Аймақтар • 07 Қазан, 2020

Сыланған сырлы Сандықтау!

373 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Биыл «Ауыл – ел бесігі», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламаларының шарапатымен өңірлердің өңі кіріп қалды. Әсіресе білім ошақтары, мектепке дейінгі мекемелер күрделі жөндеуден өткізіліп, тозығы жеткен жол жаңғыртылды.

Сыланған сырлы Сандықтау!

Осындай адам жанын гүл­ден­діретін, сәтті істер кезек-кезе­гімен сабақталған оңды шаруалар табиғаты тамылжыған Сан­дықтау өңірінде де жүйелі жүзеге асырылуда. Ауыл ажары сыртқы әсемдіктің келбетіне өз­геше өңді салтанат үстеп, шы­райы келген өңірдің бір жең­нен қол, бір жағадан бас шыға­рып, ынтымақпен ұйысып, ауыз бірлігін арттырып, ырыс­ты ең­бек етіп жатқан көпұлтты тұр­ғындарына тың серпін беруде.

– Биыл ауыз толтырып айтатын көптеген іс-шара жүзеге асы­рылуда, –дейді аудан әкімі Асқарбек Үйсімбаев, – аудан орта­лығындағы аурухана, мектептер жөнделіп, балалардың ойын алаңдары салынды. Әсіресе көптен бері көңіл аударылмай келген ауылдағы мәдениет ошақтары қамқорлыққа алынып отыр. Ендігі бір мәселе аудан ішіндегі жолдарды жөндеу. Әншейінде Бурабай мен Зерендінің табиғи сұлулығы талайды таңғалдырады деп жатамыз. Ол рас. Бірақ адам аяғы сирек тиетін Сандықтаудың тұмса таби­ғаты еш жерден кем емес. Ну орман да, суы таза, мөлдір көл де бар. Жетпей тұрғаны жол ғана. Егер жол салынбаса, қанша ажарлы, сұлу болса да жетуі қиын жердегі табиғат аясына ешкім туристерге лайықтап орын салмайды ғой. Жол салып берсек, ту­ризмді дамытуға атсалыспақ болып білегін сыбанып отырған кәсіпкерлер жеткілікті.

Аудан әкімі айтса айтқандай, мәдениет саласында мәнді іс атқа­рылыпты. Соның бірі Мәде­ниет ауылындағы мәдениет үйі. Күрделі жөндеу жұмысына «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңбе­рінде рес­публикалық бюджеттен 43 млн теңге қаражат бөлінген. Конкурсты «KazDamuLeaders» серік­тестігі ұтып алып, күні бұ­­рын межеленген жоспарға сәйкес мәдениет үйінің ескі шатыры жаңасымен алмастырылып, қабырғасы қайта сыланған. Төбені де жаңа заман талабы­на сай әдемілеп қайта жауып­ты. Тозығы жеткен электр же­лісі ауыстырылған, жарық бере­тін құрылғылар жаңасымен алмастырылған. Жұмыстың бір­шама сапалы атқарылғандығы көзге көрініп тұр. Көптен күр­делі жөндеу көрмей, биылғы қамқорлықтың нәтижесінде көркі кіріп, жұтынып тұрған мәдениет үйінің іші кірсе шыққысыз. Бұрынғы ескі еден енді керамогранитпен жабылған. Жаңа қазандықпен қоса, жылу жүйесі де жаңартылған. Мәдениет үйінің кіре берісі ауыл адамдарын өзінің тартымдылығымен шақырып тұрғандай. Осындай жұмыс Веселое ауылдық м­әдениет үйінде де жүргізілген. Респуб­ликалық бюджеттен жоғарыда аталған бағдарлама бойынша 88 млн 744,5 мың теңге қаражат бөлініп, жұмысты «Даяна-сервис» серіктестігі атқарған. Бұл жерде де тозығы жеткен шатыр алынып, жаңа металл шатырмен көмкерілген. Мәдениет үйінің төбесі жылу шығармайтын жаңа материалдармен қапталып, қымталып, ішкі қабырғалар қайтадан сыланған. Төбе де жаңартылып, жарық беретін электр құрылғылары алмастырылған. Бұрынғы ескірген есік-терезе алынып тасталып, орнына суыққа шыдамды, ашылып-жабылуы оңай пластикалық терезелер орнатылыпты. Бұрынғы сықырлауық еден жаңартылған. Екі бірдей қазандық орнатылып, жаңа жылу жүйесі тартылған. Өртке қарсы дабыл белгісі орнатылған. Мәдениет үйі­нің төңірегі тап-тұйнақтай етіліп жиналып, көзтартарлықтай абаттандырылыпты.

