Саясат • 09 Қазан, 2020

Бішкектегі бей-берекетсіздік

320 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Қырғызстанда сайлау нәтижелеріне келіспеушіліктен туған саяси наразылық тағы да жаппай бей-берекетсіздік пен заңсыздықтарға ұласуы арқылы тұтас елді әлеуметтік-экономикалық құрдымға әкелетін аса қауіпті сипат алғандай. Ағайын елдің аумағында болып жатқан, ешқандай демократияның аясына сыймайтын әрекеттердің барысы еріксіз осындай ойға жетелейді. Қазір билік нақты кімнің қолында екенін де, президент Сооронбай Жээнбековтің қайда жүргенін де ешкім білмейді. Бірнеше тарап өздерін уақытша билік деп жариялап үлгерді. Шерудің алғашқы күндері демонстранттар президент резиденциясына баса-көктеп кіріп, кен орындарын басып алған-ды. Кейінірек еріктілерден құрылған топтар мемлекеттік мүліктің одан әрі тоналмауы үшін оларды қорғауға көшті. Осылайша, демократияның ұшқыны ретінде басталған қозғалыс бүгінде анархияға айналып барады.

Бішкектегі бей-берекетсіздік

Болды да партия, ел іші жарылды

4 қазанда Қырғызстанда парламенттік сайлау өтіп, сол күні сағат кешкі 9-ға жақындағанда Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Нұржан Шайлдабекова баспасөз мәсли­хатын өткізіп, сайлаудың алдын ала қоры­тындысын жариялаған. Дауыс берудің қоры­тындысына сәйкес, парламентке 4 партия өтіп, «Биримдик» партиясы – 46, «Мекеним Кыр­гызстан» партиясы – 45, «Кыргызстан» пар­тиясы – 16, «Бүтүн Кыргызстан» партия­сы 13 депутаттық мандат иеленгенді.

Бұл парламентке өту үшін қажетті 7 па­йыз­дық межеден асуға үміттенген партия­лар­дың наразылығын тудырды. Олар келесі күні наразылық шеруін бас­тайтынын ғалам­тор арқылы жариялады. Көпшілікке Жоғар­ғы Кеңештегі 120 депутаттық орының 17-ісін үш партияның иеленгеніне күмән келтірді.

Жалпы, Жоғарғы Кеңешке сайлануға алғашқыда 44 партия ұсыныс білдіріп, 16 партия қатысты. Әйтсе де, партия­лардың елге танымал мүшелері бір партиядан бір партияға өтіп, Парламенттен орын алады-ау деген партияның жалына жармасты. Бұл да өз кезегінде партия бағдарламасы дегеннің бос сөз екенін білдірсе керек-ті.

Сонымен, 5 қазан күні сәскеде Біш­кектің орталық «Алатау» алаңында басталған митинг кешке дейін созылды. Алаңға жиналған «Социал-демократтар», «Мекенчил», «Чон казат», «Реформа», «Мекен Ынтымагы», «Бир Бол», «Рес­пуб­лика» және «Ата Мекен» партия­лары Орталық сайлау комиссиясынан сай­лаудың алдын ала қорытындысын жоққа шығаруды, сайлауды қайта өткізуді талап етті.

Бейбіт митинг күн батып, қас қарайып, түннің бір уағы болғанша жалғасты. Алайда түннің екінші жартысында шеру­ші­лердің бір тобы Президент және Жоғарғы Кеңеш орналасқан «Ақүйдің» темір қор­шауын сындырып, ғимаратқа кіруге әре­кет жасады. Ғимараттарды күзетіп тұрған милиция қызметкерлері желім оқ­тарды, cу, көзді ашытатын газ шашып, шерушілерді кері қарай ығыстырды. Шерушілердің көпшілігі тарқап, қалың бір тобы екі көше кейін шегініп, қар­сылығын тоқтатқан жоқ. Бірнеше сағат­тан соң олар милиция жасақтарынан басым болып, таңғы 3-те «Ақүйдің» ғи­маратын басып алды. Қақтығыс кезінде милиция тарапынан қорқыту ретінде оқ атылып, дауыс шығарушы грана­талар жарылды.

Таң атар-атпастан шерушілердің бір тобы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің ғимаратына шабуыл жасап, тергеу изоляторында жатқан бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты шығарды. Сондай-ақ таң атқанға дейін түрмеде жатқан бұрынғы премьер-министр Сапар Исаковты, бұрынғы депутат Садыр Жапаровты босатып алды.

