Қазақстан • 08 Қазан, 2020

Заңсыздық па, әлде...

871 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Конституциясының 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мем­лекеттік тiл – қазақ тілі» деп жазыл­ған, алайда осы норманы Қа­зақ­стан Парла­менті заң шығару ісінде ұзақ жылдар бойы ескермей, орын­да­май келеді.

Заңсыздық па, әлде...

Тiлдердiң қолданылуының құ­қық­тық негiздерiн реттейтін «Қазақс­тан Республикасындағы тiлдер туралы» заңның 4-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi.  Мемлекеттiк тiл – мем­ле­кеттiң бүкiл аумағында қоғам­дық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк бас­қару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi» деп көрсетілген. Демек аталған заң Конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесін анықтап дамыта отырып, қазақ тілі – мемлекеттік басқару, заң шығару және iс қағаздарын жүргiзу тiлi деп бекітті.

Жоғарыда көрсетілген бап­тар­дың депутаттарға міндеттілігі қан­ша­лықты деген сұрақты білу үшін Парламенттің мәртебесін, құқықтық негізін көрсеткен «Қазақстан Рес­пуб­­­ли­касының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңын қарадық.

Бұл жерде  37-бапта «Парламент жұ­мысында тiлдердi пайдалану Рес­публика Конституциясына және Рес­пуб­ликадағы тiл туралы заң­дарға сәйкес жүзеге асыры­ла­ды» деп бекітілген. Демек, Қа­зақ­стан Республикасының Парламенті заң шығару процесін тек қана мем­лекеттік тілде – қазақ тілінде жүр­гі­зуге міндетті. Осы заң бұзу­шы­лық­тардың дәлелдемесін біз Пар­ла­мент Сенатының, Мәжілісінің заң жобасын бірінші, екінші оқылымда талқылаулары, мақұлдаулары туралы кез келген отырысының көрсе­тілі­мінен, стенограммаларынан бай­қай­мыз.

Бұл көрсетілімдерде оқылымдарда заң жобасы бойынша баяндамалар, тұжырымдар, басты қорытындылар көбінесе орыс тілінде айтылады.

Бұны қалай түсінуге болады? Олар қазақ жерінде туып, өсіп, әкім, министр, генерал бола тұра, мемлекеттік тілде сөйлемеуі, білмесе  үйренбеуі неліктен? Әлде осындай шенеуніктердің тілді меңгермеуінің себебі Қазақ мемлекетінің болашағы бұлыңғыр деп ойлап, сенбеуінде ме?!.

Парламенттің осы заңдарға қайшы әре­кеттері қазақстандықтардың Конс­ти­ту­циялық құқын бұзып, заң шығару ісіндегі болып жатқан жарыс­сөз­дерді, қорытындыларды, арнайы мамандар уәждері орыс тілінде айтылғандықтан түсінбеуіне апарып, Конституциямен, заңдармен беріл­ген мемлекеттік тілде ақпарат алу құқық­та­рының бұ­зыл­уы­на, шектелуіне жол беріп, бе­кі­­­­тілген құ­қықтарының жү­зе­ге­ асуы­на кедергі жасауда.

Мемлекетіміздің заң шы­ға­ру­шы органы осы өрескел заң бұзу­шылықтары арқылы қазақ халқының ғана  құқын аяққа басып отырған жоқ. Олар 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда біртұтас ел болып қабылдаған Конституцияны мойындамай, бүкіл Қазақстан халқының құқын бұзып отыр.  Қорытындылай келе білгіміз келетін басты мәселе – Парламент заңды орындауға өзі үлгі болуы керек емес пе?!

 

Айыпқан МУХАМЕДИЕВ,

заң ғылымдарының кандидаты