Балкашино ауылындағы «Сары­арқа» мәдениет үйі де көркі көз тартарлықтай болып жаңғырып қалды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 14 млн 763,7 мың теңгеге бұрынғы ондулинмен қапталған шатыр жаңасымен жаңартылды. Мамандардың айтуына қарағанда, төбесі сапалы, жылы материалдармен мұқият қымталған. 8 млн 64,0 мың теңгеге мәдениет үйінің ішкі жылу жүйесі жаңғыртылды. Тозығы жеткен жылу батареялары жаңасымен алмастырылды.

– Ауыл тұрғындары мәде­ниет үйінің жөнделгеніне аса ризашылығын білдіріп жатыр, – дейді мәдениет үйінің эконо­мисі Владимир Кнак, – біздегі барлық мәдени шаралар осы жерде өткізіледі ғой. Бұл жер ел ішіндегі сан шаруаға ұйытқы болатын, мемлекетіміздің ішкі саясатын бұқара халыққа жеткізетін орын. Сондықтан, жайлы болғаны жақсы. Жөндеу жұмыстары кезінде жергілікті алты адам жұ­мысқа тартылып, жалақы алып қуанып қалды. Ол да болса сеп.

Бұрын ауыл тұрғындары тарапынан мәдениет үйінің суықтығы туралы шағым жиі айтылса, күрделі жөндеуден кейін мұндай кемістіктерге жол берілмейді. Ішкі әрлендіру жұмыстары да талапқа сай. Сахна да көз тартарлық етіп жаңартылған. Кіреберіс дәлізбен қосалқы бөлмелер де жөндеуден өткізілген. Мәдениет үйінің алдына шақпа тастар төселген. Қа­зір ауылдағы мәдениет пен өнер­­дің алтын ұясы ұқыпты құ­ры­­лысшының қалағынан жаңа шық­қандай атшаптырым жерден көз тартып, менмұндалап тұр.

Аудан тұрғындары үшін аудандық орталық аурухананың күрделі жөндеуден өткізілуі айта қаларлықтай қуаныш болды. Бас ауырып, балтыры сыздағандар енді заман талабына толық жауа­п беретін кең де жарық ауруханада ем-дом алады. Аудандағы денсаулық сақтау саласында 37 дәрігер мен 173 кіші медицина қыз­меткерлері жұмыс істейді. Аудан халқы жаман тұмау бас көтеріп, өршіп тұрған кезде жан аямай жұмыс істеген ақ халатты абзал жандардың ақ адал еңбегіне дән разы. Дәрігерлерге де тәп-тәуір көмек көрсетіліп жатыр екен. Тұрғын үй алуларына 11 929 500 теңге көлеміндегі қаржы өсімсіз несие ретінде қарастырылған. Үш маманға 820,700 теңге көтермеақы төленіпті. Енді міне, сол дәрі­герлердің адам жанының арашашысы болуына қолайлы жағдай туғызылып отыр. Қазір аудандық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстарының соңғы түйіні жүзеге асырылуда. Аурухана ғима­ратымен қоса көліктері тұра­тын орын да жөндеуден өткізілуде. Бұл мақсатқа «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша «Қазбайлық Астана» серік­тестігімен арнайы келісім­шарт жа­салып, 480 млн 837,5 мың теңге қаражат жұмсалған. Аурухана ауласы көгалдандырылып, жаңа­дан асфальт жамылғы төсел­ген. Ғимараттың шатыры жа­ңа­дан жабылған. Есік-терезе де жа­ңар­тылған. Балалар, терапия бө­лімшелері күрделі жөн­деу­ден өт­­кізілді. Қазір бар жұмыс тың­ғы­лықты атқарылып, аяқталып келеді.

