Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Жаңа онжылдық — жаңа экономикалық өрлеу — Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына биылғы Жолдауында құқық қорғау саласында тиісті кадрлық жұмыстың жоқтығын, құқық қорғау органдарының қызметінде ашықтықтың жетіспейтінін сынға алған болатын. Сондай-ақ, ел Президенті әрбір жүйенің қызметінің тиімділігі істелген жұмыстың көлемімен емес, сапасымен өлшенуі қажет екенін де атап көрсеткен-ді.
Осы талаптар биігінен қарағанда Ақтөбе облыстық сотында соңғы кездері қолға алынып жатқан жұмыстар көңілге үміт ұялатады. Анабір жылдары облыстық соттың төрағалары бірінен кейін бірі жаманатпен қызметінен босап, бұл жүйеде жүйесіздік орын алғаны да рас болатын. Ақтөбе облыстық сотының төрағалығына кезінде Жоғары Соттың судьясы болған, Алматы облысының мамандандырылған қаржы, Атырау облыстық соттарын абыройлы басқарған Бектас Бекназаров келгелі жүйеде жаңашылдыққа ұмтылушылық байқалады.
Жаңа төраға бірінші кезекте облыстық сот пен бұқара халықтың, бұқаралық ақпарат құралдарының байланысын қалыптастыру үшін баспасөз қызметінің бойына қан жүгіртіп, сот жүйесіндегі оқыс оқиғалар мен елең еткізерлік деректерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жұртшылыққа жеткізуді жолға қойған. Ай сайын бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін арнайы шақырып, атқарылған жұмыстар туралы хабардар ету, оларды толғантқан сұрақтарға жауап беру дәстүрге айналыпты.
– Жалпы құпия ұсталғанға қызығушылықтың басым болатыны бесенеден белгілі жәйт. Содан келіп, сот жүйесі жұмыстарына күманданушылық, судьялар түген екен деген қауесет қаулай есетінін көріп жүрміз. Біздің негізгі мақсатымыз осындай ойдан шығарылған өсек-аяңның алдын-алу, сот жүйесінің жұмысы, судья қызметі туралы халықтың түсінік-танымын қалыптастыру, өзара тығыз байланыста жұмыс істеу, сондай-ақ, адамдардың құқықтық сауаттылығын көтеру, – дейді облыстық соттың төрағасы Бектас Әбдіханұлы.
Сот төрағасының бастамасымен “Қазақстан-Ақтөбе” теледидарынан “Адам және заң” айдары ашылып, студиядағы хабар жүргізілетін орын судьялар қауымдастығының күшімен жабдықталыпты. Болашақта мұнда тек сот органдары ғана емес, облыстық ішкі істер департаменті, прокуратура, қаржы полициясы және басқа құқық қорғау саласының қызметкерлерін қатыстыра отырып, хабарлар жасау ұйғарылыпты. Және оны теледидар хабарлары аудандарға берілетін уақыт кестесіне сәйкес тарату ойластырылуда.
Сондай-ақ, облыстық алқабилер сотының ғимаратын салтанатты ашу рәсімі барысында облыстық соттың төрағасы Бектас Бекназаровтың “Электронды бақылау өндірісі” атты жаңа жобасы жұртшылыққа таныстырылған болатын. “Электронды бақылау өндірісі” жобасын пайдалана отыра, сотқа шағымданған тұлғалар және сот процестерінің басқа да қатысушылары өз үйінде, жұмысында отырып, интернет арқылы сот актілерінің көшірмелерімен таныса алады. Бұл дегеніміз, олардың уақытын үнемдеп, сот шығарған шешімдерге уақтылы шағымдануына болады деген сөз. Аталмыш жобаның енгізілуінің мақсаты сот ғимаратына келіп,өзі қатысатын ісі бойынша нақты ақпарат, сот құжаттарын алмақшы болып шыдамы таусылып, кезек күтетін азаматтарға көмек беру, кейбір судьялар мен сот мамандары тарапынан сот құжаттарын ресімдеу кезінде жіберілетін қателіктерді болдырмау. Электронды бақылау өндірісі алғашында Ақтөбе облысы мамандандырылған экономикалық сотында енгізілді. 2009 жылғы тамыз бен желтоқсан айларында осы сотпен қаралған 2 500 іс бойынша талап арыздан бастап, облыстық соттың апелляциялық алқасы шығарған қаулыға дейінгі барлық сот құжаттары арнайы қорға жинақталыпты. 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылған ЭБӨ қызметінің нәтижесінде қазіргі күні интернет арқылы сотқа қатысушы тараптарға танысу үшін 3000-ға жуық азаматтық іс ұсынылып отырған көрінеді. Қатысушы тарап немесе оның заңды өкілі өз талап арызын тапсырған соң, бірінші сатыдағы сот кеңсесіне келіп нақты өз ісі бойынша арнайы шифрды алып, өз үйінде, кеңсесінде немесе интернет-кафеде отырып-ақ толық ақпарат алады. Ол үшін www.aktobesot.kz сайтыны кіріп, ЭБӨ арнайы бөлімін пайдалану қажет. Бұл жоба сот процесіне қатысушылар тарапынан қызу қолдау тауып отырған көрінеді.
