Аталған жоспар Елбасының 2018 жылы 5 наурыздағы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Жолдауынан шығып отыр. Н.Назарбаев үндеуінде: «Қазір жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Бұл міндетті шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет-жекеменшік әріптестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауы керек. Мемлекет өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігі біртіндеп қайтарылуына кепілдік береді. 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын. Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешеді», деді.
Білім және ғылым министрлігі берген статистикалық деректерге сүйенсек, еліміздегі 100-ден аса жоғары оқу орнында 500 мыңнан аса студент білім алып жатыр. Былтыр 82 мыңнан аса студент тұратын 251 жатақхана жұмыс істесе, биыл бұл көрсеткіш 361-ге көбейген. Еліміздің жоғары оқу орындарындағы осынша жатақханада 105 079 төсектік орын бар. Дегенмен әлі 42 756 студентке жатақханадан орын керек. Міне, осы тапшылықты жою үшін 2022 жылға дейінгі үшінші әлеуметтік бастаманы іске асыру шеңберінде 75 мың жаңа орынға лайықтап кезең-кезеңімен жатақханалар салу жоспарын орындау қажет.
Өткен аптада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2 361 төсектік орынға арналған Студенттік тұрғын үй кешені құрылысының іргетасы қаланды. Бұл еліміздегі студенттерге арналған жатақханалардың ішіндегі ең ауқымды нысанның бірі болғалы тұр. Жалпы ауданы 45 мың шаршы метрді алатын жаңа жатақхана бес қабатты үш блоктан тұрады және А.Байтұрсынұлы мен К.Әзірбаев көшелерінің қиылысында орналасады. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов аталған жоба жөнінде:
– Студенттер қалашығының іргетасын қалау – Еуразия ұлттық университеті үшін тарихи оқиға. Бұл – Елбасы Н.Назарбаевтың бес әлеуметтік бағдарламасының үшінші бастамасы: «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» тапсырмасына орай атқарылып отырған істер. Білім және ғылым министрлігі бұл тапсырманы ойдағыдай орындап келеді. Өйткені еліміздегі ЖОО-ның алды өздерінің жатақхана құрылысын бастап та кетті, кейбірі оны пайдалануға беріп те үлгерді. ЕҰУ студенттер қалашығының ерекшелігі, инвесторлар өз қаражатына салып береді, қалашықта жастарға не керек, бәрі қамтылған. Сондықтан «МегаСтройСервис» ЖШС ұжымына ризашылығымды білдіремін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында әлеуметтік мәселелерге, әсіресе елдің жағдайын қамтамасыз етуге, оның ішінде жастарға ерекше көңіл бөлді. Бұл жұмыс сол Жолдауда берілген тапсырмалардың орындалуы деп білемін, – деді.
Жеке сектормен бірге білім беру саласындағы қордаланған түйткілдердің түйінін тарқату тәжірибесі бізде бар. «Балапан» бағдарламасымен 3-6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз балабақшамен қамту жоспары жүзеге асырылды. Сондықтан осы бағыт бүгінде студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсартуда қолданылып келеді. Бірақ осы іске жеке кәсіпкерлер шынымен де мүдделі ме?
Жақында іргетасы қаланған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жатақханасының құрылысын қолға алған «МегаСтройСервис» ЖШС инновациялық даму жөніндегі директоры Балшекер Мұхамедқызы:
– Алға басуға ниеттенген кез келген қоғамның, адамзат тарихындағы кез келген өркениеттің іргетасы білім мен ғылымнан тұратыны белгілі. Біз де жатақхананың ғана емес, білім мен ғылымның іргетасын қаладық. Абай атамыз «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» дейді. Студенттерге салғалы жатқан жатақханамыздан хакім Абай айтқан ақыл, ғылым, ар, мінезбен озатын жастар өсіп шығатынына сенеміз. 5 қабатты ғимараттың жобалық құны 7 млрд теңгені құрайды. «МегаСтройСервис» ЖШС 2005 жылы Маңғыстау облысы Ақтау қаласында тіркелген. Бұл компанияның инфрақұрылым және тұрғын үй салудағы тәжірибесі мол. Еуразия ұлттық университетінің жатақхана құрылысы бойынша жариялаған конкурсқа қатысып, жеңіп алды. Құрылыс жұмысы негізі 2020 жылы көктем айында басталуы керек еді, бірақ әлемді жайлаған індеттің салдарынан жұмысымыз жарты жылға кешікті. Сәтін салса, Студенттік тұрғын үй кешенін 2022 жылы 30 тамызға дейін толықтай бітіріп, Конституция күні пайдалануға береміз, – дейді.