Алмазбек Атамбаевтың адвокаты Бішкек қаласындағы Бірінші Май аудандық сотының шешімі арқылы 11 қарашаға дейін Алмазбек Атамбаевты үй қамағына шығару туралы қарар шығартып, мәселені заңдастырды. Сапар Исаков түрме бастығынан бір апта үйінде болуға рұқсат алған көрінеді-мыс.

 

Бас-басына би болған...

6 қазанда Бішкекте төңкеріс нәти­же­сіндегі жағдайды шешу үшін Үйлес­тіру кеңесі құрылды. Құрамына 8 пар­тияның ли­дерлері кірген Кеңесті сайлау­да парламент­ке өтуге мүмкіндік алған «Бүтін Қырғыз­стан» партиясының же­тек­шісі Адахан Мадумаров басқарады де­ген шешім қа­былданды. Бішкекте және рес­пуб­ли­када тәртіпті сақтау мәселесін Қыр­ғыз­станның Қауіпсіздік кеңесі қолға алды.

Елдегі бей-берекетсіздік мұнымен бітпейді. Алаңға атойлап шыққан айыр­қалпақты ағайын мемлекеттік мүлікті талан-таражға салуға да кірісіпті. Мұндай бейбастық жалғаса берер ме еді, кейінірек еріктілер тонаушыларға қарсы топ құрып, маңызды нысандарды қорғауға алды.

Сондай-ақ осы күні Жоғарғы Кеңеш­тің депутаттары екіге бөлініп, жиын­дарын өткізді. Олардың бір тобы Жо­ғарғы Кеңеш­тің спикері Дастанбек Жұма­беков­тің, үкі­мет басшысы Кубатбек Бо­роновтың өз ық­тиярымен қызметінен босату туралы өтінішін қабыл алып, Жоғарғы Кеңеш­тің төрағасы етіп бұрынғы депутат Мықты­бек Абдылдаевты, Үкімет басшысы етіп Садыр Жапаровты тағайындады. Ал «Ала­тау» алаңындағы шерушілер жас кәсіпкер Тилек Токтогазиевті үкіметбасы етіп жариялады. Депутаттардың екінші тобы бұл әрекетті заңсыз деп, шешіммен келіспей отыр. Қазіргі кезде заңды билік­тің иелері – Президент және Жоғар­ғы Кеңеш.

6 қазанда таңертең орталық алаңда басталған митингке қатысушы жас­тар жағы көбейді. «Жастарға жол» және «Әйелдерге жол» деген ұранмен шық­қан олар, билікке жастардың, әйелдер­дің өкілдерін көбі­рек тартуды және «Люстрация туралы» заң­ды дереу қа­был­дауды талап етті. Олар сотталғандардың түрмеден шығарыл­ғанына наразылығын да білдірді.

Осы күні Президент С.Жээнбеков YouTube желісі арқылы үндеу жасап, елді сабырға шақырды. Сонымен бірге БАҚ-қа берген сұхбатында оппозициямен келіссөз жүргізуге дайын екендігін білдірді. Осы күні ОСК сайлаудың қорытындысын жойған болатын.

Сондай-ақ Бішкектің орталық алаңы­на жиналған жұртшылық «Люстра­ция туралы» заң қабылдауды, ел Прези­дентінің отставкаға кетуін талап етті. Шеру­ші­лер­дің бір тобы Үкімет үйі ғимара­тының алдына келіп, Садыр Жапаровтың премьер-министр болуына қарсылық білдірді.

Қырғызстанның тәуелсіз интернет ресурсы Kloop.kg-ның хабарлауынша, түрлі саяси күштердің мемлекетті басқаруға тал­пыну әрекеттерінің бәрі заңсыз. Бірін­шіден, шенеуніктердің өз-өздерін түрлі лауазымдарға тағайындаулары заңға сай емес. Екіншіден, Бабанов, Жапа­ров, Мадумаров секілді саясаткерлер бас­қаратын Үйлестіру кеңестерінің де заңды құзыреті жоқ. Үшіншіден, 6-шақырымдағы Жоғарғы Кеңештің ғана Қырғызстанға қатысты мәселелерді шешуге құқығы бар.

