Сұхбат • 07 Қазан, 2020

Дәурен Серғазин: Кинодағы рөлімді тапқым келеді...

960 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Көпшілік көрермен Дәурен Серғазинді театрдағы рөлдерінен бөлек, «Алдар көсе» фильміндегі Алдар көсе бейнесі арқылы жақсы таниды. Одан басқа кассалық «Брат или брак» комедиясындағы Айдар образы да актерді жаңа қырынан танытты. Бірақ, соның ішінде әсіресе әртіс сомдаған Шәмші бейнесінің актер шығармашылығынан алар орны айрықша. Бір басына бірнеше өнерді түйістіріп, соның барлығын сахна мен экранда терең ыждаһатпен сәтті алып келе жатқан актер, режиссер, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Серғазинмен өрбіген әңгімеміз театр мен кино әлемінің қыр-сырына үңілуге арналды.

Дәурен Серғазин: Кинодағы рөлімді тапқым келеді...

– Елде белең алған індет өнердің аяқалысын біраз тежеді. Ол рас. Әйтсе де шығармашылық иелері үйде жатып та ізденістерін тоқтатпады деп сенеміз. Өзіңіз қалайсыз, карантинде қарайып қалған жоқсыз ба?

– Шүкір, театрдағы жұмыс жай-жайлап басталып жатыр. Карантин алдында премьерасы өткен ұстазымыз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Нұрқанат Жақыпбай қойған У.Шекспирдің «Ханзада» («Гамлет») трагедиясын сахнада бір-ақ рет ойнап үлгерген болатынбыз. Одан кейін театрлар карантинге жабылып қалды да, сол рөлдің буырқанысы бұлқынып іште қалып қойды. Қазір Гамлеттің ізденісінде жүрмін. Бұған дейін байқап-бақпаған ерекшеліктерді екшеп, кейіпкерімнің табиғатын байытсам деймін. Өйткені Гамлет – күрделі рөл. Соның өз сарап­тауымдағы бояуын қалыңдатқым, өзіндік ерекшелігін тапқым келеді. Жалпы, әртіс деген оптимист халық қой, бірнеше айға созылған карантин, ұзақ уақыт үйде тапжылмай отырып қалу актер адамға ең әуелі өзінің ішіне үңіліп, шы­ғармашылық ізденістері туралы, бұған дейін ойнаған немесе келешекте ойнайтын рөлдері турасында ойлануға, жасаған жұмыстарының артық-кемін саралап, алдына жаңа мақсат пен тың талаптар қоюға тамаша мүмкіндік жасады деп ойлаймын. Оқуға уақыт мұрша бермей жүрген көп кітапты қайта парақтап, алдағы атқарар шығармашылық жоспарларымызды да біраз жүйелеп алған жайымыз бар. Одан кейін, әрине Жастар театры сахнасында жаңа қойылым қойсам деген де ойым бар. Нақты қандай спектакль екенін айта алмаймын, қазір драматургиямен жұмыс істеп, сахналауға бо­латын жақсы қойылым іздестіру үс­тіндемін. Өйткені 2-3 жылдай болды, режис­серлік бағыттағы ізденістерім біраз тоқ­тап қалды. Соны қайта жандандырып, ауқым­ды бір спектакльді өмірге әкелгім келеді.

– Биыл 90 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатқан қазақ вальсінің падишахы Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығын қам­титын «Ән-аға» деректі-көркем сериа­лында бас­ты рөлді сомдадыңыз. Әдет­те, көркем фильмге қарағанда, дерект­і фильмде ойнаудың жүгі де, жауап­кершілігі де ауыр деп жатады. Сізге қалай? «Шәмші» шаршатпады ма?

– Бұл жобаға келуім қызық болды. «Шәмшіге» дейін екі жылдай киноға түспей, шығармашылығымда аздап үзіліс болып қалып еді. Кино алаңын, түсірілімді сағынып тұрдым. Шәмші ағамыздың көзін көрген, жақын араласқан адамдар арамызда жүр, сондықтан рөлдің жауапкершілігі де үлкен екенін таңдалған күннен-ақ сездім. Бірақ, менің табиғатыма сіңген бір мінез – ол ағысқа қарсы жүзу. «Мүмкін емес» деген дүниеден мүмкін нәр­се жасағым келеді. «Болмайды» деген нәрсе, керісінше, мені шабыттандырады, қайрайды, қанаттандырады. Сондықтан режиссерден ұсыныс түскенде көп ойланбадым: «Неге жасап көрмеске?» деп өз-өзіме сұрақ қойдым да, «тәуекел!» деп кірісіп кеттім. Өзіңді сынамасаң, аяп, аялап, өбектей бергеннен, өзіңе де, шығармашылығыңа да келер пайда жоқ. Жалпы, мен шығармашылық ізденісте өзімді азаптағанды, қинап жұмыс істегенді жақсы көремін. Жанымның «мозахисімін» (күлді).