Ақтөбе қаласының соттарындағы 14 мәжіліс залдарында орнатылған бейнебақылау жүйесі оларда болып жатқан процестерді тікелей эфирде қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Бейнебақылау жүйесі азаматтардан кейбір судья мен сот мамандары тарапынан сот процесін жүргізу барысында дөрекілік көрсетуі, іс жүргізу заңдылығын сақтамауына шағымдануына байланысты енгізілген жаңалық. Облыстық соттың оқу-ақпараттық орталығы мен облыстық сот төрағасының жеке бөлмесіндегі мониторлар арқылы болып жатқан процестерді бақылауға болады. Аталмыш жүйені енгізгеннен кейін облыстық сот төрағасының жеке қабылдауына келушілер тарапынан сот процесі кезіндегі дөрекілік, судьялар тараптарынан іс жүргізу талаптарын бұзушылық сияқты жәйттерге шағымдану күрт азайды. Сот отырысына қатысушылар залдағы бейнекамера мен микрофонды көріп, бұл жүйенің қызмет ететіндігін, оны оқу орталығында бақылап отырғандығын түсініп, заң мен әдеп талаптарын сақтауы осы жүйенің оң нәтижесі. Бұл жобалар сот төрелігінің сапасын жоғарылатып, сот жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуде қайтарымды болып отыр. Бастапқыда судьялар бейнекамера орнатылған сот залдарынан қашқақтағанымен қазір бұған бойлары үйрене бастапты. Енді сотқа қатысушы судьялар да, айыптаушылар да, жәбірленуші мен жауапкер де қорғаушылар да әдеп тәртібін сақтауға, жауапкершілікті сезінуге бейімделіпті. Сөйтіп, сот процестеріне қатысты арыз-шағымдар мейлінше азайған көрінеді. Былтыр қабылданған сот шешімдерінің үтір-нүктесінің өзгермеуінің өзі бұл жобаның сот жүйесіндегі жұмыс көрсеткішін жақсартуға ықпал еткенін көрсетсе керек. Қылмыстық істерді қарау мерзімі анағұрлым қысқарыпты. Келесі жылға ауысқан істер екі есе азайыпты.
Облыстық соттағы тағы бір игі іс судьялардың біліктілігі мен тазалығын қалыптастыру үшін үстінен арыз-шағымдар көп түсетін кейбір судьяларға мониторинг жүргізу әдісі болып табылады. Ондай судьяларға қызметтік тексеру жүргізіп, кемшіліктері анықталса бақылауға алынады. Егер белгіленген мерзімде өзінің кемшілігін түзетіп, дұрыс жолға түсіп жатса мониторингтен алып тасталады, жұмысын жалғастыруға мүмкіндік беріледі. Олай болмаған жағдайда қызметіне сәйкес еместігіне дейінгі шаралар алынуы бек мүмкін.
Мұнда сондай-ақ, құқықтық және заңнамалық кеңес беру бөлмесі ашылып, оған жұмыс уақытында облыстық сот қызметкерлері кезекшілікке тұрады. Олар келушілерге шаруасы бойынша кімге жолығуы керек, қандай құжаттар толтыру қажеттігіне кеңес береді.
Облыстық сот судьялыққа үміткерлердің тізімін жергілікті басылымдарда жариялау арқылы жұртшылықтың олар туралы пікірлерін біледі, сөйтіп, мұндай жауапты қызметке кім-көрінгеннің өтіп кетпеуінің алдын алады. Қазірдің өзінде қырық бір судьялықтан үміткердің аты-жөнін, олардың өмірбаяндық деректерін ақтөбеліктер біліп отыр. Судьялардың кадрлық резервімен жұмыс істеудің ақтөбелік жобасы Жоғарғы сотта жоғары бағаланып, осы мәселе бойынша Ақтөбе облыстық сотының базасында семинар өткізу жоспарлануының өзі осындай игі істердің нәтижесі болса керек.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.