Kloop.kg интернет-ресурсының кел­­тір­ген мәліметтеріне сүйенсек, Садыр Жапаров Үйлестіру кеңесінің шешім­деріне бағынбайды. Осыған байланысты, ол өзін премьер-министр етіп тағай­ындауға кіріс­кен.

Қырғызстанның заңы бойынша елдегі осындай аумалы-төкпелі кезеңде парламент қана құзыретті билік өкілі санала­ды. Сондықтан палата үкіметтің жаңа құ­рамын бекітуі тиіс. Бірақ бұл қадамды орындау үшін бірнеше талап бар. Бірін­шіден, парламентке мүше 61 депутат жиынға қатысуы тиіс. Сондай-ақ көпшілік коалициясы құрылуы қажет. Бұдан бөлек премьер-министрді сайлап, үкіметтің құ­ра­мын бекітеді. Алайда министрлер каби­не­ті толықтай заңды болуы үшін президент оған келісуі қажет немесе үш күн күтуі тиіс.

Жоғарыда аталған интернет-ресурсқа сенсек, «Достук» қонақүйінде мұның бірі болмаған. Ол жаққа небәрі 35 депутат жиналған. Олар қалған 26 әріптесінің сенімхатын да ала келген көрінеді. Бірақ жиын жабық есік жағдайында өткендіктен, бұл мәліметтің қаншалықты рас екенін анықтау қиын.

Бір қызығы, «Достук» қонақүйінде жиналған депутаттар парламент спикері етіп Мыктыбек Абдылдаевты сайлады. Ол кезінде «Ата-журт» партиясының құра­мында болған еді. Премьер-министрлікке ұсынылған Садыр Жапаров та 2010  жылдары «Ата-журт» сапында Жоғарғы Кеңешке өткен-ді.

Тағы бір таңғаларлық мәселе мынада. Жоғарыда даулы сайлауда үш пар­тия­ның басымдыққа ие болғанын айт­тық. «Достук» қонақүйінде жиналған депутат­тардың басым бөлігі осы үш партия­ның өкілдері. Ендеше, олардың сай­лау қорытындысына наразы топтың өкі­лін премьер-министрлікке жедел түрде мақұлдай салуы да күмән туғызады.

Бішкек қаласының заңгері, заң ғы­­лым­­дарының докторы Сания Токтога­зиеваның айтуынша, Садыр Жапаровты пре­мьер­лікке, Мыктыбек Абдылдаевты спи­кер­лікке тағайындау секілді Жоғарғы Кеңеш­тің шешімдері заңға сай емес. Өйткені палата жиынында кворум болған жоқ. Сондай-ақ Үйлестіруші кеңестің де қыз­меті заңсыз. Өйткені Қырғызстан конституциясында да, заң актілерінде де ондай орган қарастырылмаған. «Қазір кадрлық саясаттағы жүгенсіздік – анархия, ол заңсыз әрі конституцияға толықтай қарсы келеді», дейді С.Токтогазиева.

Заңгердің айтуынша, қазіргі таңда 2010 жылғы оқиғаның қайталануына жол бер­меу керек. Естеріңізде болса, сол кезде Қырғызстанда көтеріліс болып, елде ешқандай заңды конституциялық орган қалмаған еді. Мемлекетті уақытша үкімет басқарды.

«Қырғызстан уақытша үкіметтің дек­рет­тері арқылы басқаруға шыдай алмайды. Өйткені кез келген мемлекет заң аясында жұмыс істейді. Ал біздегі басты заң – конституция. Қырғызстандағы 2010 жылдан басталған түйткілді мәселелердің бәрі осындай декреттердің салдарынан туындады. Бұл өте қауіпті. Бұл құқықтың үстемдігіне қауіп төндіріп, нағыз демократияға, конституционализмге кедергі келтіреді», дейді ол.

Kaktus media сайтының хабарлауынша, құқық қорғаушы Динара Ошурахунова Садыр Жапаровтың премьер-министр лауазымына тағайындалуы заңсыз деп есептейді.

«Біз Садыр Жапаровтың тағайындалуы заңсыз деп есептейміз. Өйткені шешім жабық есік жағдайында қажетті кворумсыз өтті. Сенімхаты бар бірнеше депутат жиналып, тасада шешім қабылдады. Кім оны ұсынғанын, қандай критерийге сүйенгенін білмейміз. Сондықтан шешім заңға сай келмейді деп есептейміз. Таяуда қамаудан босатылған адамдар ешқандай лауазымды қызметке ұсынылмауы тиіс, бақылап қана отыруы керек. Маңыздысы осы. Сот істерінің қайта қаралуын күтуі ке­­рек», деді Д.Ошурахунова Бішкек қала­сын­да кезектен тыс өткен азаматтық фо­рум­да.

