Парламент • 07 Қазан, 2020

Сенатта аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көмек көрсету жайы талқыланды

1352 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары атаулы әлеуметтік көмек көрсету аясында аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенатта аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көмек көрсету жайы талқыланды

Комитет төрағасы Мұрат Бақтиярұлы әлеуметтік көмек мемлекеттік әлеуметтік саясаттың бір бөлігі ретінде халықтың әлсіз топтарына қолдау көрсетуге бағытталғанын атап өтті.

"Бүгінде көмек түрлі санаттағы адамдарға көрсетіледі және 3,7 миллионға жуық қазақстандықты, яғни еліміздің әрбір бесінші азаматы қамтылады. Қоғамның әлеуметтік мәртебесі азаматтардың әл-ауқатына байланысты. Сондықтан Мемлекет басшысы өз Жолдауында әлеуметтік қолдау сапасын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударып келеді", деді Мұрат Бақтиярұлы.

Сенатордың айтуынша, Үкімет кейінгі жылы әлеуметтік саланы реформалау жөнінде Парламентпен бірлесіп ауқымды жұмыс жүргізді. Өткен жылдың соңында бірлескен жұмыстың арқасында аз қамтылған азаматтар мен көп балалы отбасыларды қолдауға бағытталған атаулы әлеуметтік көмек жүйесін реформалаудың жаңа тәсілдері енгізілді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, Қазақстанда 2020 жылы 6 жасқа дейінгі балаларға арналған азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар алғаш рет қарастырылып отыр. Күдікшілдік пен көмекті ақшалай беру туралы ұсыныстарға қарамастан азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар төтенше жағдай кезінде өзінің уақыт талабына сай әрі қажеттілігі дәлелденді. Бүгінде мектепке дейінгі жастағы 213 мың бала осындай жиынтықтармен қамтамасыз етілді.

"Азық-түлік-тұрмыстық жиынтықтарды жедел және үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етуде 543 өнім жеткізушінің атауы қамтылған тізбе бекітілді. Кепілдендірілген әлеуметтік пакет негізінен ірі сауда желілері арқылы беріледі. Тауар жиынтықтарын жеткізуді ауылдық жерлерде жергілікті әкімдер жүзеге асырады. Ірі қалаларда көмек алушылар сауда орындарынан өздері алып кетеді", деді Біржан Нұрымбетов.

Министр сондай-ақ пандемияның әсерінен туындаған жағдайды ескере келіп, осы жылдың наурыз айынан бастап және төтенше жағдай мен шектеу шараларының барлық кезеңіне халықтың әлеуметтік әлсіз санаттарына, оның ішінде АӘК алатын мектеп жасындағы балаларға 2 АЕК мөлшерінде азық-түлік жиынтығын сатып алу үшін ай сайын ақшалай төлемдер жүзеге асырылғанын атап өтті.

Сонымен қатар, білім және ғылым министрінің орынбасары Бибігүл Асылова орта білім беру мекемелерінде мектеп жасындағы балаларға кепілдік берілген әлеуметтік пакетті іске асыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді. Оның айтуынша, балалар оқитын жерінде ыстық тамақпен, мектеп оқушысы үлгісіндегі киіммен және басқа да оқу құралдарымен қамтамасыз етіледі.

Отырысқа қатысушылар кездесу барысында сенаторлардың заң шығару қызметінде пайдаланатын ұсыныстарды ортаға салды.

Шараға халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, білім және ғылым министрінің орынбасары Бибігүл Асылова қатысты.