Мемлекеттік бағдарла­ма­лар­дың жақсылық шарапаты мектепке дейінгі мекемелерді де қамтыған. Мәселен, аудан орта­лығындағы «Мирас» балалар бақшасына «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 43 млн теңге көлемінде қаражат бө­лінген. Ауқымы мол жұмысты «ЕвростройсервисКөкше» серік­тестігі тап-тұйнақтай етіп атқарып отыр. Олар алдын ала межеленген жоспар бойынша балалар бақшасының төбесін алмастырды, терезелер жаңартылды. Мекеме маңайындағы балалардың ойын алаңдары мен жолдар жөнделді. Барлық есіктер жаңартылды. Соны­мен қатар жылу беру жү­йесі де жаңадан салынды. Екі қабатты ғимараттың қабырғалары қайтадан сыланып, оқтай түзу кейіпке енді. Электр қуатын тарататын жүйе де жаңасымен алмастырылды.

Жалпы, балаларға деген қам­қорлық жалғыз бұл ғана емес, Бал­кашин ауылдық округі бұл бағытта айта қаларлықтай бірқатар шаруаны жүзеге асырып отыр. Ауылдағы футбол алаңын жөндеуге 12 817 777,28 теңге қаражат бөлініп, толық игерілді. Қазір аумағы ат шаптырым футбол алаңы балалардың көзқуанышына айналған. Тағы бір балалар ойын кешені жаңғыр­тылғаны бұл орайдағы игілікті істің аумағын кеңейтіп отыр. Оған да 6 968 888,64 теңге қаражат жаратылған. Осы бағыттағы сөзімізді тағы да нақты дерекпен тірілте түсетін болсақ, бір ғана осы ауылда балалар алаңдарына әрқайсысының құны 471 110,24 теңгені құрайтын төрт кешен орнатылғанын айта кеткен ләзім.

Аудандық кітапхана да мемлекет қамқорлығының нәтижесінде сәулелі кейіпке енген. 1932 жылы салынған көне ғимаратты күрделі жөндеу үшін 19 млн 680 мың теңге қаражат бөлініп, ішкі қабырғасы жаңадан сыланып, сырланып, әктелген. Терезелері жел өтпестей етіп бекітілген. Есік пен төбе жаң­ғыртылған.

– Отыз мың кітап қоры бар, – дейді кітапханашы Ханазия Қоян­байқызы, – жыл сайын газет-жур­налдарға жазыламыз. 400-ге жуық оқырманымыз бар, олар әсіресе балалар әдебиетін, тарихи-танымдық шығармаларды сұрайды. Жергілікті бюджеттен жаңа әдебиеттерді алуға қаражат бөлініп тұрады.

Аудан орталығындағы ахуа­л осылайша көп-көрім жақс­а­рып қалса, шалғайдағы шағын ауылдардың өңі кіріп қалған­дығын екпін түсіріп айта кеткен жөн. Мәселен, өткен жылы Бірлік ауылдық округіне қарасты Арбузинка ауылында «Балапан» балалар бақшасы ашылған болатын. Сөз арасында бұл ауылдағы тұңғыш мектепке дейінгі мекеме екенін еске салған ләзім. Ауыл тұрғындарына осындай қуанышты «1 май» серіктестігінің басшысы, белгілі меценат Ма­гомед Абуевтің жасап отыр­ғанын ескерсек, мемлекеттік бағ­дарламалар арқылы сәні кіріп, сәулеті арта түскен өңірдің өңінің жақсаруына жергілікті қалталы аза­маттардың да үлес қосып отырғандығы белгілі болар еді. Қазір бұл елді мекенде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде спорт алаңы салынған.

Міне осылайша, туған елдің төсі мемлекет қамқорлығымен қайта түлеп, айрықша әдемі кейіпке ие болып, гүлдене түсуде. Табиғаты көрген жанның көзін сүйсіндіріп, көңілін тоғайтатын сырлы да нулы, сырбаз да салтанатты Сандықтаудың сайын даласы сәулеленіп, ажарланып келеді.

 

Ақмола облысы,

Сандықтау ауданы