Қоғам • 08 Қазан, 2020

Азаматтарға қандай жағдайда мемлекеттік қызмет көрсетілмейді?

223 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының «Мем­­лекеттік көрсетілетін қыз­мет­тер туралы» Заңында мем­лекеттік қыз­меттерді ұсынудан бас тарту үшін бірқатар негіздер көзделген.

Азаматтарға қандай жағдайда мемлекеттік қызмет көрсетілмейді?

Қызмет көрсетуден бас тарту кезінде заңнама талаптарының бұзылуының алдын алу мақсатында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті тұрақты негізде қызмет көрсететін мемлекеттік органдарда түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Осылай карантин режімі жағдайын­да онлайн-жиналыс өткізіліп, оған аудан­дар мен облыстық маңызы бар қала­лардың әкімі аппараттарындағы заң қызметі, ішкі бақылау қызметі бөлім­дерінің, жер қатынастары мен сәулет бөлімдерінің басшылары қатысты.

Департаменттің Мемлекеттік қыз­мет­тер басқармасының басшысы Әділ­бек Мұхамеджанов заңнамаға сәй­кес қызмет алушылардың құжат­та­ры­ның дұрыс болмауы, ұсынылған мә­ліметтердің заңнама талаптарына сәйкес келмеуі, мемлекеттік қызметті көрсету үшін талап етілетін келісу тура­лы сұранысқа уәкілетті мем­лекеттік органның берген теріс жауабы, сон­дай-ақ сараптаманың, зерттеудің не тек­серудің теріс қорытындысы мемле­кет­тік қызметтерді көрсетуден бас тар­ту үшін негіз болатынын атап өтті.

Сонымен қатар қызметті немесе оның бөлек түрлерін атқаруға тыйым салу туралы заңды күшіне енген сот шешімі бар, не болмаса мемлекеттік қызметті алуға байланысты арнайы құқығынан айыратын сот шешімі бар қызмет алушыларға мемлекеттік қызмет көрсетілмеуі мүмкін. Қызмет алушы қызмет ұсынудан бас тартудың себептерін жойған жағдайда қызмет алуға қайта жүгіне алады.

Жиналыс барысында қызмет ұсы­нушыларға қызмет алушылардың құ­қықтары, сондай-ақ қызмет ұсыну­шы­лардың құқықтары мен міндеттері түсіндірілді. Ә.Мұхамеджановтың ай­туын­ша, қызмет ұсынушылар аза­маттарға мемлекеттік қызмет алу үшін тең жағдай жасап, қағазбастылыққа жол бермеуі, ашықтық пен тиімділік қағидаттарын ұстануы, қызмет көрсету процесін тұ­рақты негізде жетілдіруі тиіс.

Кеңес қорытындысы бойынша қыз­мет алушылардың құқықтарын қор­ғауды қамтамасыз етуге бағытталған ұсынымдар әзірленді.

 

Ақмола облысы