Референдум • Бүгін, 08:23

Ұлт тұтастығын айшықтайтын референдум

0 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған «Әділетті және прогрессивті Қазақстан­ның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы Жамбыл облысына келді. Өңірде коалиция мүшелері жұртшылықпен, жастармен, еңбек ұжымдарымен және шағын бизнес өкілдерімен әңгімелесті. Көпшілік жаңа Конституция мемлекеттің ұзақ мерзімге негізделген ұлттық мүддесіне толық сай келетінін атап өтті.

Ұлт тұтастығын айшықтайтын референдум

«Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде өткен жұртшылықпен кездесуге облыстың шамамен 500 тұрғыны – зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, медицина қызметкерлері, педагогтер және өзге де азаматтар қатысты.

Өз кезегінде Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент қызметіне кіріскен сәтінен бастап жаңа Конституцияның негізі қалана бастағанын, ал құжаттың өзі ауқымды қоғамдық диалогтің нәтижесіне айналғанын атап өтті.

«Референдум ұлтымыздың бірлігін, тұтастығын айшықтайды. Бұл Президенттің халқына арқа сүйейтінін, ал халық Президентке сенетінін көрсетеді. Ел дамуында референдум шешуші рөл атқарған мұндай мысалдар әлемде де жеткілікті. Мәселен, XIX ғасырдағы Швейцариядағы Конституция жөніндегі референдум, Франциядағы Бесінші республика құру бойынша өткен референдум дүниежүзі тарихында қалды. Алдағы біздің референдум да ел тарихында алтын әріппен жазылатын тарихи оқиғаға айналады деп санаймын. Сондықтан таңдау да, соңғы шешім де өздеріңізде», деді ол.

Мәжіліс спикері облыс тұрғындарының белсенді азаматтық ұстанымын, Мемлекет басшысының реформалары мен саясатына жүйелі түрде қолдау көрсетіп келе жатқанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасынан әрбір азамат өзін толғандырған сұрақтарға жауап таба алады. Оның негізінде «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидат берік орнықты.

Кездесуге қатысушылар әрбір қазақстан­дық азаматқа жақын Әділетті Қазақстан, Заң мен тәртіп, Адал азамат, Таза Қазақстан сынды қастерлі құндылықтарға назар аударды. Ал Президенттің іс жүзінде жүзеге асырылып жатқан «халықпен бірге» қағидаты ел азаматтарының мемлекет болашағын айқындау ісіндегі өз рөлін терең сезінуіне мүмкіндік берді.

Кездесу барысында коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасындағы негізгі новеллалар туралы баяндады.

Өз сөзінде Мәжіліс депутаты Айдос Сарым әлемде күрделі геосаяси өзгерістер жүріп жатқанын, бұрынғы халықаралық тәртіп біртіндеп өз маңызын жоғалтып, мемлекеттер жаңа жағдайға бейімделуге мәжбүр болып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, дәл осы тұста мемлекеттің ішкі тұрақтылығын алдын ала нығайтып, жүйелі реформалар арқылы орнықты дамуды қамтамасыз ету аса маңызды.

Тараз қаласында студент жастармен де кездесу өтті. Оған 500-ден аса адам – жастар ұйымдарының көшбасшылары, белсенділер және студенттік өзін-өзі басқару өкілдері қатысты.

«Қазфосфат» ЖШС-ның өндіріс алаңында коалиция мүшелері кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесті.

Аса ауылында «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушылармен – шағын және микробизнес өкілдерімен, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтармен және ауыл тұрғындарымен кездесу өтті. Мәжіліс депутаты әрі жоба жетекшісі Дәулет Мұқаев бұл бастаманың жүйелі жүзеге асуы білім беру және қолдау көрсету қадамдары адамдардың өз өмірін өз бетінше өзгертуіне нақты мүмкіндік беретінін айқын көрсеткенін атап өтті.

Осы күні Super-pharm фармацевтикалық зауытының ұжымымен кездесу өтіп, оның қызметкерлері алдағы референдум аса маңызды екенін мәлімдеді.

Кездесулер қорытындысы бойынша Жамбыл облысының тұрғындары Қуатты, Әділетті әрі прогрессивті Қазақстан құру ісіне үлес қосуға дайын екенін жеткізді.

Еске сала кетейік, «Әділетті және про­грес­сивті Қазақстанның халықтық Консти­туция­сы үшін!» жалпыұлттық коалициясы биыл 13 ақпанда құрылды. Оның құрамына 5 саяси партия мен шамамен 300 қоғамдық ұйым кірді. Олар 5 миллионға жуық азаматты біріктіреді. 

Соңғы жаңалықтар

Рудныйда қазақ мектебі ашылды

Аймақтар • Бүгін, 08:35

Даналық һәм диалектика

Тұлға • Бүгін, 08:30