
Бұрнағы күні, 8 қарашада Алматы метрополитеніндегі «Сайран» және «Мәскеу» стансалары арасындағы жер асты жолдары түйісуінің басты қадамы жасалды. Бұл туралы «Вечерний Алматы» газеті хабарлады.
Екі жаңа стансаның бір-бірімен түйісулері бағытындағы бірінші қадам Абай даңғылы мен Брусиловский және Тілендиев көшелерінің қиылысар тұсындағы 11 метрлік тереңдікте жасалды. Осыған арналған салтанатты сәтте мамандар оң жақ тоннель жолын №122 вентиляциялық кешенге жалғады.
«Біздің бәріміз үшін маңызды болып отырған бұл оқиғамен метрополитен қызметкерлерін ғана емес, барша алматылық тұрғындарды құттықтаймын, - деді қала әкімінің орынбасары Болат Сауранбаев. – Бүгін біз оң жақ каналмен жүріп өттік, «Мәскеу» стансасына дейін 170 метр қашықтық қана қалды. Ал сол каналмен тағы 750 метр ілгері жылжуымызға тура келеді. Жылдың соңына дейін «Сайран» және «Мәскеу» стансалары арасын қосамыз деп отырмыз».
Мұрат Айтқожа.