Саясат • 09 Қазан, 2020

Ақпараттың ашықтығы – азаматтық қоғам кепілі

573 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Өркениетті елдер қатарына қосылуды мақсат еткен мемлекеттерде қоғам мен үкімет арасындағы диалогты дұрыс орната білу маңызды. Қос тараптың үйлесімді қарым-қатынасы мен өзара тіл табыса білуі атқарылған істің берекелі болуына кепілдік береді.

Ақпараттың ашықтығы – азаматтық қоғам кепілі

 

Дәрменсіз бе, әлде құлықсыз ба?

Сол себепті де кейінгі кезде ашықтық мәселесі сан тараптан айтылып жүр. Үкімет пен халық екі тілде сөйлейтіндей бірін-бірі түсінбеуі қоғамдағы кейбір күрмеуі қиын күрделі мәсе­лелерді кө­бей­тіп жіберді. Бұл мемлекеттік ор­ган­дар­дың дәр­менсіздігі ме, әлде ашық болу­ға құлықсыздығы ма?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жол­дауында да бұл мәселеге ерекше назар аударды. Ква­зи­­мем­лекеттік құрылымдардың қар­жы-шаруашылық қызметін, бюджет қаражатын пайдалану жөніндегі мәлі­­мет­терді және басқа да құнды дерек­терді бүкіл қоғамға қолжетімді ету үшін бірыңғай ақпараттық ресурс құру мен Ақпаратқа қол жеткізу мәсе­лелері жөнін­дегі заң жобасын тезі­рек қабыл­даудың маңызды­лы­ғы айтылды. Пре­зидент өз сөзін­де «Мемлекеттік орган­дардың шешімі жөніндегі ақпараттың ашық­тығы азаматтық қоғаммен сындарлы диалог орнатуға септігін тигізеді» деп атап өтті.

Ал сол қадамға орталық және жергі­лікті атқарушы билік дайын ба деген сұрақ туады. Өйткені қазірдің өзінде қа­жет­­ті ресурс болғанымен, соны іс жүзін­де орындайтын жауап­ты орган табылмай тұр. Осы­ған дейін Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында «Есеп беретін мемлекетті қалып­тастыру» бө­лімінде «Ашық үкіметті» енгізу, ақ­паратқа қол­жетімділік туралы заӊды әзір­леу, орталық мемлекеттік орган­д­ар­­дыӊ статистикалық базалары мәлі­мет­­теріне онлайн-қол­жетімділікті қам­там­асыз ету секілді бағыттар бойынша нақты шаралар көрсетілген еді. Нәтижесінде, мемлекеттік органдар мен ква­зимем­лекеттік сектордағы ұйымдарды бір плат­формаға тоғыстырған «Ашық үкі­мет» бірыңғай жүйесі іске қосылды. Ол жерде кез келген салаға қатысты ашық деректерді қарап, заң жобаларын талқылауға қатысуға болады. Бюджет туралы мәліметті де сонда топтас­тыру жоспарланған. Сондай-ақ мекеме басшыларымен диалог орнатып, өтініш қалдыруға болады. Мемлекеттік органдардың тиімділігін бағалау бөлімі де қарастырылған. Мұның барлығы – оpen.egov.kz сайтына кірген кез келген қолданушыға берілген мүмкіндіктер.

Дәл бұлай жіктеп атап өтуі­міздің себебі сәлден кейін түсі­нікті болады. Порталға кір­генде бірден тамаша мүмкін­діктердің бары қуантады. Алайда сәлден соң көңілің су сепкендей басылады. Өйткені мақсаты айқын жобалардың тиімді қолданылмауы қын­жылтады. Кейбір мекемелердің ма­ңызды тапсырмаларға атүсті қарай­тынын осыдан-ақ аңғаруға болады. Мәселен, «Ашық деректер» бөліміндегі салалар бойынша ақпаратқа көз жүгір­тіп шық­саңыз, олқылықтар көп. Мәлі­мет­тердің қандай жүйемен жария­лан­ғанын түсіну үшін де қара­па­йым қолданушыға біраз уақыт керек. Кей салада мүлдем дерек жоқ. Өзекті тақырыптардың бірі – білім саласына қатысты деректерді шолып шығуды жөн көрдік. Өңірлердегі мектептердің интернетке қосылуы туралы ақпаратты қарасаң, көп аймақ қысқа ғана «жүз пайыз» деп көрсеткен. БАҚ-та, әлеуметтік желідегі соңғы жазбаларға сәйкес жағдай мүлдем басқа. Біздің мұн­дағы мақсат – деректерді жекелеп тек­серіп отыру емес, мұндай бірегей жоба­ның тиімсіз болуының себебіне үңіліп көру.