Президенттің баспасөз хатшысы Тол­го­най Стамалиеваның айтуынша, Соо­ронбай Жээнбеков парламент спи­кер­лігіне сайланған Мыктыбек Абдыл­даевпен кездесуге дайын. Сондай-ақ импичмент мәселесін талқылауға, бүкіл мәселені заң аясында шешуге мүдделі.

1

 

Мемлекет тұрақсыздануы мүмкін

Қырғызстандағы саяси дағдарысқа әлем­дік бұқаралық ақпарат құралдары да назар аударды. Мәселен, BBC арна­сы­ның хабарлауынша, қазіргі таңда би­лік­тегі белгісіздік Қырғызстанды тұрақ­сыз­дыққа әкелуі мүмкін.

«Елде даулы парламенттік сайлаудан туындаған көтерілістен кейін биліктің транзитін заңды түрде жүргізу қиынға соғып тұр. Оппозициялық топ парламент ғимаратын басып алғаннан кейінгі эйфория сезімі көп ұзамай белгісіздік пен сенімсіздікке айналды.

Оқиға салдарынан билік дағдарысқа тап келгендіктен, ел ішінде тобырлық ереже қалыптасты. Адамдар мем­лекеттік мекемелерге басып кіріп, төр­аға, мэр, министр секілді өздерінің көш­бас­шы­ларын тағайындап жатыр. Бірақ мұн­дай өзін өзі тағайындауды келесі бір үлкен тобыр жоққа шығарады», дейді BBC.

Кей топтардың осындай түсініксіз жағдайды пайдаланып, түрмеде жатқан бір­неше саясаткерді босатып алғаны белгілі. BBC-дің пайымдауынша, мұн­дай саясаткерлер мен топтардың шығуы биліктегі дағдарысты одан әрі күрде­лендіре түспек. Өйткені олардың әрқай­сысы өздерінің мүддесін алға шығарғысы келеді.

Швециялық Dagens Nyheter газеті Қырғызстандағы оқиғаны тігіліп бітпеген костюмге ұқсатады. Шал­бары бар, ал пиджагының қолы жоқ. Ел­де еркін сайлау мен саяси плюра­лизм қалыптасқан, бірақ оны басқару на­шар және тәуелсіз құқықтық жүйе қалып­тас­паған...

Елдің басшылары ештеңеден сабақ алмағандай әсер қалдырады. Олар әуелі демократиялық институт арқылы сайлау­да жеңіске жетеді. Кейіннен сол институтты жою үшін бәрін жасайды...

Бірақ жүйе өзгерген жоқ. Қырғызстан іргесі берік институттар мен орнықты құқықтық жүйе болмаса, демократияның ойлағандай жүзеге аспайтынын анық аңғартады», дейді Dagens Nyheter газеті.

 

Екі революцияның экономикалық салдары

Тәж-дағдарыс қос өкпеден қысқанда, Алатаудағы ағайынның ала тайдай бүлінуі бауырлас елдерді де алаңдатпай қойған жоқ. Себебі бұған дейінгі 2005 және 2010 жылдары орын алған келеңсіздіктердің Қыр­ғызстан экономикасына қаншалықты зиян әкелгенін көпшілік жақсы біледі. Өкі­нішке қарай, бұл жолғы бей-бере­кет­сіз­діктің де салдары зор болмақ. Елдің эко­­но­микасы осыған дейінгі екі революциядан кейін ес жиып, еңсе тіктеп келе жатқанда, тағы бір дүрбелеңнің басталуы бірінші кезекте қарапайым халыққа қиын тимек.

Мәселен, 2004 жылы Қырғыз Респуб­ли­касындағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 55,118 млн сомды құрады. 2005 жылы орын алған келеңсіздіктерден кейін өнді­ріс көлемі 3,902 млн сомға қысқарды. Жалпы, елдің экономикасын 2005 жылғы оқиғалардан соң қалпына келтіруге екі жылдан аса уақыт кетті. Деректерге сүйен­сек, 2006 жылы республикадағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,207 млн сомға өссе, 2007 жылы өсім 5,4 млн сомды құраған. Арада екі жыл өткеннен кейін ғана өсім шамамен 30 млн сомға артып, қалыпты даму жолына түсті. Осыдан
15 жыл бұрынғы революция эконо­ми­каның дамуын қаншалықты тежегенін осыдан-ақ аңғаруға болады.

