Қоғам • 07 Қазан, 2020

Байланыс жүйесінің күнгейі мен көлеңкесі

214 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Пошта – мемлекеттік байланыс жүйесінің ма­ңызды мекемесі екені дау­сыз. Қызметі сан салалы болғандықтан да, облыс орталығындағы пош­та бөлімшесі адам аяғы үзіл­мейтін орын.

Байланыс жүйесінің күнгейі мен көлеңкесі

«Казпошта» акционерлік қоғамы Астана филиалының Көк­шетау қалалық бөлімшесі қала тұрғындарына қалтқысыз қызмет етуде. Облыс орталығындағы 15 бөлімше өз қызметтерін тиімді ұйым­­дастырудың арқасында барл­ық жұмысты сәтті жүр­гізіп келеді. Қала тұрғындары өз­­­дері­нің қажетіне орай зат­­тарын жеткізу, ақпарат алмасу қызметтерін пайдаланады. Ме­ке­ме басшыларының айту­ы­на қарағанда, қазіргі күні бандероль, үлкен өлшемді ауыр жүк­терді жіберу және жеткізу, мер­зімдік басылымдарға жазылу, оларды сату, арнайы байланыс қыз­метін пайдалану сұранысқа ие. Пошта желісі – бизнес және ха­лық үшін электронды сауданы, көлік-ло­гис­тикалық сервисті, қар­жы­лық қызметтерді алға жылжыту үшін тиімді құрал.

Негізінен қала тұрғындарына көрсетілетін қызмет түрлерінің бірі – зейнетақы мен жәрдемақы тарату. Бұл орайда, іркіліс жоқ. Жаман тұмау жан алқым­нан алған кезде де пошта қызмет­керлері көпшіліктің көңілінен шыға­тындай қызмет істеді. Сондай-ақ әртүрлі хат-хабарларды уақ­тылы жеткізіп беру. Бұл арада арагідік арыз-шағым да айтылып қалатын тұстары болады екен. Оның өзіндік себебі бар. Мәселен, көпқабатты үйлеріндегі пошта жәшіктерінің көпшілігі кілтке жабылмайды. Түсіп қалуы да, ойын балаларының алып кетуі де ғажап емес. Дегенмен пошта қызметкерлері жауапкершілік жүгін жете түсінеді. Сондықтан да ұжымдағы 120-ға жуық адам осы мақсатта өз міндеттеріне мұқият қарап, халық талабына сай жұмыс істеуде. Орташа жалақы 80 мың теңге төңірегінде.

– Пошта қызметін пайдалану жыл өткен сайын азайып келеді. Ол заңды да. Қазіргі күні электронды хабар тарату әбден жетілдірілді. Сондай-ақ онлайн байланыс та бар. Қызмет ауқымын кеңейту үшін жаңалық болып есептелетін тың дүниелерді ойластырудамыз. Мәселен, екінші дәрежелі банк­термен келісімшарт жасасып, несие беруді ұйымдастырудамыз. Жүзден астам адам несие алып үлгерді. Сондай-ақ сәлемдеме­лер жолданған мекенжайға дейін жеткізіледі. Осы орайда, ірі көлемді заттарды қабылдап, еліміз бойынша жөнелту қолға алынған. Мұның барлығы соңғы уақытта заман талабына сай ұйымдастырылып, тыңға түрен салып отырған дүниелер, – дейді бөлімшенің бас маманы Бауыр­жан Жүсіпов.

Мекеме басшыларының айтуына қарағанда, қолбай­лау болып отырған жайлар да аз емес көрінеді. Мәселен, пош­та тасушылардың қызметінде жүйкеге жүк түсіретін, көптен бері айтыла-айтыла әбден жауыр болған мәселе аз емес. Айталық көпқабатты үйлердің сыртқы есігі кілтпен жабылады. Қауіпсіз­дік үшін ол да керек шығар. Бірақ соның өзі пошта салатын жә­шік­тер іште болғандықтан, көп-көрім қиындық тудыруда. Ал қаланың шеткері орналас­­қан аймақтарындағы жеке­мен­­шік үйлердің жолы сын көтер­мейді. Бос жүрген бұралқы ит көп. Бұрнағы жылдары оқыс оқи­ғалар да орын алған. Бірақ соның бәріне қарамай, пошта тасымалдаушылар өз жұмыс­тарын мінсіз атқаруға тырысады.

– Ендігі бір мәселе – баспасөз тарату жайы. Өткен жылғы жос­пар жүз пайыз орындалған. Биыл індетке байланысты жағдайдың күрделі болатын түрі бар, – дейді қалалық бөлімше басшысының орынбасары Әлима Балтабаева.

Қала тұрғындары тарапынан газет-журналдардың сатылуы туралы өтініштер жиі айты­латындығын да айта кеткеніміз орын­ды болар. Мәселен, облыс орта­лығындағы бұқаралық ақпа­рат құралдарын сататын дүң­гіршектерде негізінен шетелдік басылымдар көбірек сатылады. Әсіресе темір жол мен автобекет маңында жергілікті ұлт тіліндегі басылым іздегендер көп-ақ.

Тұтастай алғанда пошта қыз­метінде заман талабына сай жаңа­лық аз емес. Соның барлығы байланыс жүйесінің маңызын арттыра түсуге бағытталған.

 

КӨКШЕТАУ