Көзге бірден көрінетін тағы бір кем­­ші­­лік сауатсыз мәтін­де болып тұр. Қа­ра­ғанды облы­сы­ның әкімдігі «Об­лыс­тық бала­лар мен жасөспірімдер спорт мек­е­мелерінде өсірілетін спорт түр­­лерінің тізімін» жарияла­ған екен. Қалай болса солай бе­ріл­ген ақпаратты көр­ген қолдану­шы­ның жобаға деген сенімі бір­ден жоғалатыны түсінікті. Бұл сөзімізге дәйек ретінде келті­рілген бір­неше мысал ғана.

Одан бөлек заң жобаларын талқылауға арналған «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» бөлімінде пікірлердің аздығы бірден байқалады. Мәселен, қоғам­да қызу талқыланған «Пе­дагог мәртебесі туралы» заң жобасына 6 ғана пікір жазылған. Сол баяғы есеп үшін жасалған жұмыстың кебі секілді.

Ақпараттың ашықтығы мен қолже­тімділігі сөз болғанда мы­салға дәл осы «Ашық үкімет­ті» келтіруіміздің қисыны бар. Бір бастаманың нәтижесі көңілге қонбаса, басқа жобаны бастап кетуді әдетке айналдырмас үшін бар ресурсты орнымен қолдану­ды қолға алсақ екен.

 

Ашық бюджет көңіл көншітпейді

Мемлекеттік органдардың ашықты­ғын білдіретін тағы бір қадам – ол бөлінген бюджеттің қалай жұмсалатынын жариялауы. Көп жағдайда азаматтық қоғам­ды қаржының орнымен жұмсалуы тол­ғандыратыны сөз­сіз. Жоғарыда айт­қан «Ашық үкі­меттің» бюджетке арнал­ған бөлімі де бар. Бірақ тағы да сол мә­се­­ле­лерге келіп тірелесіз: мүл­дем ақпарат жарияламаған мем­лекеттік органдар мен пікір­лердің жоқтығы. Бұл бюджет жобасын талқылауға ешкім қызықпайды дегенді білдірмесе керек. Кері­сінше плат­формаға деген сұра­ныс­тың жоқтығын көрсетеді. Осылайша мемлекеттік орган­дардың ашықтығын қамтама­сыз етуге бағытталған бірден-бір жү­йенің насихаты түгел болмай тұр.

Жақында бюджеттің ашық болуына арналған тағы бір онлайн жобаның тұсауы кесілді. Talap қолданбалы зерттеулер орталығы OpenBudget.kz сайтын таныстырды. Мұнда ұйымдастырушылар ел бюджетіне қатысты ашық деректердің жарияланатынына кепілдік берді. Алайда «енді бюджет ашық болады» деген желеумен жаңа жобаларды таныстыра берудің пайдасы қанша? Одан да неге бар жүйенің толыққанды жұ­мысын қамтамасыз етіп отыр­масқа деген сұрақтың тууы заң­ды. Өйткені мәселе ақпаратты ха­лық­қа жеткізетін байланыс құ­ра­лында емес, сол деректердің дұ­рыс әзірленуінде болып тұр.

Қазақстан бюджет ашықтығы бойынша әлемдік рейтингтің тура ортасында тұр. Сарапшылар мемлекеттік органдарға қазына­ны бөлу кезінде ашықтық жетіс­пейді деп санайды. Тұрғын­дар­дың үкімет бюджеті туралы ақ­парат­қа қолжетімділігін анық­тау­ға бағытталған тәуелсіз есеп 2019 жылы 117 елдегі жағдайға баға берген. Барлығы 100 балдан тұра­тын есепте Қазақстанға 58 балл берілген. 2006 жылдан бері елімізде бюджет ашықтығы индексін анықтайтын Sange зерттеу орталығының директоры Жанар Жандосова бұл рейтингте Қазақ­станның көрсеткіштері өте баяу көтеріліп келе жатқанын айтады.

«Ақпараттың шектеулі болуына байланысты бюджеттің ашықтығы бойынша бізге 58 балл берілді. 60-тан аса алмай жүргенімізге біраз болды. 10 жыл ішінде біз өз көрсеткіштерімізді 20 баллға жақ­сарт­тық. Бірақ осы уақыт ішінде Қыр­ғыз­стан 55 баллға, Грузия 47 балға, Ресей 27 баллға көтеріліп үлгерді. Бізде ілгерілеу бар, бірақ баяу», деді Ж.Жандосова.