Иә, жоғарыда айтылғандай, елімізде аталған бастама бойынша пайдалануға берілген жатақханалар да бар. Себебі бұл жоспарлы жұмыс 2019 жылдан басталды. Былтыр 5 мыңнан аса төсектік орны бар жатақхана салынуы керек-тін, жоспар жоғары нәтижеде орындалып, 9 166 орындық 34 объекті пайдалануға берілді. Ал биыл қыркүйекте 2020 жылға арналған жоспар 55 пайызға орындалып, 11 035 орынға арналған 42 нысанның құрылысы аяқталды. Әлемдік ахуалға, Қазақстанда өршіген пандемияға байланысты көптеген нысанның құрылысы бәсеңдеді. Соның салдарынан ІІІ тоқсанға жоспарланған біраз нысанның кілтін тапсыру жұмысы жыл аяғына, яғни соңғы тоқсанға шегерілді.
Тағы бір ескере кететін жайт, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасымен» колледждерге де жатақханалар салынған, әлі де құрылыс жүріп жатыр, келесі жылға жоспарланғаны да бар. Министрліктің мәлімдеуінше, бүгінде елімізде 700-ден аса кәсіптік-техникалық оқу орны бар. Ондағы 77 колледжге 17 873 орындық жатақхана қажет. Осы мәселені шешу мақсатында 5 931 төсектік орын 21 жоба бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның ішінде колледж студенттеріне арналған 2153 орындық 10 жатақхана пайдалануға берілді. Осы жылдың соңына дейін тағы 2387 төсектік 5 нысанды пайдалануға беру жоспарланған.
Қызылорда медициналық жоғары колледжінің студенттер үйі 5 әлеуметтік бастама бойынша былтыр пайдалануға берілген. Бүгінде студенттер жатақхананың игілігін көріп отыр. Аталған оқу орнының 3-курс студенті, болашақ мейіргер Келбет Жеңісбекқызы:
– Жаңадан салынған 5 қабатты жатақханада 2-курстан бері тұрамын. Оған дейін ескі жатақханада жаттым. Бұрынғы тұрғынжайымызбен салыстырғанда жаңа жатақхана әлдеқайда жақсы. Мәселен, бұрын әр қабатта 1 ас бөлме, 1-2 әжетхана, 1 жуынатын бөлме болатын. Қазір әр бөлмеде өзінің ас бөлмесі, әжетхана мен жуынатын жері, тіпті әр бөлмеге 1 тоңазытқыш бар. Сонымен қатар бұрынғы жатақханада 4 адамнан тұрсақ, қазір 3 адамға лайықталған. Бұл да өз кезегінде оқудың сапасына септігін тигізеді. Бүгінде сабақ қашықтан оқыту форматына көшірілді. Менің ауылымда байланыс жоқ. Сондықтан жатақханада оқуымды жалғастырып жатырмын. Мұнда интернет жақсы ұстайды, – дейді.
Студенттің айтуынша, колледждегі жатақханада студенттердің саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануына да жағдай жасалған. Студенттер үйінің тұрғындары сабақтан бос уақытында футбол, баскетбол алаңдарында ойнап, жаттығу жасауға арналған ауладағы спорттық құрылғылар арқылы денесін шынықтыра алады.
Қызылорда медициналық жоғары колледжінің директоры Салтанат Сейітқалиқызы жалпы ауданы 3382 шаршы метрді құрайтын жатақханада 94 тұрғын бөлме бар екенін айтады.
– Нысанды «ДилМАШ» ЖШС салды. Студенттердің жайлы жағдайда білім алуына барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Жоғарыдағы студентіміздің сөзін толықтыра кетсем, жатақханада оқу залы, демалыс бөлмесі, буфет, кір жуатын бөлме және ашық аспан астындағы спорт алаңы бар. Сондай-ақ нысан өртке қарсы дабылмен, бейнебақылау, өткізу жүйесімен жабдықталған. Студенттер үйінің тұрғындары оркестрлік үйірмеге қатысады, үстел теннисі, баскетбол, волейбол, шахмат, тоғызқұмалақ ойнай алады. Жеке секторлар мемлекеттің дамуына елеулі үлес қосып отыр. Пандемия барлық салаға өзінің зиянын тигізді. Соның ішінде біз де студенттерімізді қашықтан оқытып жатқандықтан, жатақханамызда бұрынғыдай тұрғындар көп емес. Соның салдарынан инвесторымызға қиын тиіп тұр. Өйткені студенттердің жатақханаға төлейтін қаражаты сол инвесторларға беріледі. Осындай қиындықтарға қарамастан, қолдау көрсетіп отырғанына ризамыз. Бәрінен бұрын адамның амандығын ойлап осындай шешімнің шығарылғанын түсінеді, – дейді С.Сейітқалиқызы.
Ендігі 2021-2022 жылдарға арналған жоспар мен жоба бойынша барлығы 12 мың орынға арналған 12 нысан пайдалануға берілмек. Келер жылы 7 927 студент жатақханамен қамтылса, 2022 жылы 3921 орындық 7 нысан салынып бітуі тиіс. Жоспардағы нысандардың ішінде ең ірісі Түркістан облысында 2021 жылы салынатын 2460 орындық студенттер үйі болмақ.