Қаржы • 09 Қазан, 2020

Шикізаттың шикілігі көп

852 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан экономикасына шамамен 330 млрд доллар көлемінде шетелдік инвестиция құйылды. Жасыратыны жоқ, 120-дан астам елден тартылған бұл қара­жаттың басым бөлігі шикізаттық секторға бағытталды. Ұлттық банктің дерегіне сүйенсек, биылғы бірінші тоқсанда тікелей шетелдік инвестицияның көлемі 3,5 млрд доллардан асып, аталған ақшаның 65% тау-кен өнеркәсібіне тартылса керек.

Шикізаттың шикілігі көп

Өңдеуші өнеркәсіптің үлесі аз

Сырттан келген қаражаттың 9%-ы өңдеуші секторға, сондай-ақ 5% қоймалау және көлік сала­сына жұмсалды. Осы статистика­дан шетелдік инвесторлар үшін Қазақстан әлі де шикізат көзі ре­тінде қарастырылатынын байқау қиын емес.

Қазір шетелдіктердің қаты­суы­мен экономиканың шикізат­тық емес салаларына бағытталған 200-ге жуық инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде агроөнеркәсіптік кешенді, көлік құрастыру және құрамдас бөліктер өндірісіне, мұнай-газ химиясы және химия өнеркәсібі, жаңғырмалы энергия көздері, сондай-ақ көлік және логистикаға байланысты жобалар қамтылған.

Былтыр 1 млрд доллардан асатын инвестиция арқылы 40 жоба жүзеге асырылып, шамамен 3,5 мың жұмыс орны ашылды. Пандемияға қарамастан биыл шетелдік инвесторлар 2,5 млрд доллар қаражатқа 40-қа жуық жобаны іске қосады деп жоспарлануда. Бүгінде соның жалпы құны 800 млн-дай долларды құрайтын 12 жобасы жұмыс істеп тұр.

Finprom.kz порталының мәлі­метіне сәйкес, халықаралық рей­тингтік агенттіктердің баға­лауынша, Қазақстанда мемле­кет­тік қарыздың төмен деңгейі жә­не сыртқы тәуекелдерді жеңіл­дету үшін жеткілікті фискалды ре­зервтердің елеулі көлемі сақта­луда. Ұлттық экономика министр­лігінің болжамынша, келер жылы ІЖӨ-нің нақты өсімі 2,8%-ды құрап, 2025 жыл­ға қарай 4,6%-ға жетеді.

Осы жылы Moody’s және Fitch­Ratings агент­тіктері еліміздің ин­вес­ти­ция­лық рейтингін сенім­ді­лік деңгейінде растады. Қазір елі­мізде қолай­лы ин­вестициялық ахуал қа­лыпта­сып, жеңілдетілген са­лық режімі, ұлттық заңнама же­тіл­діріліп, ин­вестициялық пре­фе­­ренциялар пакеті ұлғаю­да. Ба­сым салаларда жобаларды іске асыратын ин­­вес­­торларға салық заңна­ма­сы­ның тұрақтылығына кепілдік бе­ріл­ген.

Осы шаралар инвестициялық ахуал­ды жақсартуға мүмкіндік берді. Мәселен, 2018 жылы ТШИ-ның жалпы ағыны 15,8%-ға ұлғайды. Былтыр бұл көрсеткіш сол деңгейде сақталып, 24 млрд доллар межесінде тұрақтады.

 

Шикізаттық емес секторға ішкі инвестиция жұмсалуда

Алайда сарапшылардың пікіріне құлақ түрсек, еліміздегі инвести­ция­лық конъюнктура көңіл көншітпейді. Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбековтің айтуынша, коронавирустық пандемия­ның салдарынан биылғы 8 айда ішкі жалпы өнім 2,4%-ға төмендеді. Сәй­кесінше, осы кезеңде салынған инвес­тицияның көлемі де 2019 жылмен салыстырғанда 6,1%-ға азайды.

