Әсіресе ауыл тұрғындары үшін пошташының мәртебесі зор. Өйткені елімізде интернет желісі түгілі телефон байланысы толықтай қолжетімді болмаған елді мекендер көптеп саналады. Ал бұл ауылдар үшін негізгі ақпарат тасымалдаушының жүгін пошташылар көтеріп тұр. Бірақ осы пошташының әлеуметтік жағдайы тағы мәз емес. Жалақысы аз жұмыс болғандықтан, бұл міндетті атқаруға өз ісіне құлай берілген адам болмаса, екінің бірі тәуекел етіп келе қоймайды. Дерек бойынша, қазір ауылдағы пошташы 15 000 теңге мен 25 000 теңгенің аралығында айлық жалақы алады. Яғни пошташының еңбекақысы еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшерінен де төмен болып отыр. Мұндай жағдайда үй-үйді аралап, хат-хабар, газет-журнал тарататын қызметтің сапасы туралы айту қиын. Бұл мәселе биыл жыл басында Мәжіліс қабырғасында да көтерілген болатын. Мысалы, Шаймардан Нұрымов Үкіметке депутаттық сауал жолдап, аймақтардағы пошташылардың әлеуметтік жағдайын жеткізген болатын.
– «Қазпошта» компаниясы қызмет көрсетудің көптеген түрлерін жүзеге асырады. Қаржылық операциялар, тауарлар тасымалы, төлемдер, банктік қызметтің кейбір түрлері және тағы басқа қызметтерді жүзеге асыратын бұл ұйым табыстан, әрине, кенде емес. Осылай бола тұра, пошташылардың жалақысы өте төмен деңгейде қалып қойғаны ақылға сыймайды, – деген болатын депутат өз сөзінде.
Халық қалаулысы бұл мәселеге Алматы облысына жасаған сапары барысында көз жеткізіпті. Тұрғындар хат-хабар мен газет-журналдардың екі аптадан артық уақытқа дейін кешігіп жететінін айтып шағымданған екен. Яғни аудандарда пошташылардың жетіспеуінен осындай қиындық туып отырғаны жасырын емес. Ал адамдар жұмыссыз жүргеніне қарамастан пошташы болуға құлықсыз. Оның басты себебі жалақының төмендігінде болып отыр. Шындығында, Алматы облысының аудандары бойынша анықталған мәліметке сүйенсек, ауылдағы пошташының айлық жалақысы аз және ала-құла. Мысалға, Еңбекшіқазақ ауданында пошташы 15 000 теңге мен 28 000 теңге алса, Панфилов ауданында бұл сома 18 000-20 000 теңге аралығында-мыс. Ал ең төменгі жалақы Ұйғыр ауданында екен: 12 000 теңге мен 15 000 теңге шамасында ғана. Ал осындай жалақысы бар пошташыдан ауылды жаяу аралап, газет-журналды, хат-хабарды кешіктірмей жеткізуді талап етудің өзі әділетті болмас еді...
Сондай-ақ аймақтағы пошта бөлімшелерінің жұмысына қатысты да сын көп айтылады. Ал ауылдық жердегі «Қазпошта» бөлімшесі тұрғындардан түрлі төлем қабылдайтын орынның міндетін атқарады. Зейнетақы да осы пошта бөлімшелері арқылы таратылады. Жұрт ауылдағы маңызды мекеменің бірі болып саналатын пошта бөлімшелері қоныстанған ғимараттарда қызмет көрсетуге мүмкіндік жоқ екеніне наразы. Мәселен, Жетісудағы көптеген елді мекендердегі пошта ғимамараттарының тозығы жеткен. Соның бірі Талғар ауданына қарасты Талдыбұлақ ауылындағы жағдай.
– Ғимарат «Қазақтелекомның» иелігінде, жалға алынған осы екі бөлмеде еңбек етеміз, 20 жылдан асты. Талдыбұлақта тұрғындар саны жылдан-жылға өсіп келеді. Қазірдің өзінде 7 мыңға жуықтап қалды. Тұрғындарға зейнетақы, жәрдемақы түрлерімен қоса, сәлемдемелер, төлемақы түрлерін қабылдап, тапсырамыз. Бөлме тар, компьютерлік техникаларымыз ескі. Жұмыс орнымыз қыста суық, электр жылытқыш қосып отырамыз, – дейді пошта бөлімшесінің қызметкерлері.
Алматы облысы