– Өзіңіз айтпақшы, «Ән ағаның» жауапкершілігі үлкен болыпты. Рөлге қалай іздендіңіз?

– Шәмші ағамызға арнап фильм түсірілгелі жатқанын маған түсірілім бас­талардан үш ай бұрын ғана айтты. Оның өзінде нақты «өттің» деген жоқ, тек режиссер (Ж.Пошанов. – авт.): «Мұртыңды алмай тұра тұршы» деп қана ескертті. Бірақ, сол бір ауыз сөз мені ән әлеміне, сазгердің сыршыл әлеміне жетелей берді. Шынымды айтайын, түсірілім басталғанға дейін мен рөлімді қалай ойнайтынымды да білген жоқпын. Қартайған кездегі бейнежазбаларын көріп, кітаптарды парақтап ізденгендей болдым. Бірақ, нәтиже аздау, көңілім қанағаттана қоймады. Сынақтық түсірілімге келгенде де, қалай ойнарымды білмедім. Режиссер де: «Былай ойна, бейнені осылай ашсақ дұрыс болады» дегендей жобалап болсын бағыт-бағдар сілтейтін ойларын айта қоймады. Ешкім үндеген жоқ. Содан өз білгенімше, өз ойымдағы, көңілімдегі Шәмші атамыздың бейнесін көрсетуге тырыстым. Кітаптағы замандастары айтқан естеліктерді сараптай отырып, композитордың жиынтық мінезін түздім. «Өмір бойы бала болып өткен», «әзіл-қалжыңға жақын» деген сынды мінездерін ашуға талпындым. Ішімдікке жақын болған деген де деректер айтылады. Бірақ, оны уралап алға ұстаған жоқпын. Оның үстіне, сценарий маған бірден ұнады. Сериалдың сценарийі фильмдегідей айқыш-ұйқыш динамикалы емес, монотонды, біркелкі, бірырғақты жазылады. Бірақ, онда ішкі жан дүние қатпарлары асығыссыз, ай­шық­тала көрсетіледі. Сол иірімді мен осы сценарийден көрдім. Жан жүрекке тие­тін, көңілді қозғайтын тұстар болды. Сондықтан да фильмде барынша шы­найы, сезіммен ойнауға тырыстым. Сырт­қы келбет емес, ең бірінші ішкі жан дүние­сін ешқандай пафоссыз, әсірелеусіз, барын­ша шынайы алып шығуға талпындым.

– Естуімізше, шабыт келгенде өзі­ңіз­дің де ән шығаратын өнеріңіз бар көрінеді. Шәмшідей сыршыл ком­пози­тордың табиғатын ашуда бұл та­­лан­тыңыздың көп көмегі тиген болар...

– Иә, жүректі селт еткізер сөз табыл­ғанда, ән шығаратын қабілетім бала кезден бар болатын. Соны үлкен сахнаға арнап Қ.Жүнісовтің «Алғашқы махаббат» комедиясын сахналау барысында қолға ала бастадым. Бір нәрседен, оқиғадан жақсы әсер алсам, бірден гитараны іздеймін. Сөйтіп, толқынысымды ән арқылы шығарамын. Кейбір әндер екі-үш күнде шықса, кейбірі жарты сағатта туады. Ол енді көңіл-күйге байланысты. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильміне бардық. Фильм жүрекке жетті. Ертеңінде көлікте кетіп бара жатып та осы әсерден арыла алмадым. Жұмысқа келе сала, қолыма гитараны алдым. Жарты сағатта бір ән туды сөйтіп. Кейде осылай шығармашылық шабытым әнге де көшіп кетеді. Әндерім онша көп емес, әзірге өзімнен басқа ешкім айтып жүрген жоқ (күліп алды). Өткен жылы Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді..» әңгімесінің желісінде музыкалық моноспектакль қойған едім. Сол жерде он шақты әнім орындалады. Жалпы, ән шығарған өзіме ұнайды. Ал адамның жаны рахат табатын дүниемен айналысқанынан артық қандай бақыт бар?! Шәмшіні ойнағанда да ән туатын жерлерде жаным рахаттанып, сазгердің көңіл күйін барынша шынайы жеткізуге тырысып бақтым. Енді, әрине, соңымыздан Шәмші сияқты жүректі тербетер ғаламат әндер қалдырамыз ба, жоқ па – ол жағы белгісіз.