«Тәуелсіздік алғаннан бері тар­тыл­­ған 330 млрд доллар негізінен шикі­­­зат сек­­торына бағытталғаны мә­лім. Ши­­кі­­­­заттық емес секторға көп жағдай­да ішкі инвестиция жұмсалады және оған мемлекет қолдау көрсе­тіп ке­ле­ді. Шетелдіктердің бұл бағыт­тағы қы­зы­ғу­шылығының төмендігі көпте­ген себеппен байланысты. Айта­лық, Тәуелсіздік жылдары бізде шикізат­тық секторды дамыту моделі қалып­тасты. Демек, пайдалы қазба­ларды иге­ру инвесторларға ың­ғайлы болды. Сон­дықтан сыртқы эко­номи­калық саясат шикізаттық экс­порт­қа бағ­дар­­ланды. Тағы бір себебі, ин­вес­ти­ция­лық тар­тым­дылыққа елдегі сы­бай­лас жем­қор­лық­тың деңгейі, заң үс­тем­­ді­гі­­н­ің жоқ­тығы, сондай-ақ эконо­ми­­ка­­­лық сая­сат сапасының талапқа сай кел­­меуі ши­кі­заттық емес сектордың да­­мы­­­­май қалуына ықпал етті. Яғни шет­­ел­­­дік­терге экономикалық саясат сапа­­­сы­­­ның жо­ғарылығы керек. Бұл да маңыз­ды фактор саналады», деді Қ.Арыстанбеков.

Экономика ғылымдарының докторы шикізаттық емес сектордың тасада қалуына шикізаттық тауарларды өндіру жылдамдығының ескерілмегені әсер етті деп санайды. Демек, Үкіметтік деңгейде экономикалық саясатты тиімді үйлестіру, оңтайландыру стратегиясы көзделмегендіктен аталған салада тепе-теңдік сақталмай отыр. Пайдалы қаз­ба­ларды игеру қарқынды жүрген соң өң­деу­ші өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, сол секілді басқа да индустриялық бағыт­тар кенжелеп қалды. Осының салдары экономика ғылымында белгілі «Голланд ауруына» алып келуі мүмкін дейді сарапшы. Түптеп келгенде, шикі­зат­тық сектор шикізаттық емес сек­тор­ды валюта бағамы арқылы тұншықтырып отырады.

Жоғарыда айтылғандай, биылғы бірін­­ші тоқсанда ТШИ-ның жалпы ағы­ны 3,6 млрд долларға жетіп, оның едәуір үлесі Ни­дерланды (988,3 млн дол­лар), АҚШ (744,9 млн доллар) және Ресей­ге (379,9 млн долларға) тиесілі болды.

 

Инвесторға заңның үстемдігі маңызды

Осы орайда еліміздегі инвести­циялық климатты қалыптастыруда Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың баста­масымен құрылған «Астана» халық­аралық қаржы орталығының (АХҚО) маңыздылығы ерекше екенін айта кеткен орынды. ЕАЭО және Орталық Азия аймағындағы санаулы институттардың қатарына кіретін орталық инвестиция­лар ағынын және ішкі қаржы нары­ғын дамытуда айтар­лықтай септі­гін тигізуде. АХҚО ала­ңын­да ағыл­шын құқығына негіз­делген және халық­аралық талап­тарға сәйкес тәуелсіз реттеу жүйесі жұмыс істеп келеді.

«Әлемде орын алған коронадағдарыс бел­гіленген жоспарларды өзгертті. Өйт­кені оның салдарынан елімізге та­рты­латын инвестицияның біраз бөлігі тоқтап қалып отыр. Қазір сырттан қара­жат тарту қиынға соғып тұр. Әрине Қазақстанда, атап айтқанда «Астана» халықаралық қаржы орталы­ғы­ның алаңында ағылшындық құқық­тың ен­гізілуі дұрыс қадам. Себебі сыбай­лас жемқорлыққа байланысты рейтинг­тегі көрсеткішіміз көптеген инвес­тор­дың екіұдай пікірін қалып­тас­тырады. Сон­дықтан дамушы елдерге, Қазақ­стан­ға келмеудегі негізгі себебі осы. Неге десеңіз, қаражат құятын іскер аза­­­мат­­тар табысы мен мүлкі­нен айы­рыл­­­мау үшін заң аясында кепіл­дік бол­­ға­нын қалайды. Осы тұрғы­дан ал­ған­да АХҚО-ның платформасына ағыл­­шын­дық құқықтың келуі инвестор­лар­дың қызы­ғу­шылығын тудырады», деді GSB UIB директоры, экономист Мақсат Халық.

