Руханият • 07 Қазан, 2020

«Әлқисса» сазы әлдилеп

536 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сиқырлы сазы салқар даланы тұтас тербеген көрнекті сазгер Нұрғиса Тілендиев шығармалары халқының мәңгілік мұрасына айналғалы қашан. Ұлы композитордың 95 жылдығына орай жас домбырашылар мен әншілер арасында ұйымдастырылған «Әлқисса» байқауы мәреге жетті.

«Әлқисса» сазы әлдилеп

Байқау қорытындысы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйытқы болуымен әсем фестивальға ұласып, көзі тірісінде Нұрғиса Атабайұлының өзі құрған «Отырар сазы» оркестрі дарын иесінің ең танымал композицияларын әуелете орындады.

Бір айға созылған республикалық ән мен күй сайысына қатысуға ниет білдірген жастардың дені кәсіби музыканттар. Сондықтан да бақ сынаған өнерпаздардың арасынан кіл мықтыны анықтау оңайға соқпаған. Қазылар алқасының шешімімен Тілендиев шығармаларын нақышына келтіре орындағандар бір турдан келесі турға жолдама алып отырған. Фестиваль аясындағы барлық іс-шаралар онлайн форматта өткендіктен қатысушылар өз өнерлерін бейнебаян түрінде паш етті.

Қазылар алқасының шешімі бо­йын­ша, «Домбыра» аталымындағы 1-орын Дастан Қазкеновтің, 2-орын Ерасыл Ринатов пен Арсен Тұрсы­новтың, ал жүлделі үшінші орын Рауан Жексембі мен Ертіс Сайырхан есімді жас күйшілердің еншісіне бұйырды.

«Вокал» аталымында Гүл­дана Алда­досова мен Әйгерім Алтын­бек топ жарса, екінші орынға Төле­ген Ра­хым­баев, Дінмұхамед Көшкін­баев­тар ие болды. Айтулы байқаудың үшін­ші тұғырынан көрінген қос өнер­паз Әсем Әубакірова мен Сымбат Тас­бергенова көпшіліктің ықыласына бөленді. Сондай-ақ Тілендиевтер отбасы тағайындаған арнайы сыйлық Нұрдәулет Сағатбекке табысталды.

Ән мен күйдің айдыны шалқыған додаға Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жексембек Нұржауов, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткерлері Ер­мұрат Үсенов, Жәмила Баспақова, Ди­на Хамзина, Дінзухра Тілендиева сын­ды өнер майталмандары қазылық етті.

Жеңімпаздардың қатысуымен өткен гала-концертті көрермендер Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының You Tube арнасынан тамашалады.

– Біз бұл фестивальге ұзақ уақыт дайындалдық. Бастапқыда Рес­пуб­лика сарайында, Опера театрында өт­кіземіз деп ойлаған едік. Бірақ панде­мияға байланысты онлай форматта өткізуге тура келді. Вокал мен дом­­быра аталымдары бойынша ұй­ым­­­дастырылған байқау жоғары дең­гейде салтанат құрды деп айта аламыз. Ал қорытынды концерттік бағ­­дарламада әкемнің халыққа ке­ңінен танымал емес туындыларын кө­бірек орындауға тырыстық. Әрине, танымал туындылары да шырқалды, – дейді «Отырар сазы» оркестрінің бас дирижері Дінзухра Тілендиева.

Айтулы байқау өскелең ұрпақты композитордың шығармашылығымен сусындату, ұлттық музыкалық мұ­раға деген ынталарын ояту мақса­тында қолға алынғанын айтқан Жам­был атындағы Мемлекеттік филар­монияның баспасөз хатшысы Манар Алиева, жыл соңына дейін өнер ұжымы Тілендиев мұрасына арналған бірнеше жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын жеткізді.

 

АЛМАТЫ