– Ең бірінші ән туа ма әлде сөзге қарап әуен келе ме?

– Мен поэзияны көп оқимын. Со­лардың ішінен «әнге келеді-ау» деген өлеңдерді жинап қоямын да, орайы келіп тұрған сөздерді әндеріме пайдаланамын. Бірақ, әнге сөз табу өте қиын. Өзіңде ондай талант болмағаннан кейін, іздейсің, ізденесің. Көңіл түкпіріндегі сөз дөп табылғанда, әніңнің табиғатын толыққанды ашатын поэзия кезіксе – сол күні менен бақытты адам жоқ! Өнер академиясында бірге оқыған Хамза Көксебек деген досым бар. Кейде сол екеуміз бірлесе отырып жазамыз. Ән сөзіне арнайы тапсырыс беріп жазғызған жалғыз автор әзірге сол курстасым ғана.

– Шәмші рөлі актер ретінде сізге не берді?

– Әр кино маған тәжірибе, жаңа бір белес. Кино әлемінде басқа қырым­нан көрінгім келді. Шәмші маған сол мүм­кіндікті берді деп ойлаймын. Көпшілік мені Алдар көсе деп таниды ғой. Сол амплуадан шыққым келді. Ертең мені көргенде көрермен: «Алдар көсе!» деп емес, «Шәмші келе жатыр!» деп қуа­натын болса, өнер адамы үшін бұл да үлкен жетістік. Ел мені бір-ақ бейнемен танығанын қаламаймын. Әр жасаған жұмысым ел есінде қалып жатса – өнер­дегі мақсатымның орындалғаны.

– Кезінде кино мамандары тарапынан үлкен пікірталасқа арқау болған «Брат или брак» комедиясы ше? Жал­пы фильм көп сыналса да, актер ретінде Сізге үлкен танымалдылық әкелген сияқты...

– Жалпы, мен осы күнге дейін түскен фильмдердің барлығына кастинг арқылы таңдалдым. Бірақ бұл комедияда режиссерде де, продюсерде де «осы актер алып шығады-ау» деген сенім басым болды ма, 5-6 үміткердің арасынан талассыз таңдалдым. Әрине, «Брат или брак» сыншылар тарапынан сынға көп ілікті. Керісінше, қалың көрерменнің көңілінен шыққан секілді. Комедия табиғатына сай жазылған сценарий, оның үстіне кассалық дүние болғандықтан бұл фильмнің жеңіл, ойнақы болуы заңды да еді. Әлбетте, сыншылар тарапынан айтылған ескертулерді оң қабылдадық. Бірақ фильм алдына қойған өз мақсатын толық орындады деп ойлаймын. Өзгені айтпағанда, «Брат или брак» жеке өз басыма шығармашылық үлкен тәжірибе болды. Өйткені бұл менің толыққанды комедия жанрында өзімді басты рөлде сынап көрген алғашқы образым. Әрине, ертеректе «Алдар көсе» фильмінде ойнадым ғой. Бірақ оның табиғаты комедияға қарағанда, аңыз, әпсанаға көбірек жақындау еді. Мақсаты да басқа. Сондықтан да аталған комедияға ұсыныс түскен кезде, сценарийін ұнатып, әмбе өзімді экранда жаңа жанрда сынап көргім келіп, бірден келісімімді бердім. Шешіміме өкінбеймін. Актер үшін қай жанр да бірдей. Ешқандай өнер түрін жоққа шығарғым келмейді. Бәрінің бірдей өмір сүруге хақысы бар.

– Бүгінгі көрерменнің деңгейін қалай бағалайсыз? Яғни басқаша айт­қанда, көрермен өнерге тартылу керек пе, әлде өнердің көрерменге иілгені ләзім бе?