 

Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажет

Шетелден келетін іскер азаматтар­дың барлығы бірдей міндеттерін айна қатесіз орындайды деуге келмейді. Өкінішке қарай, араларында жосықсыз инвестор да табылып жатады. Эконо­мистер жауапсыз іскер ортамен жұмыс­ты реттеп, мұндай олқылықтарға жол бермеу үшін экономикалық қауіпсіз­дікті қамтамасыз ету қажет дейді.

«Әлбетте жауапсыз инвесторлар кездесіп жатады. Бұл бізде ғана емес, жалпы әлемдік үрдіске тән жағымсыз құбылыс. Бірақ тиісті органдар оларды алдын ала анықтап, қызметтерін тоқ­татуы керек. Мысалы, 90-жыл­дары Қостанайда «Химволокно» кәсіп­ор­нында шығарылған өнімдер ғарыш сала­сында кеңінен қолданылып жүрді. Мұн­дай зауыт екеу ғана болған. Оның бірі – америкалық DuPont компаниясы. Сол компания инвестор ретінде Қос­та­найдағы зауытты сатып алып, екі жылдан кейін отандық кәсіпорындағы өнді­ріс­тің тоқтауына ықпал етті. Яғни бар­лық инвестор «періште» бола бер­мейді. Сондықтан экономикалық қауіп­сіздікті қамтама­сыз ету қажет. Мұқият­тылықты талап ете­тін секторлар болады. Оған жаппай шетел­дік инвесторларды тарту қателік. Тұтастай алғанда, шикізаттық емес секторға инвестиция құйған тиімді. Екін­шіден, экономикалық сая­саттың мо­делін өзгерткен дұрыс. Үшін­шіден, соң­ғы бес жылда төлем балан­сын­да ағым­дағы есепшотта теріс сальдо тір­кел­ді. Бұл нені білдіреді? Егер де ағым­дағы есепшотта дефицит орын алса, онда ұлттық жинақтау жү­йесін­де жетіс­пеу­шілік байқалып отыр. Сон­дықтан шет­елдік инвестиция тар­туға мәж­бүрміз. Ал керісінше есепшот­та про­фи­цит байқалса, онда сырттан қара­жат тарту міндетті емес», деді Қ.Арыстанбеков.

Қазақстанның заңнамасында шетел­дік инвесторлар үшін қарастырыл­ған преференциялар жеткілікті. Ұлттық эко­номиканың әлеуетін арттыруда бұл дұрыс қадам болғанымен оның да екін­ші жағы бар дейді мамандар.

«Экономиканың нақты секторларына ақша салатын инвесторлар үшін са­лық­тық және басқа да жеңілдіктер қа­рас­тырылған. Менің ойымша, бұл – өте дұрыс шешім. Бірақ оның екінші жа­ғы бар. Мәселен, ұлттық қордың төңі­ре­гін­дегі әңгімелер, сондай-ақ елі­мізге ин­вес­тиция әкелген кәсіпкер Ана­толий Ста­ти түрлі себептермен құй­ған қа­ра­жа­тын қайтара алмай осыған қа­тысты сот про­цестері жиілеп кетті. Қазақ­станның ұлт­­тық қорында 22 млрд дол­ларға дейін бұ­­ғат­­­талған кездері болды. Сол себепті бұл жерде заңның үстем­дік құруы ма­ңыз­ды. Сонда ғана елі­міз­ге жауапты инвес­­тор­­лар тартылады деген ойдамын. Егер де сыбайлас жем­қор­лық рейтин­гінде тө­­мен­­дей берсек, кері­сі­нше жо­сық­сыз, па­ра­­қор­­лықты құп кө­ретін инвестор­лар келе беруді жалғас­тырады», деді М.Халық.

Сарапшылардың айтуынша, экономиканы шапшаң дамыту үшін екі модель қарастырылады. Біріншісі – инвестиция салу, тарқатып айтқанда сырттан қаражат тарту арқылы экономиканы арт­тыру. Екінші модель – тұтыну. Де­мек, тұ­тыну қабілетін ұлғайту арқы­лы да эко­но­миканы көтеруге болады. Қазақстан инвестициялық модельмен келеді. Өкініштісі сол, екінші модельді енгізу күн тәртібінде тұрған жоқ.