Сарапшы көп мәселе бюджет жобасына келіп тірелетінін айтады. Ол Пар­ламент қарауына жіберілген жоба әдетте толық болмайтынын, кейбір құ­жат­тар­дың жетіспейтінін алға тартты. Сондай-ақ азаматтық қоғаммен талқылау мәселесі де ақсап тұр. Ж.Жандосова халық көп жағдайда бюджет бекітіліп қойған соң ғана хабардар болатынын айтады.

«Бюджет жобасын халықпен талқы­лау мәселесі өзекті болып тұр. Бұл процеске азаматтық қоғамның тартылмауы – үлкен кемшілік» деп атап өтті сарапшы. Бұл мәселенің толығымен тар­қатып жазуға сұранып тұр­ғаны анық.

Ақпараттың ашықтығы мен қолже­тім­ділігіне келгенде мем­лекеттік орган­дардың сүрінетін тұсы көп. Оның бірсыпырасын шолып та үлгердік. Ендігі міндет – жағдайды жақсартуға қадам жасау. Бәлкім ресми органдардың жұмы­сына азаматтық қоғам бақылауды одан сайын арттырса, нәтиже көп күттірмес.

 

Үміт заң жобасында

Қазақстан халқы көксеген ашық қоғамды қалыптастыру үшін мәселенің құқықтық тұр­ғыдан реттелуі аса маңыз­ды. Бұл мақсатта Жолдауда айтыл­ған Ақ­паратқа қол жеткізу мәсе­лелері жөнін­­дегі заң жобасын тезірек қабылдау күн тәртібінде тұр.

Биыл 16 қарашада «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңның қабылданғанына 5 жыл толады. Бұл уақыт аралығында тәжірибеден бөлек, бірқатар мәселе де қордаланып қалды. Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистр­лігі Мемлекет пен қо­ғам ком­муникацияларын дамыту департаментінің басқарма бас­шысы Құралай Қабарова министр­лік әзірлеген заң жобасы жайлы толығырақ айтып берді.

Бүгінгі басты проблеманың бірі заң нормаларының орындалуында екен. Сол себепті енгізілген өзгерістер екі мәселені шешуге бағытталған. Ең алдымен, заң жобасы бақылау мен жауапкершілікті кү­шейтуді көздейді. Ол үшін ақпаратқа қол жеткізу саласындағы уәкілетті ор­ган­­ды және оның құзыретін, ал әрбір мем­л­екеттік органда уәкілетті бөлім­шені не тұлғаны анықтау ұсыныл­ған. Қ.Қа­­баро­ваның айтуынша, бұл шара штат са­нын көбейтпейді, ал бұл өз ке­зегінде бюд­жетке жүктемені ұлғайт­пайды. Демек, басшылық әр ұйымда бір қызмет­керге ақпаратқа қол жеткізу мәселесін бақылауды тапсыратын болып тұр.

Сондай-ақ заң жобасында жыл сайын Мемлекет басшысына ақпаратқа қол жеткізу саласының жай-күйі туралы есеп беруді енгізу көзделген. Есепте жағдайға талдау ғана емес, ақпарат ашықтығына берілген қоғамның бағасы мен азаматтық сектормен бірлесе әзірленген ұсыныстар да болады екен.

Екінші міндет – заңның қолданылу аясын кеңейту. Атап айтқанда, ақпарат иеленушілер қатарына мемлекеттік функция­ларды орындайтын басқа да ұйымдарды қосу ұсынылып отыр. Сон­дай-ақ квазимемлекеттік сектор ұйым­дарына да ашық дерек­терін жариялау міндеттелуі мүмкін.

Министрлік өкілі бұл түзету­лер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырым­дама­сына жасалған тағы бір қадам екенін атап айтты. «Ұсы­ныс­тар тыңғылықты зерттеу нәти­же­сінде жасалды. Эконо­ми­калық ынтымақтастық пен даму ұйымының (ЭЫДҰ) ұсы­ным­­дары ескерілді, сондай-ақ азамат­тық қоғаммен бірге тал­қы­ладық. Тұтастай алғанда, бұл өзгертулердің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рым­дамасын орындауда маңызы зор», деді Қ.Қабарова.

Одан бөлек басқарма басшысы заң жобасының мемлекеттік органдардың және басқа да ұйымдардың ақпараттық ашық­тығы мен қолжетімділігін арттыруына ықпал ететіне сенімді. Ал біз өз кезегімізде бұл қадам ха­лықтың мемлекетке деген сенімін нығайтуға, екі тарап арасындағы ақпараттық теңсіздікті жоюға, азаматтық қоғамның дамуына және ел Президенті айтқандай билік пен халық арасында сындарлы диалог орнатуға бастайтынына үміттенеміз.  

Соңғы жаңалықтар