– Меніңше, біз көрерменді өнерге тартатындай жағдайда емеспіз. Ресей, иә, ол жағынан бізден әлдеқайда көшілгері. Ол жақтағы қарапайым көрерменнің театрды қабылдау мәдениеті де басқа. Ал біздегі жағдай қандай? Өмірі театр көрмеген көрермен бар арамызда. Иә, сөзіңіз орынды. Өнер көрерменді тәрбиелеу керек. Бірақ, ол мәдениетке жеткенге дейін де үздіксіз жұмыс талап еті­леді. Менің ойым­ша, театр алтын ара­лықты ұстап, барлық көрерменге бірдей қызмет етуі қажет. Себебі әр көрермен – біздің нанымыз, тұ­ты­нушымыз. Сондықтан ол екеуі бірге жү­ретін нәрсе. Біз көрерменді биік өнер­ге тартпастан бұрын, әуелі оларды дайындауымыз керек. Ол үшін ара-тұра көрермен деңгейіне түсіп, сахна мәдениеті арқылы өзімізбен бірге алға ілестіріп әкетуіміз қажет. Сол себептен де мен режиссерлер мен актерлерді өнер мен халық арасындағы дәнекерші көпір болу керек деп есептеймін. Жай ғана сырттай бақылап қараңызшы, «Шаншар» мен «Алдараспанға» немесе КВН-ге көрермен көп барады. Әзілдеріне ішектері қатқанша күледі. Міне, осыдан-ақ ойлану керек. Демек, көрермен біздің ұсынған абсурдымыз бен әпсанамызды, философиямызды әлі түсінетін деңгейде емес. Сондықтан әуелі біз сол өнерге көтерілетін көрерменді алдын ала да
йындап, театрға қызықтыра отырып, биік өнердің не екенін түсіндіруіміз керек. Жай-жайлап бойға сіңіргеніміз ләзім. «Бірден!» деген дүние болмайды. Әзірге мен осы жағындамын. Қазіргі өнердің міндеті таңғалдыру да, тәрбиелеу де емес, қазіргі өнердің миссиясы – сендіру.

– Бүгінгі заманауи театр өнерінің аяқалысын қалай бағалайсыз? Қазақ театр өнерінде жүрген актерлер заманауи театр өнері қойып жатқан талап­тарға сай ма?

– Заманауи театр өнері дегенде, жалпы мұны екі жақтан қарастыруға болады. Әуелі шығармашылық, одан кейін техникалық жағынан. Сұрағыңызға нақты келсем, мен заманауи театр деп нені айтар едім? Ол – режиссерлік тапқырлық, актерлік ізденіс жағынан шарықтау шыңға жеткен өнер. Адамды дел-сал жағдайға түсіріп, жан дүниесін әлемтапырық күйге әкелетін қойылым – міне, осы мен үшін заманауи театр өнерінің жетістігі. Өкінішке қарай, бұл жағынан біздің театр өнері өте баяу, әлсіз дамып жатыр. Асықпай, ақырындап келе жатырмыз. Өйткені бізде талпыныс болғанымен, жақсы кадрлар өте аз. Талантты актерлер көп, бірақ тапқыр, жаңашыл ойлы режиссерлер, көркем ойлы сахна суретшілері тапшы. Осы жағынан дендеп жұмыс істеуіміз керек.

– Актерліктен бөлек, елордалық Жас­тар театрында бірнеше қойы­лым­ды сахнаға сәтті шығарған режиссер ретінде өзіңізді, жұмыстарыңызды жақ­­сы білеміз. Алдағы уақытта кино­ре­жиссурада бағыңызды байқап көр­гіңіз келмей ме?

– Неге келмесін? Әрине, кино – ме­нің ең қызығатын салам. Қазір де киносценарий жазу үстіндемін. Бірақ, оның қалай шығатыны белгісіз. Әйтсе де, өзімді өнердің қай саласында да дәлелдеп көргім келеді. Себебі бүгінгі өнер актерден әмбебаптықты талап етеді. Актер адам бір жақты шектелуге болмайды деп есептеймін. Уақыттың ағысын аңдамасаң, жұтылып кетесің. Сондықтан алдағы уақытта шабыт пен мүмкіндік болса, неге сынап көрмеске?! Жалпы, актерлік өнерді таңдаған талапкерлердің көпшілігі бұл салаға «киноға түссем, өзін кино арқылы танытсам» деп келеді. Сол секілді менің де киноға деген қызығушылығым ерекше. Театрды кейінірек, оқуға түскеннен кейін, сахна сырына қаныға келе жақсы көріп кеттік қой. Бірақ, ең алғаш өнерге деген махаббатымды оятқан кино болатын. Ал түптің түбінде бағындыру үшін де ол арманыма қайтып оралаты­ным хақ. Театрда бұл арманымды толыққанды бағындырмасам да, жаныммен үндесер жақсы рөлдерді ойнап, көрермен тарапынан да, сыншылар тарапынан да өз деңгейінде бағамды алып жүрмін. Ұстазымыз Нұрқанат Жақыпбай сахналаған Н.Гогольдің «Ревизор» қойы­лымындағы Хлестаков рөлі, мәселен, бүгінде менің театрдағы бойтұмар рөліме айналған бейнелердің бірі. Ал кинода (сериал емес, көркем фильм. – авт.) шығармашылық төлқұжатыма айналатындай, кинотеатрлардан жарқ етіп көрінетіндей ондай рөлді жасай қойған жоқпын. Сондықтан әзірге кино өнеріне қанағатсыз болып жүрмін. Кинодағы өзімнің рөлімді тапқым келеді...

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»