Президент • 08 Қазан, 2020

Қасым-Жомарт Тоқаев: Елдің амандығы бәрінен қымбат

877 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Президент алқалы жиында пандемияға және экономикалық дағдарысқа төтеп беру мақсатында мемлекет барлық қажетті шараларды қабылдап отырғанын, алайда аталған мәселеге қатысты алда тұрған міндеттер бүкіл ел болып жұмыла білгенде ғана өз деңгейінде жүзеге асатынын атап көрсетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Елдің амандығы бәрінен қымбат

Жағдай тұрақталғанымен, босаңсуға болмайды

Мемлекет басшысы бірінші кезекте індеттің алғашқы кезеңінде жіберілген қателіктерді талдауға уақыт жеткілікті болғанын, эпи­демияға қарсы күрес кезінде біраз тәжірибе жинақталып, оларды мей­лінше тиімді пайдалану қажеттігін, сондай-ақ Үкімет осындай күрделі ахуалда өз жұмысын тиімді, сәтті жүргізіп келе жатқанын жеткізді.

– Баршаңызға аян, қазір көп­теген елде санитарлық ахуал күр­деленіп барады. Бұл – коронавирус індеті қайта өршиді деген сөз. Біз бұған дайын болуымыз керек. Індетке қарсы күрес үшін қажетті іс-шаралардың барлығы қабылданған. Ең бастысы, тәжірибеміз бар. Осы кезеңде денсаулық сақтау саласын нығайту үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау жөніндегі ұлттық жоспар жүзеге асырылуда. Өңірлердің дайындығын айқындайтын индикаторлар жүйесі енгізілді. Жергілікті жерлер­де жедел штабтар құрылып, жұмыс істеуде. Бұл штабтар іс-қимыл шараларын орталыққа жалтақтамай, өздері қабылдай алады. Құзырлы органдардың барлығы індетпен күреске дайын. Еліміздің біртұтас биоқауіпсіздік жүйесін құру жұмысы басталды. Халықаралық қоғамдастық ұлттық вакцина әзір­леу жөніндегі жұмыстарымызға қолдау білдіріп отыр. Қазір кли­ни­калық зерттеулер жүргізілуде. Бұл еліміздің ғылым саласының әлеуеті зор екенін көрсетеді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы одан әрі елдегі жағдай тұрақталғанымен, босаңсуға болмайтынына баса назар аударды.

– Жаз айларындағы күрделі ахуалдың зардаптарын естен шығар­мағанымыз жөн. Өкінішке қарай, азамат­тарымыз, тіпті жергілікті билік өкі­лдері сақтық шараларын ұмыта бастады. Эпидемияны ауыздықтау – оңай шаруа емес. Оның экономикаға және ха­лықтың әл-ауқатына тигізе­тін сал­дарын барынша азайту – маңыз­ды міндет. Біз жан-жақты ойлас­ты­рылған және нақты шаралар қа­был­дауымыз керек, – деді Қ.Тоқаев.

 

Тестілеу бағасы неге жоғары?

Қазақстан Президенті өз сөзінде көптеген елде эпидемиялық ахуал­дың нашарлағанын атап өтіп, осыған бай­ланысты жағдай ушыққан кезде оған мемлекеттік органдардың дайын болуы қажет екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар түйткілді мәселені айта келе, тест сынамаларын алу көлемінің азайғанына назар аударды. Сондықтан тестілеу көлемін арттыруға қатысты шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Осы орайда Мемлекет басшысы орта есеппен күніне 40 мыңнан 60 мыңға дейін зерттеу мүмкіндігі бола тұра 18 мың ғана зерттеу жүргізілетінін, зертханалардың жүктемесі 40% құрайтынын, осы жылдың 5 қазанындағы жағдай бойынша 100 мың тұрғынға тестілеудің ең төменгі деңгейі Қызылорда облысында, Шымкентте және Алматы облысында, максималды деңгей – Атырау, Батыс Қазақстан облыстарына тиесілі болғанын, зерттеулердің ең көп саны осы жылдың маусым айында өткізілгенін, яғни күніне 33 мың, 2020 жылдың 5 қазанында 11 мыңға жуық зерттеу жүргізілгенін сөз етті.

Бұдан бөлек Президент тестілеу бағасына қатысты мәселеге назар аударды.

