Тарих • 07 Қазан, 2020

Маңғыстауда Сайын Шапағатовтың 80 жылдығы аталып өтті

527 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстауда  қазақтың қоғам қайраткері, саясаткер, инженер Сайын Нәдірұлы Шапағатовтың 80 жылдығы атап өтілуде. Мерекелік шараға  аймақ басшысы Серікбай Трұмов қатысып, тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды Egemen.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Маңғыстауда Сайын Шапағатовтың 80 жылдығы аталып өтті

С.Шапағатов 1940 жылы Түпқараған ауданы, Тельман ауылында дүниеге келген. Қазақ тау-кен металлургия институтын және Мәскеу мұнай-газ өнеркәсібі институтын бітірген. Ол аймақтағы мұнай және газ өндіретін кәсіпорындарда жұмыс істеп, қарапайым мұнайшыдан қоғам қайраткеріне дейін өсті.  Шапағатов "Парасат" қоғамдық-саяси демократиялық қозғалысының негізін қалаушы және жетекшісі болды. Оның басшылығымен алғашқы қазақ мектебі мен балабақшасы ашылды. Шевченко қаласынан  бұрынғы атауы қайтарылып,   Ақтау қаласы болды.  Маңғышлақ аймағы Маңғыстау болып өзгертілді. Ол сондай-ақ Маңғыстау облысында мұнай-газ кен орындарын игеруге және дамытуға айтарлықтай үлес қосты.

Еске алу шарасы  қоғам қайраткері  мұражайының  салтанатты ашылу  рәсімімен жалғасты.  Мұражайда С.Шапағатовтың пайдаланған жеке заттары,  фотосуреттері , құжаттары, отбасылық архивтен алынған заттары жинақталған. Мерекелік шара барысында С. Шапағатовтың өмірі мен елеулі еңбек жолына арналған "Сайын даланың сайыпқыраны" атты қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық жаңа журналдың тұсаукесері өтті. Оқырманға жол тартқан жинаққа зиялы тұлғамен мұраттас, қанаттас, үзеңгілес болған азаматтардың, қаламгерлердің эсселері, зерттеу мақалалары, естеліктері мен оның жанашырлық қамқорлығын көрген жандардың лебіздері топтастырылған.

Облыс әкімі С.Трұмов  туған өлкенің өсіп-өркендеуіне, ұлттық мәдениеттің жаңғыруына қосқан үлесін ерекше атап өтті.

"Сайын Нәдірұлы – заманының алдыңғы қатарлы озық ойлы тұлғасы атана білген Нәдір ақсақалдың өнегелі жолын жалғастырған, ата-бабаның аруағын, қадір-қасиетін асқақтай білген біртуар тұлға болды.  Ардақты ел ағасы, ұлт патриоты қазір арамызда жоқ болса да, оның ел үшін атқарған ерен еңбегі, игі істері, өнеге-өсиеті мен мұралары халқына, ұрпаққа мирас болары сөзсіз", деді облыс әкімі.