Үкімет • 08 Қазан, 2020

Ведомствоаралық комиссия Президенттің тапсырмаларын орындау бойынша бірқатар шешім қабылдады

293 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е. Тоғжановтың төрағалығымен өткен Ведомствоаралық комиссияның отырысында Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың коронавирус пандемиясының екінші толқынына дайындық мәселелері жөніндегі ү. ж. 7 қазандағы кеңесте берген тапсырмаларын орындау бойынша нақты шаралар әзірленді, деп хабарлайды Egemen.kz Премьер-Министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоаралық комиссия Президенттің тапсырмаларын орындау бойынша бірқатар шешім қабылдады

«Кеше Қасым-Жомарт Кемелұлы көз жұмған 182 медицина қызметкерінің отбасыларына, сондай-ақ қызмет атқару кезінде COVID-19-бен ауырған дәрігерлерге өтемақы төлеу бойынша жедел шаралар қабылдауды тапсырды. Осыған байланысты өңірлердің әкімдіктеріне, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне медицина қызметкерлерінің қайтыс болу фактісі бойынша өтемақы төлеуді үстіміздегі жылдың 13 қазанында аяқтауды тапсырамын. Сондай-ақ ағымдағы жылғы 17 қазанда өңірлік комиссияларда өтінімдері қаралған кәсіби қызметті жүзеге асыру кезінде ауырған дәрігерлерге өтемақы тағайындауды аяқтауды қамтамасыз ету қажет», – деді Е. Тоғжанов.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Ведомствоаралық комиссия мемлекеттік органдармен, «Атамекен» ҰКП-мен және отандық тауар өндірушілермен талқылау қорытындысы бойынша қорғаныш маскаларына 40 теңге, бір реттік медициналық маскаларға 60 теңге мөлшерінде шекті бөлшек сауда бағасын белгіледі.

Сондай-ақ, Е. Тоғжанов жауапты мемлекеттік органдарға бизнес-қоғамдастықпен, салалық қауымдастықтармен бірлесіп, халыққа қызметтің қолжетімділігін арттыру үшін үш күндік мерзімде ПТР тестілеу бағасын төмендету мәселесін пысықтап, Ведомствоаралық комиссияның келесі отырысына келісілген ұсыныстарды шығаруды тапсырды.

Сонымен қатар, Премьер-Министрдің орынбасары бір апта мерзімде өңірлерде ПТР тестілеуді біркелкі өткізуді қамтамасыз етуді, карантиндік режимді бұзушылықтарды, оның ішінде ҚР мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде, әуежайларда, теміржол вокзалдарында анықтау бойынша мониторинг топтарының жұмысының тиімділігін арттыруды тапсырды.

Шымкент қаласы, Ақмола, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктеріне тұрақтандыру қорларындағы дәрілік заттар резервінің көлемін ұлғайту тапсырылды. Сонымен қатар, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу және инфекция ошақтарын уақтылы оқшаулау мақсатында Ведомствоаралық комиссия «Saqbol» мобильді қосымшасын енгізуді мақұлдады. Қосымша тегін, жеке деректерді таратпайды, жұқтырған адамдармен байланыс туралы азаматтарды уақтылы хабардар етуге мүмкіндік береді.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары бірқатар басқа да тапсырмалар берді.