– Бүкіл әлемде зертханалар желісінің кеңейгеніне және тестілеу бағасының төмендегеніне қарамастан, елімізде оның құны жоғары болып отыр: 10 мыңнан 18 мың теңгеге дейін. Тұрғындардың басым бөлігі үшін бұл баға қымбат деп ойлаймын. Үкімет пен әкімдіктер тест сынамасын алудың қаржылай қол­же­тімділігі мәселесін шешуі керек. Сонымен қатар басқа елдермен, соның ішінде, Ресеймен салыстырғанда бетпер­делердің бағасы әлі де шарықтап тұр. Оның да бағасын төмендету қажет. Үкі­мет бетперделердің бөлшек саудадағы шек­ті бағасын 60 теңге көлемінде бекітуді жоспарлап отыр. Маған хабарлаған мәлі­мет бойын­ша, Ресейде бұл баға 20-30 теңге шамасында. Бәсекелестікті қор­ғау және дамыту агенттігіне мұндай баға­лардың сәйкестігіне талдау жасап, зерт­ханалық қызметтер мен жеке қорғаныш құралдарының бағаларына мониторинг жүргізуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

 

Олқылықтарды жоюға Үкімет пен әкімдер міндетті

Президент ел тұрғындарының жаз маусымында дәрі-дәрмек тапшылығын көргенін жиынға қатысушылардың есіне салды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін ғана тиісті шаралар қабылданғаны белгілі. Атап айтқанда, дәрі-дәрмектердің екі айлық қоры жасақ­талып, қажетті препараттардың тізімі кеңейтілді, сондай-ақ оларды шетелден әкелу және тіркеу тәртібі жеңілдетілді.

– Біз жаз айларында дәрі-дәрмек тап­шылығын айқын сезіндік. Менің тап­сыр­мам бойынша нақты жұмыс атқа­­рылды. Атап айтқанда, екі айға жететін қор жасақталып, ең қажетті деген дәрі-дәрмектің тізімі ұлғайтылды. Оны сырттан әкелу және тіркеу тәртібі жеңіл­детілді. Бірақ өңірлерде дәрі-дәрмек­терді тұрақтандыру қорларының көлемі және дайындық жұмыстары біркел­кі емес. Мысалы, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында – 200 млн теңге­ден. Маңғыстау облысында – 300 млн теңге. Ал Нұр-Сұлтан қаласында 1 млрд 600 млн теңге, Алматыда – 5 млрд теңге.

Денсаулық сақтау министрлігінің өңірлердегі дайындық барысына берген бағасымен таныстық. Соған сәйкес Маңғыстау және Алматы облыстарын­да емханалар мен ауруханалардың да­й­ындығы нашар екендігі анықталып отыр. Осы олқылықтарды Үкімет пен әкімдер дереу түзетуге міндетті. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, екі апта ішінде тұрақтандыру қорларын белгіленген нормативке сәйкес жасақтауды және медицина инфрақұрылымының толық дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді Қ.Тоқаев.

Президент жиын барысында мониторинг жүргізетін топтардың белсенділігі төмендей түскенін, тексерістерін азайт­қанын, әлеуметтік желілер арқылы түрлі жиын-тойларда түсірілген фотосурет­тер таралып жатқанын, бұл ретте карантин шаралары сақталмай, заң бұзу деректері көбейіп кеткенін сынға алды. Осы орайда Мемлекет басшысы әкімдерге мониторинг жүргізетін топтардың жұмы­сын жандандыруды тапсырды әрі Ведомствоаралық комиссия осыны қатаң бақылауға алуы тиіс екенін атап көрсетті.

Сонымен қатар Президент «СҚ-Фар­мация» мен Медициналық сақтан­дыру қорына қатысты қылмыстық тергеудің кесірінен денсаулық сақтау саласын цифрландыру процестері іс жүзінде тоқтап қалғанын қозғады. Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі уақыт­та Қаржы министрлігінің Қаржы мони­торингі комитеті қылмыстық тергеу және сотқа дейінгі іс жүргізу шеңберінде денсаулық сақтау саласын интеграциялау платформасына кез келген өзгертулер енгізуге бағытталған барлық әрекеттерді тоқтатқан. Бұл мемлекеттік органдардың іс-әрекеттерінің сәйкессіздігін көрсетеді. Шын мәнінде, бұл әсіресе қазіргі кезде мүлдем қолайсыз жағдай. Өйткені мәліметтерді жинау қолмен жүзеге асырылады, медициналық ұйымдар арасында ақпарат алмасу жүргізілмейді. Осы орайда Президент аталған мәселені Үкімет, Президент Әкімшілігі қысқа мерзімде шешуі керек екенін атап көрсетті.

