Қазақстан • 07 Қазан, 2020

Байбек Мәжіліс пен мәслихаттағы партиялық тізім қалай жасалатынын айтып берді

199 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

"Nur Otan" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Мәжіліс пен мәслихаттағы партиялық тізім қалай жасалатынын айтып берді. Бұл туралы партиясы төрағасы Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Байбек Мәжіліс пен мәслихаттағы партиялық тізім қалай жасалатынын айтып берді

"Құрметті достар! Өткен аптада "Nur Otan"-ның партияішілік сайлауының бірінші кезеңі аяқталып, рейтингтік дауыс беру қорытындысы жарияланды. Оған "Праймериз" ақпараттық жүйесінде тіркелген партия мүшелерінің 662 687-сі немесе 84,2%-і қатысты. Өздеріңізге мәлім, Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша кемінде 30% әйелдер мен 20% - 35 жасқа дейінгі жастарға берілген квота ескеріліп, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттарға арналған сайлауалды партиялық тізімдер жасалады.

Сондықтан бүгін Primaries.kz порталында қатысушылардың жалпы рейтингтерімен бірге, әйелдер мен жастар арасынан түскен кандидаттардың рейтингтері де жарияланды", дейді Бауыржан Байбек.

Оның айтуынша, партияішілік іріктеудің екінші деңгейінде аудандық және қалалық конференциялар өткізіліп, онда тиісті мәслихаттар сайлауына арналған партиялық тізімдер бекітіледі.

Сондай-ақ, осы конференцияларда сайлаушы-делегаттар жасырын рейтингтік дауыс беру жолымен жоғары деңгейдегі өңірлік мәслихаттар мен Мәжіліске арналған партиялық тізімдерге қосу үшін үміткерлерді сайлайды. Кандидаттар алдағы пікірсайыстарда тағы да бағын сынайды. Республикалық маңызы бар қалаларды қоспағанда Мәжіліске үміткерлер екі рет – аудандық және облыстық конференцияларда пікірсайысқа түседі.

"Праймериз ережесіне сәйкес Парламенттің төменгі палатасындағы "Nur Otan" партиясының қызметтегі депутаттары облыстық партиялық конференцияларда үшінші деңгейдегі партияішілік іріктеуге қатыса алады. Облыстық мәслихаттарға партиялық тізімдер тиісті конференцияларда, ал Мәжіліске арналған қорытынды тізім – "Nur Otan" Съезінде бекітіледі. Ашықтық пен айқындықты қамтамасыз ету үшін праймериздің барлық кезеңі партияның сайтында, сондай-ақ БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланады", деп жазды ол.