күштердің үндеуіне берілмеуге шақырамын. Біздің еліміздің тыныштығы мен қоғамымыздың қауіпсіздігі — ең маңызды нәрсе. Мен барлық күш-жігерімді ел тағдырын саяси амбициялардан жоғары қойып, құқықтық өріске оралуға шақырамын", делінген Сооронбай Жээнбековтің мәлімдемесінде.