 

Үстемеақы және сақтандыру төлемдері кедергісіз берілуі тиіс

Мемлекет басшысы пандемияның екінші толқыны болған жағдайда негізгі салмақ тағы да медицина қызмет­­кер­леріне түсетініне ерекше тоқталды. Пре­зиденттің тапсырмасы бойынша екінші жартыжылдықта төлемақы үшін 150 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Бірақ үстемеақы және сақтандыру төлемдерін алуда әлі күнге дейін бюрократиялық кедергілер бар.

– Жергілікті жерлерде үстемеақыға қатысты «цифрмен ойнау» мәселесі жалғасуда. Бұл қаржы бөлу ісінде осы уа­қытқа дейін ашықтық жоқ. Мұндай жағ­дайды болдырмау қажет. Бас дәрігерлер жұмыс уақытының есебін түзетуді медицина қызметкерлерінің пайдасына емес, керісінше жасауға тырысып жүр. Дәрігерлер өздеріне тиесілі ақшаны сұрап алмауы тиіс. 30 қыркүйектегі мәлімет бойынша пандемия кезінде бұл індеттен 182 медицина қызметкері көз жұмды. Қазіргі кезде бұл жағдайларды түрлі комиссиялар қарастыруда. 37 отбасына ғана жәрдемақы төленді. Мұндай жағдайға мүлде жол бермеу керек. Өлім себептерін адам қайтыс болғаннан кейін анықтау көптеген қиындық, соның ішінде, этикалық сипаттағы түйткілдерді туындатады. Осы орайда Үкіметке қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасыларына егжей-тегжейлі тергеу жүргізбей, тиісті барлық жәрдемақыны төлеуді тапсырамын. Медицина қызметкерлерінің қызмет барысында науқасқа шалдығуы расталған жағдайда олардың төлемақы­лары қысқа мерзім ішінде сөзсіз төленуі тиіс, – деді Президент.

Мемлекет басшысы басқа да ауру түрлері бойынша тиісті медициналық көмек көрсетудің маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысы ана мен бала денсаулығын қорғау бойынша жағдайдың нашарлағанына арнайы тоқталды.

– Ана мен бала денсаулығын қорғау – негізгі басымдықтың бірі. Өкінішке қарай, ана өлімі көрсеткіші барлық өңірде бірнеше есе көбейіп кетті. Былтырғы 8 айда 36 әйел қайтыс болса, биылғы 8 айда 131 әйел қайтыс болды. Мысалы, Ақтөбе облысында бұл көрсеткіш шамамен – 13 есе, Қызылорда облысында – 9 есе, Шымкент қаласында 7 есе артты. Неге бұл адамдарға көмек көрсетілмеді? Қандай шаралар қабылданып жатыр? Бұл өте өзекті сұрақтар. Оларға әкімдер жауап беру керек. Үкіметке өңірлермен бірлесіп, аталған фактілердің әрқайсысын тексеріп, нәтижесін баяндауды тапсырамын.

Ана мен баланы қорғау, онкологиялық, кардиологиялық, пульмонологиялық және ме­ди­циналық көмектің басқа да түрлерін көрсету – ел алдындағы міндетіміз. Әкім­дерді, жалпы Үкіметті бұл міндеттен ешкім босатқан жоқ. Президент Әкімшілігіне осы мәселені бақылауға алуды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Пандемияның келесі толқыны жаңа міндеттер жүктейді

Сонымен қатар кеңесте басқа да мәсе­лелер қарастырылды. Атап айтқанда, Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкі­метке шетелдермен, әсіресе жағ­дай күрделеніп тұрған мемлекеттер­мен жол қатынасын барынша оңтайлан­дыруды тапсырды.

– Біріншіден, басқа мемлекеттерде эпидемиялық ахуалдың күрделенуіне байланысты мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінде бақылауды күшейту керек. 2020 жылдың 5 қазанындағы жағдай бойынша, Ресейде коронавирус жұқтырудың 12 608 (өсім шамамен ­
1 пайыз), Өзбекстанда 374 (өсім 0,5 па­йыз), Қырғызстанда 244 фактісі (өсім 0,5) тіркелді, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, әуежайларда, темір жол вокзалдарында қатаң эпидемиялық бақылау режімін қайта енгізіп, «қызыл аумақтан» келетін адамдарды экспресс-тестілеуден өткізу мәселесін жолға қою керек. Сондай-ақ Үкімет шетелдермен, әсіресе жағдай күр­деленіп тұрған мемлекеттермен жол қаты­насын барынша оңтайландыруы тиіс.

