Филиппин президенті Бенигно Акино ел аумағында орын алған «Хайянь» тайфуны салдарынан қаза болған адам санын алдын ала болжаудың өзі қиын екенін айтады. Бұл туралы РИА «Новости» хабарлады.
Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, алапат тайфунның салдарынан елде 10 мыңнан аса адам қаза болған. Бір ғана Самар аралында 300-ге жуық адам қаза тауып, 2 мыңнан астамы із-түссіз жоғалған.
«Қолымыздағы деректер толық болмағандықтан, қандай да бір есеп беру әзірге өте қиын», – деді Филиппин президенті Манила қаласында өткен табиғи апаттың салдарын жою жөніндегі жиналыстан кейін.
«Хайянь» тайфуны Филиппиннің орталық бөлігімен шығыстан батысқа қарай жалғасып, шамамен 600 шақырым жерді жайпап өтті.
Айдар Өрісбаев.