«Қазмедиа» орталығының журналистер алдына шыққан кезекті қонағы Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова болды. Ол да Елбасы Н.Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сын-ескертпелеріне өзінің пікірлерін білдірді.
«Қазмедиа» орталығының журналистер алдына шыққан кезекті қонағы Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова болды. Ол да Елбасы Н.Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сын-ескертпелеріне өзінің пікірлерін білдірді.
Біз жуырда ғана 2013-2015 жылдардағы бюджеттің анықталуын қарадық. Бюджетке енгізілген 150 млрд. теңгенің игерілмейтіндігі анықталды. Олар негізінен «Бәйтерек», «Астананы дамыту», ЭКСПО-2017 және «Бейнеу темір жолы» сияқты төрт бағыттағы бағдарламалар бойынша ұзын саны 11 бюджет әкімгерлері сұратқан қаражат. Бюджет әкімгерлерінің осыған байланысты түсіндірмелерін біз комитетте тыңдадық, алайда, олардың айтқан әңгімелеріне біз қанағаттанған жоқпыз. Жыл бойы бюджет бірнеше рет анықталады, соның өзінде жыл қорытындысы бойынша Үкімет 30-40 млрд. теңгенің игерілмей қалатындығы туралы айтады. Осының өзі бюджетті қадағалау тәртібінің төмендігін көрсетеді. Елбасы оны орынды сынады. Үстіміздегі жылдың шілде айында Президент жаңа бюджет саясатын жасау туралы өзінің арнаулы Жарлығымен тапсырма берді. Енді бюджет шығындары соңғы нәтижемен байланыстырылатындығы туралы бюджет туралы заңға жаңа өзгерістер енгізілетін шығар. Біз қазір соны күтіп отырмыз, деді Г.Қарағұсова. Мен мынаны еске салар едім, деді шешен, әрбір бюджет әкімгерлері де, басқалар да бюджет қаражатын мемлекеттің ақшасы деп түсінеді. Ал мемлекеттікі деген дүниенің бәрі әрбір қазақстандық азаматтыкі екенін ұмытып кетеді. Сондықтан да «мемлекеттікі» деген біреудікі емес, өзіміздің қаражатымыз екенін ұмытпауымыз керек.
Г.Қарағұсова келесі кезекте сұрақтарға жауап берді. Алғашқысы бюджеттің осындай олқылықтармен орындалатындықтарын қалай жоюға болады, әлде бұл қазіргі Үкіметтің шалалығынан ба? деген сұрақ болды. Бұған Г.Қарағұсова бұл Үкіметтің шалалығы емес, бюджет туралы заңнаманың шалалығынан екенін айтты. Бюджет туралы заңнаманың талабы бойынша Үкімет өзінің қаулысымен бюджет туралы өздерінің ұсыныстарын, қорытындысын беретін қызметтерге жолдайды. Осылардың арасында артықтары да жоқ емес. Сондықтан оларды қысқарту керек деп ойлаймын. Жаңа бюджеттік саясат туралы тапсырмада да осындай ұсыныстар бар, деді депутат.
Келесі сұрақ Г.Қарағұсованың Кеден одағы туралы айтқан сын-пікірлеріне қатысты болды. «24 КZ» арнасының тілшісі Кеден одағына енуге қол қоймас бұрын оның тиімділігі түбегейлі зерттелген жоқ деген пікірлер бар, сіз осыған келісесіз бе деген сұрақ қойды. Оған Г.Қарағұсова қазіргі әлем тегісімен интеграциялық құрылымдар құрып жатқанда біз де ол үрдістен қалмауымыз керек қой дегенге саятын екіұшты жауап берді. Сондықтан мен Кеден одағын қолдаймын. Бірақ кейбір шешілмеген мәселелер бары рас, деді ол.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».