Президент халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін қызметтердің үздіксіз жұмыс істеуінің маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, азық-түлік қауіпсіздігі мен әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларына қатысты мәселелер ерекше назар аударуды қажет етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды елдегі экономикалық белсенділіктің күрт төмендеуінен шыға алды деп есептейді. Бизнесті ынталандыру жөнінде шаралар қабылданып, тұрғындардың аз қамтылған топтарына көмек көрсетілді. Дүниежүзілік банк еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көр­сет­кіштерінің қарқынын жоғары баға­лады. Бұл ретте бүкіл әлем бойынша  пандемияның жақындап келе жатқан екінші толқыны жаңа міндеттер жүктейді.

Жиында Президент бүгінде астық жинау ісі аяқталып келе жатқанын, биыл 20 млн тоннаға жуық астық жиналғанын, бұл өткен жылмен салыстырғанда 34%-ға артық екенін, жиналған өнімді сақтауды қамтамасыз ету және фермерлерге өнімін шетелге сатуда көмектесу қажеттігін жеткізді.

Жиында Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласына қатысты басқа да мәселелерді қозғады. Атап айтқанда, Президент ветеринарлық қызметтің даму деңгейінің төмендігі құс тұмауының өршуіне жол бермеу үшін уақтылы шаралар қабылдауға мүмкіндік бермегенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, құстар­дың жалпы өлімі жеке қосалқы шаруашы­лықтарда 24 мың бастан және негізгі екі құс фабрикасында 500 мың бастан астам болды. Сондықтан жағдай өте күрделі. Оған ең маңыздысы назар аудару керек.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы ветеринарлық қызмет елдің жалпы биологиялық қауіпсіздік жүйесінің бөлігі болып табылатынын сөз ете келіп:

– Үкімет ветеринарлық қызметті күшей­ту бойынша шаралар кешенін әзірлеуі керек, өйткені қауіпсіздік мәселе­лерінен басқа, ветеринарлық қызметтің даму дең­гейі ауылшаруашылық өнімдерін экспорт­тау мүмкіндігіне тікелей әсер етеді, – деді.

 

Қатаң шаралар енгізбеуге мүмкіндік бар

Президент жиында халықпен қарым-қатынас жасаудың және кері байланыс орнатудың аса маңызды екеніне назар аударды.

– Пандемияға қарсы күрестегі табыс, негізінен, халықтың қабылданған шаралар мен шешімдерге деген сенімінің деңгейіне байланысты. Мұны тәжірибе көрсетті. Ал сенім азаматтардың билік тарапынан атқарылып жатқан іс-қимыл­дарға түсіністік танытып, қолдау көрсе­туіне байланысты. Халықпен тұрақты диалог жасап отыру керек және тұрғындарға туындаған мәселелер мен қатерді шынайы әрі ашық айтып, оны шешудің жолдарын ұсыну қажет. Жағдайдың ушығуы санитарлық және алдын алу шараларын қатаң сақтауға байланысты екенін бизнес өкілдері мен азаматтарымыз түсінуге тиіс. Шынайы және оптимистік жағдайлар бойынша биыл қатаң шектеу шараларын енгізу қажеттігін болдырма­уымыз керек және оған мүмкіндігіміз бар, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы сөзінің соңында негізгі күш халықта екенін, сондықтан ін­детке қарсы күресте ел болып бірлесе қи­мыл­дау өзінің жемісін беретінін атап өтті.

– Қазір әлемдегі жағдай күрделі. Тіпті кейбір аймақтардағы ахуал ушыға түсті. Бұл жағдай, әрине бізді де алаңдатады. Барлығымыз ел ішінде және айналамызда тұрақтылық болғанын қалаймыз. Сондықтан әлемде болып жатқан оқиғалардан сабақ алуымыз керек. Елдің береке-бірлігі мен амандығы бәрінен қымбат. Әсіресе бұл қазіргідей кезеңде өте маңызды. Әлемді жайлаған пандемияға және экономикалық дағдарысқа төтеп беру үшін мемлекет барлық қажетті шараларды қабылдауда. Бірақ бұл жұмыс бүкіл ел болып, жұмыла білсек қана өз нәтижесін береді.

«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген дана халқымыз. Біздің барлық же­тіс­тіктеріміз, ең алдымен, ауызбіршіліктің арқасы. Осыны ұмытпаған жөн, – деді Президент Қ.Тоқаев.

Айта кетейік, отырыста Премьер-Министр Асқар Мамин, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, сондай-ақ Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов сөз сөйледі.