2010 жылы болған бей-берекетсіздік халықты кедейлендіріп жіберді. Мәселен, 2009 жылы елдегі кедейлік деңгейі 31,7 пайызды құраса, бір жылдан кейін аталған көрсеткіш 2 пайызға, ал 2011 жылы 3,1 пайызға, 2012 жылы 1,2 пайызға артты. Тек революциядан кейін екі жыл өткенде ғана кедейлік деңгейі аздап төмендей бастады.

Араға бірнеше жыл салып барып қайталанатын елдегі келеңсіздіктер Қыр­ғыз­станның сыртқы және мемлекеттік қарызын көбейтіп отыр. 2005 жылы елдің сыртқы қарызы 1 млрд 882,2 млн долларды құраса, қазір 4,8 млрд долларға жетті. Сонда он бес жылдың ішінде мемлекеттің сыртқы берешегі шамамен 3 млрд долларға көбейген. Бей-берекетсіздіктен кейінгі жағдайды реттеп, тұралаған экономиканы демеу үшін алынатын сыртқы қарызы орташа есеппен жыл сайын 200 млн долларға көбейіп отыр. Осы орайда Қырғызстанның сыртқы қарызының шамамен 50 пайызы Қытайға тиесілі екенін атап өткен жөн. Соңғы оқиғалар мен пандемияға байланысты қарыз көлемінің тағы жүздеген миллионға ұлғаятыны анық. Бірақ мұның бәрін түптің түбінде қайтару керек болады. Мемлекеттің тәуелсіздігіне қауіп төндіретін маңызды фактордың бірі де осы. Айтпақшы, былтыр сыртқы қа­рыз­дың елдің ішкі жалпы өніміне шаққандағы арақатынасы 54,1 пайызды құрады. Бұған дейінгі жағдайларды ескерсек, қазіргі дүр­белеңнен кейін көрсеткіштің тағы ұлғаяры анық.

2005 және 2010 жылдардағы оқиғалар инфляцияға да кері әсер етті. Ресми мә­ліметке сүйенсек, 2005 жылы инфляция көлемі 4,4 пайызды құраса, одан кейінгі екі жылда шамамен 6 пайызға өскен. Сол секілді 2010 жылғы дүрбелеңнен кейін инфляция 8 пайыздан 16,5 пайызға дейін ұлғайды. Бұл өз кезегінде азық-түлік тауар­ларының қымбаттауына алып келді. Бүгінде ел халқы табысының жартысынан көбін азық-түлікке жұмсайды.

Үш жылдай тұрақты валюталардың қатарында болған қырғыз сомы соңғы оқиғалардан соң құнсыздана бастады. Доллардың бағамы 80 сомға дейін көтерілді. Ұлттық валюта бұрын-соңды дәл бұлай құнсызданған емес.

1

 

Ауыртпалық елдің мойнына түседі

Бұған дейін оқиғалардың барысына үңілсек, ел ішіндегі наразылықтардың орын алуына бірден-бір себепші фактор эконо­микалық тұрақсыздық. Мәселен, 2010 жылғы революцияға екі жыл бұрын­ғы дағдарыстың салдары әсер етсе, биыл­ғы дүрбелеңге пандемияның тигізген сал­дары мол. Өйткені елдегі жұмыс­сыз­дық деңгейі артып барады. Ел ішінде екі қолға бір күрек таба алмай жүр­ген­дердің қатарына биыл пандемияға бай­ланысты Ресей мен Қазақстан­дағы қара жұмыстан оралған 20 мыңнан астам адам қосылды. Осылайша респуб­лика­да­ғы жұмыссыздық 21 па­йыздан асып түсуі мүмкін. Бір қызығы, ішкі жал­пы өнім­­нің 30 пайызға жуығын дәл осы ең­­бек мигранттарының ақша
ауда­ры­­мы құрайды екен. Ал қазірдің өзін­де қар­­­жылық аударымдардың жыл­дық кө­лемі 25 пайызға қысқарғаны белгі­лі болып отыр. Бұл соңғы үш жылда тіркел­ген ең тө­менгі көрсеткіш.

