Аймақтар • 07 Қазан, 2020

Қатерлі сәттер де болады

411 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінде «Қазпоштаның» қызметі әдеттегі газет-журналға жазылу, хат-хабар алмасу, сәлем-сауқат тасымалдау секілді қызметпен шектел­мейді. Алыстағы ауылға, шалғайдағы елді мекенге дейін жетіп, халыққа түрлі қызмет көрсететін бірегей мекеме – осы «Қазпошта».

Қатерлі сәттер де болады

Сұрапыл соғыс жылдарында пошта таситын жасөспірім балалардың басынан кешкен түрлі оқиғаны еститін едік. Әсіресе майдандағы сарбаздан келген «қара қағазды» оның отбасына жеткізудің қиындығын суреттеген жазбалар көп-ақ.

Дегенмен бүгінгі пошта қыз­мет­керлерінің басында да түрлі драмалық оқиғалар болып тұрады.

Сәния Айтмағамбетова Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданына қарасты Базаршолан ауы­лында көп жылдан бері пош­та тасушы болып қызмет етіп келеді. 1982 жылы Алматы қала­сындағы байланыс техникумын бітірген соң жолдамамен Орал қаласына келіп, бір жыл қызмет етті. Келесі жылы Тайпақ ауданына қарасты «Зауральный» кеңшарына ауысты.

– 1983 жылы осы «Зауральный» кеңшарының орталығы Жанама ауылының поштасында қызмет ететін екі әйел Жайық өзеніне суға кетіп қалды. Мені сол кісілердің орнына жіберді, – дейді Сәния.

Тайпақ пен Жанама ауылдары – Жайық өзенінің екі бетінде ор­налас­қан елді мекен. Бұл жерде кеңес заманында да, қазір де кө­пір жоқ. Тұрғындар қыста мұз беті­­мен өтсе, жазда суға паром са­лып, қайық жалдап жатады. Әсі­ре­се мұзы жұқа көктем мен күзде қиын-ақ. «Жайық деген жанды су» де­­мек­ші, талай адам осы суға ке­тіп қаза тапты ғой. Мұндай оқыс жағдай Сәнияның басында да бола жаздаған.

– 1987 жылы тұрмысқа шығуы­ма байланысты Базаршолан ауылы­на қызмет ауыстырдым. Бұл да Жайықтың сол жақ бетіндегі ауыл. Ауа райы қолайсыз болса да халық­тың түрлі шаруасы таусыл­майды ғой. Соның ішінде пошта қызметі, хат-хабар, зейнетақы тағы басқа төлемдер дәл уақытында жасалуы керек. Сондықтан басымызды қатерге тігіп, талай жолға шықтық, – деп еске алады Сәния Бижанқызы.

Әлі есінде, 2002 жылдың 9 сәуірі. Жайықтан мұз кетіп, сең жү­ріп өткен. Су деңгейі көтеріліп, енді-енді тасығалы жатқан кезі. Мұн­дай кезде қауіпсіз паром әзір­ге түспейді. Жолаушылар қал­тыл­­даған қайықпен ғана қаты­най­ды. Аудандық пошта бөлімі Тайпақ ауылында болғандықтан, Сәния амалсыз жолға шықты. Өйткені ауылда газет-журналын күтіп отыр­­ған оқырмандар бар. Түрлі төлем­­ақы алатындар да аз емес.

– Қалтылдаған қаңылтыр қа­йық екен. Өзеннен өтпек бол­ған адам саны да көбейіп кет­­кен сияқты. Бәріміз отырып ал­дық. Менің қолымда екі қапшық: бірінде – газет-жур­нал, екіншісінде – ақша. Жайық­т­ың жайылған айдынының орта ша­­ма­сынан аса бергенде су құ­йы­ла бастады. Аллалап келеміз. Ара­мызда жас балалы келіншек те бар екен. Жағаға 5-6 метр қалғанда қайы­ғымыз бір жағына жантайып, суға батты да кетті. Суға күмп етіп, қайта шыққанымда бай­қа­дым, қолымдағы қапшықты тастамап­пын. Екі алақаным қары­сып қалған екен, – деп еске алады Сәния апай.

Абырой болғанда қайықтағы жолаушылардың арасында Алма­тыдан келе жатқан студент жігіт бар екен. Жанұшырып жүзіп жү­ріп, жолаушылардың бәрін сол құтқарған. Жағада тұрған Базар­шолан мен Сарытоғайдың көлік иелері, жолаушылар да арқан тастап, ағаш бұтақтарын созып, суға кеткендерді шығарып алған.

– Үйге келгеннен кейін қап­шық­тағы газеттерді пешке жайып кептірдім. Ол кезде ауыл­ға көгілдір отын келме­ген кезі. Ба­сылымдар түгел су бо­лып қалған екен. Кейбірі оқуға кел­меді, – дейді Сәния Айтмағамбетова.

Айта кетейік, өзенде әлі күнге көпір жоқ. Яғни жоғарыдағыдай қауіп-қатер жыл сайын қайта­ланады деген сөз.

Дегенмен осындай қиындық­тарға қарамастан Сәния апай 40 жылға жуық пошташы қызметін абыроймен атқарып келеді. Екі мыңдай ғана тұрғыны бар шағын округте газет-журналға жазылушылар саны да әжептәуір.

– Дәл қазір біздің ауылға 47 дана «Egemen Qazaqstan», 66 дана «Орал өңірі», 160 дана «Жайық таңы» газеті келеді. Барлық басылымдарды қосқанда базаршоландықтар 412 газет-журнал алдырып оқиды. Бұл – Ақжайық аудынандағы жоғары көрсеткіштің бірі. Ауылда 15-17 мың теңгенің басылымдарына жыл сайын жазылатын отбасылар бар, – дейді ардагер пошташы. 

Мысалы, Жәлел Самарқанов, Бақшолпан Қадырханова, Қанапия Таспай сынды оқырмандар жыл сайын қомақты қаржыға газет-журнал жаздырып алып оқитын тұрақты оқырмандар екен.

Бүгінде ауылға аптаның үш күнінде ауданнан пошта жет­кізіледі. Аптасына екі күн Сәния Би­жан­қызының өзі Тайпаққа қаты­нап тұрады. Сонда күнделікті хат-хабар мен мерзімді басылымдар кі­ді­ріссіз келіп жатыр деген сөз.

– Бүгінде пошта байланысы әбден жолға қойылды ғой. Қазір жалпақ әлемнің өзі бір үлкен елді мекен болып қалды. Алақан­дай ауылда отырып, әлемнің кез келген жерінен өзіне қажетті та­уарды сатып алушылар бізде де бар. Сәлем-сауқат алмасу деген бұрынғыдан да көбейіп кетті, – дейді Сәния Айтмағамбетова.

 

Батыс Қазақстан облысы