Руханият • 07 Қазан, 2020

Шахматтың қос шынары

338 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Шахматтың тарихы тереңде жатыр. Бағзы заманда бұл ойынды Үндістан мен Византияда, кейіннен басқа да бірқатар елде ермек қылған екен. ХV ғасырда еуропалық үлгісі жасалып, бұл «классикалық» деп аталатын болды. ХІХ ғасырда жаңа нұсқа жүйеленіп, түрлі жарыстар өте бастады. Бүгінгі таңда төрткүл дүниеде шахматқа деген құлшыныс ерекше. Спорттың бұл түрінен әлемдік тәж үшін айқас, әлем және құрлық чемпионаттары, Дүниежүзілік Олимпиада және тағы басқа көптеген халықаралық жарыстар үздіксіз өтіп тұрады.

Шахматтың қос шынары

Әр ай сайын жаңарып тұратын шахмат­шылардың әлемдік рейтингіне зер салсақ, үздіктер тізімінде қазақ­стандықтарды көріп, көңіліміз бір мар­қайып қалады. Әсіресе біздің қыз­дардың қарқыны күшті. Қазіргі кезде қос аруымыз «ТОП-20» ойыншының қа­тарына еніп отыр. Олар – Динара Сәдуақасова мен Жансая Әбдімәлік. Екеуі де, аса ірі халықаралық додаларда дараланып жүрген мықтылар. Мәселен, қазан айының соңында 24 жасқа толғалы отырған Динара Рамазанқызы бес жасынан бастап осы өнерге ден қойды. Сол кездегі Астана қаласындағы Х.Омаров атындағы шахмат клубында шеберлігін шындады. 2010 жылы – 14, 2012 жылы – 17, 2014 жылы – 28 және 2016 жылы 20 жастағы қыздар арасындағы әлем бірін­шілігінде алтыннан алқа тақты. Д.Сә­дуа­қасова – әйелдер арасында Азия чем­пио­ны атанған Қазақстанның тұңғыш түлегі.

20 жастағы Жансая Әбдімәліктің де өрелі өнері мен толағай табысына тамсанбау мүмкін емес. Әкесі Данияр Әшіров балауса кезінен өз перзентін шахматқа баули бастады. Алты жасында Алматы қала­сының чемпионы атанғаннан кейін-ақ ол көпшіліктің назарына ілікті. Жан­саяның одан кейінгі жүріп өткен жолы жарқын жеңістерге толы. Ол да түрлі жас ерекшеліктері бойынша өткен дүние­жүзілік додаларда дараланды. 2017 жылы Италияның Травизио қаласында 20 жастағы шахматшылар арасында ұйым­дастырылған әлем біріншілігінде 17 жасар қазақ қызы бас жүлдені олжалады. Осы жарыста Әбдімәлік 11 кездесудің то­ғызында жеңіске жетіп, біреуінде тең ойнап, тек біреуінде ғана ұтылды. Әрине, бұл – өте керемет көрсеткіш!

Шахмат өнеріндегі қос шынарымыз жасөспірімдер мен жастар буыны ара­сындағы жарыстарда жасын­дай жарқырап, көптеген толағай табыс­қа қол жеткізді. Тіптен әлем бірін­шіліктерінде де сан мәрте дараланғаны жайында да жоғарыда айттық. Біраз уақыттан бері олар әйелдер сайысында өздерін жақсы қырынан көрсетіп, бірқатар дүбірлі додада олжа салды. Қазіргі кезде ФИДЕ рейтингінде Динара Сә­дуақасова 12-орында (2500 ұпай) тұрса, Жансая Әбдімәлік 16-сатыға (2478) жайғасты. Осылайша қазақтың қос сұлуы Жер-жаһандағы ең мықты, ең ойлы, ең шебер шахматшылардың алды­ң­ғы легінде жүр. Бұл жағдай бізді қатты қуантып, ерекше тебірентеді. Бірақ жан­күйерлер Динара мен Жансая бұл белестерді бағындырумен ғана шектеліп қалмайды деп үміттенеді. Олардың алар асулары бүгінгіден де биік болуға тиіс. Сон­дай-ақ «ТОП-100» шахматшының қатарында Қазақстанның тағы бір өкілі бар. Ол – Бибісара Асаубаева. 16 жасар қызымыз үздіктер тізімінде 79 орынды (2378) иеленуде.

