Арман оты жағылған жанарыңда «сол бір аяулы бейнеге қайта бір жолығып қалсам» деген үміт жаңбырлы түн қойнауында маздай түседі. Көз жасындай сырғып бара жатқан әйнектегі тамшы «сағындың ба?» деп сыбырлағандай. Сүйгенін сағынған ғашық жүрек «тереземді ұрмаңдаршы, тамшылар» деп әнтек үн қатады. Ақынның жүрегіне тұнған таңғы шықтай мөлдір жыр жүректерге өрнек салды.
«Алды-артыма қарамай Мәскеуге оқуға аттандым. Бір жыл үйрене алмай жүрдім. Мәскеудің жаңбыры да, адамдары да, көшелері де ұнамады. Көшеде кетіп бара жатқан біреуден жөн сұрасаң, ұрсып береді. Әйтеуір алғашқы кезде қала суық болып көрінді. Оның үстіне сүйгенімді сағындым. Бірде оны ойлап тұрған едім, кенет жаңбыр жауа бастады. Сосын бір өлеңнің туып келе жатқанын байқап, дереу қағаз-қаламымды алып жаза бастадым», дейді Өтеген Күмісбаев.
...Түніменен, түніменен тереземді
тамшы ұрды,
Түніменен айтып жатты
жан сырды, жан сырды.
Түніменен, түніменен өзің жайлы
түс көріп,
Жұмыр басқа мазасыз ой сан кірді,
сан кірді.
Тереземді ұрмаңдаршы,
тамшылар...
...Бір қызығы, көңілдерді сағынышқа көмкеріп, сөзімен үндесе жарасқан әннің сазы да жаңбырлы түні туыпты. Әсірелеусіз, шындығында солай. Сазгер Ахмадияр Есмұқановтың баспасөзге берген ертеректегі сұхбатында «Бұл – іңкәр жүректің үні еді» дейді. «Түн ортасында біреу есік қаққандай болды. Дала тастай қараңғы, жаңбыр жауып тұр. Сыртқа жүгіріп шықсам, ешкім жоқ. Сөйтсем, қыздың нәзік саусағымен есік қаққандай болған өз жүрегімнің дүрсілі екен. Сол түні ұйықтай алмай, дөңбекшіп шықтым. Бір апта ыңылдап жүріп, ән шығардым», деп еске алады сазгер. Бірақ көңілінің сырлы айнасындай болған әуеннің ажарына орайласар лайық мәтін таба алмай қиналады. Күндердің бір күні кітапханада Өтеген Күмісбаевтың «Ақ моншақ» атты жыр жинағы ойда жоқта қолына түсіп қалып, іздеп жүрген жоғының үстінен түскендей қатты қуанады.
Мәскеудегі жастық шағының жалынды жылдарын артқа тастаған Өтеген Күмісбаев ағамыз жырына арқау болған жан жарын қасына ертіп, Алматыға оралады. Бұл уақытта тыңдарман қауымға әні мен жыры ажырағысыз егіздей болып кеткен «Тамшылар» әні АБК тобының орындауында халық арасына кең тарап кеткен шағы еді. Арада жылдар өткенде ән авторлары Алматыда кездескен де. Кездесіп риза болып, айрықша ілтипат білдірген.
– Махаббат туралы шығарма ешқашан өшпейді ғой, бұл туынды көп таралады деп ойламағанмын. 1977 жылы мен әнді шығарып едім, қазір ән менің атымды шығарып жүр. Шығармашылығымдағы шоқтығы биік дүниелердің бірегейі осы ән, – дейді сазгер Ахмадияр Есмұқанов.
Жан сыры мен қалтқысыз көңілді, қараңғыға сіңіп жатқан жеңіл тынысты өн бойына дарытқан ән махаббаттың мөлдіріне, кәусар тазалығына еріксіз сендіреді. Нәзік ән салған саксофон үні тез суынатын сүйіспеншілікке емес, шынайы жан сырына елітеді. Тереңнен сыр тарқатқан естеліктердегі ескірмейтін әңгіме жүрек түкпіріндегі тұңғиық, түпсіз мәңгіліктерге осылай сәлем жолдайды. Жанарыңызды, жаныңызды кірбің шалып жүрсе, сағынышыңызды әлдеқайда ұмыт қалдырған боларсыз, бәлкім?! Тереңде жатқан тұнық дүниеңізге үңіліп көріңіз, сырт әлем құлағыңызға «тереземді ұрмаңдаршы, тамшылар» деп сыбырласын. Ал тыңдарманның жүрегінде жатталған жақсы әнді бүгін талайлар орындап жүр, әлі де орындала бермек.