Елдегі бизнестің бағыты да, болашағы да бұлыңғыр. Өйткені пандемия кезінде дәл осы сала үлкен шығынға ұшырады. Өзге мемлекеттер бизнес субъектілеріне түрлі жеңілдіктер қарастырып жатқанда, айырқалпақты ағайын мұндай қадамға барған жоқ. Салықтық каникул да жария­ламады. Салдары белгілі. Ірілі-ұсақты компаниялар жабылып, банкрот болды. Ішкі жалпы өнімнің біршама бөлігін құрап отырған бизнес саласының көрсеткіштері қатарынан төрт ай бойы төмендеп барады. Елдегі жұмыссыздықтың көбеюіне туризм саласы да «атсалысқан». Бұл салада 180 мыңға жуық адам еңбек етсе, осы жылы олардың 90 пайызы жұмыссыз қалған.

Мұны айтып отырған себебіміз соңғы күндері орын алған оқиғаларда дәл осы жұ­мыссыздардың ықпалы зор болды. Қара жұмысты ғана малданып келген, мем­лекеттік мүдде жолында басы бірік­пеген ел азаматтары әкімшілік ғима­раттарды, өндіріс орындарын басып алды. Ұлттық банк жедел шешім қабыл­да­мағанда, 2005 және 2010 жылдардағыдай көшедегі банкоматтардың да тоналатыны анық еді.

Әр топ өзін билік ретінде жариялап, әркімдер келіп стратегиялық өндіріс орындарын осылай басып ала беретін болса, бірлескен кәсіпорындардың, салынған инвестициялардың тағдыры қалай болады? Инвестицияның қорғалатынына еш кепілдік болмаса, инвестор енді келе ме? Инвестиция келмесе, өндірістердің де өрісі тар екені, мемлекетке салық түсімдері де азаятыны белгілі. Осы күндері өндірістер, шағын және орта кәсіп қаншалық зиян шекті, оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Сарапшылар пандемияға байланысты әуелде елдің экономикасы жыл қорытындысы бойынша 6 пайызға төмендейді деп болжам жасаған еді. Соңғы оқиғалардан кейін экономиканың өсімі 10 пайызға құлдырауы мүмкін деген болжамдар айтыла бастады. Экономика тағы құлдыраса, халық қайтеді? Ең өкініштісі де – осы, аласапыранның зіл­мауыр зардабы ертең қарапайым халық­тың мойнына түсетіні тағы анық.

Қысқасы, болып жатқан оқиғалар еш­қандай да демократияның жемісі емес­тігі көрер көзге айдан анық. Сайлаулар өтеді, билік ауысады, бірақ мемлекет қа­лады. Ол – халықтың ең қымбат құнды­лығы. Өкінішке қарай, көрші елдегі жиі қай­таланып жатқан оқиғалар билікті күшпен басып алу созылмалы дертке айналғанын ғана көрсетіп қоймайды, одан да жаманы – мемлекеттіліктің киелі рәміздері саналатын туды аяқасты ету, мемлекеттік би­ліктің басты ордасын басып алып тонау, құ­жаттарды өр­теу халықтың киелі құнды­лығына деген құрметтің, өз бо­лашағына деген жана­шырлықтың жоға­лып бара жатқанын аңғартады. Түбі бір – туысқан елдің болашағына қалай алаң­дамаймыз?!

 

БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА: Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қырғыз Респуб­ликасындағы қазақстандық кәсіпорындардың жағдайына қатысты мәлімдеме жасады. «Қырғыз Республикасындағы қазақстандық инвесторларға тиесілі бірқатар кәсіпорынға шабуылдар мен оларды басып алу әрекеттеріне байланысты үлкен алаңдаушылық білдіреміз. Кәсіпорындардың Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын қызметкерлеріне күш жұмсау және осы кәсіпорындардың мүлкін жою туралы қауіп-қатер көрсету фактілері ерекше алаңдатады.

Қазақстандық компаниялар соңғы жылдары Қырғызстан экономикасына 1 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция құйып, көрші елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосты. Қырғыз тарапын Қазақстан азаматтарының да, Қыр­ғызстан аумағындағы қазақстандық компаниялардың да қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша дереу шаралар қабылдауға шақырамыз» делінген мәлімдемеде.

 

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

«Egemen Qazaqstan»