Әлемдік рейтингтің көшбасшылары жайында айтар болсақ, Хой Ифань ағарып алда келеді. Төрт дүркін әлем чемпионы деген атағы бар 26 жастағы әйгілі Қытай спортшысы 2658 ұпайды еншілеп отыр. Оны 33 жастағы үндістандық Конеру Хампи мен 22 жастағы украиналық Александра Горячкина өкшелеп келеді. Олар­дың қоржынында 2586 және 2582 ұпайдан бар. 29 жастағы қытайлық Цзюй Вэньцзюнь (2560) мен 30 жастағы украиналық Екатерина Лагно (2546) төртінші және бесінші орындарды иеленуде. Сонымен қатар Украинаның мақтаныштары – Мария (28 жас, 2544) мен Анна Музычуктер (30 жас, 2535), грузиялық Нана Дзагнидзе (33 жас, 2524), Үндістанның өкілі Харика Дронавалли (29 жас, 2515), Қытайдың түлегі Тань Чжунъи (29 жас, 2510) сынды ойыншылар озық ондықтың қатарында.

Әйелдердің әлемдік рейтингінде Ресейдің – 19, Қытайдың – 12, Үндістан­ның – 8, Украина мен Грузияның – 6, АҚШ-тың – 5, Францияның – 4, Қа­зақ­стан, Армения, Әзербайжан, Польша, Ис­панияның – 3, Мажарстан, Моңғолия, Түркия, Румыния, Болгария, Нидерланд, Италияның – 2, Германия, Беларусь, Литва, Швеция, Индонезия, Грекия, Шот­ландия, Өзбекстан, Англия, Куба және Иранның 1 шахматшысы бар.

Ерлер рейтингіндегі Қазақстанның жағдайы мәз емес. Еліміздің ең үздік шахматшысы Ринат Жұмабаев бар-жоғы 91 орынға табан тіреп тұр. 31 жастағы Шымкент қаласының тумасы қазіргі кезде 2654 ұпайды иемденуде. Өкінішке қарай, өзге жерлестеріміздің нәтижелері одан да төмен. Бұл жағдай осы спорт түрінің басы-қасында отырған азаматтарды ойландыруға тиіс. Себебі бүгінгі таңда күллі әлемде шахмат қарыштап дамып келеді. Барлық құрлықта бекзада өнерге деген құрмет, «ойлылар ойынына» деген қызығушылық айрықша. Ал осындай бәсекелестік белең алып тұрған кезеңде Қазақстан көштен қалып қойса, елдігімізге сын.

Ерлердің үздіктер тізімінде Магнус Карлсен жеке-дара көш бастап тұр. Оның еншісінде – 2863 ұпай бар. Келесі айдың аяғында 30 жасқа толғалы отырған Норвегияның мақтанышы 2013 жылы Үндістанның жұлдызы Вишванатан Анандтан айласын асырып, әлем чемпионы атанған еді. Сол кезден бері ол ешіміге дес бермей келеді. Қарымта матчты қайта өз пайдасына шешіп, әр жылдары үміткерлер турнирінде топ жарған ресейлік Сергей Карякин мен америкалық Фабиано Каруананы қапы қалдырған Карлсенге бүгінгі таңда тең келер ешкім жоқ.

Чемпиондық тәж үшін тартыста Магнус Карлсенге есе жіберген Фабиано Каруана ФИДЕ рейтингінде екінші орын­ды иеленуде. 28 жастағы АҚШ-тың өкілі 2828 ұпайды иемденуде. 28 жастағы қытайлық Дин Лижэнь (2791) үшінші тұғырға тұрақтаса, 30 жастағы франциялық Макси́м Вашье-Лаграв (2784) төртінші сатыға табан тіреді. Олардан бөлек, ресейлік Ян Непомнящий (30 жас, 2784) мен Александр Грищук (37 жас, 2777), әзербайжандық Шахрияр Мамедьяров (35 жас, 2770), америкалық Уэсли Со (27 жас, 2770), армениялық Левон Аронян (38 жас, 2767) және Әзер­байжанның тағы бір мықтысы Тимур Раджабов (33 жас, 2765) үздік ондықтың санатында.

Ерлер арасында да «ТОП-100» тізімін­де Ресей спортшыларының қатары қалың. Олардың 22 ойыншысы үздіктер санатында. Сонымен қатар АҚШ-тың – 10, Қытайдың – 8, Украинаның – 7, Англия мен Әзербайжанның – 5, Армения, Мажарстан, Франция, Үндістанның – 4, Испания мен Германияның – 3, Швеция, Польша, Иранның – 2, Болгария, Вьетнам, Чехия, Мысыр, Грузия, БАӘ, Аустрия, Израиль, Нидерланд, Өзбекстан, Латвия, Ру­мыния, Қазақстан, Хорватия және Перудің – 1 шахматшысы мықтылар қата­рына қосылды.