Аймақтар • 09 Қазан, 2020

Генералмен кездескен бала

292 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жамбылдық тұрғын Виктория Михайлова өзінің он жасар немересі Константиннің арманы туралы Жамбыл облыстық Полиция департаментінің Instagram әлеуметтік парақшасына жазба қалдырған. Әжесі өз жазбасында немересінің Полиция департаменті бойынша экскурсия ұйымдастырғысы келетінін, тіпті департамент бастығымен кездесуді қалайтынын айтқан, деп хабарлайды Egemen.kz.

Генералмен кездескен бала

Әженің өтініші мен баланың тілегін ескерген облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Жанат Сүлейменов өзінің жұмыс кабинетінде Константинмен кездесті.

Әжесімен бірге Полиция департаментіне келген бала генералға өзінің оқудағы жетістіктері, шахматқа әуестігі мен таңдаған болашақ мамандығы  туралы айтып берді. Константин үлгілі оқушы болумен қатар, «Ақбота», «Пони», «Русский медвежонок» және «Кенгуру» секілді зияткерлік конкурстардың жүлдегері атанған.

Сондай-ақ, он жасар бала ұдайы патрульдік полиция көліктерін ерекше қызығушылықпен бақылап отырады екен. Полицейлердің жұмысы туралы мүмкіндігінше көп білгісі келетінін айтқан Константинге генерал-майор Жанат Сүлейменов департаменттің музейінде болып, ішкі істер органдарының  қалыптасу тарихымен танысуды ұсынды. Бұдан кейін Константин Тараз қаласындағы Жедел басқару орталығында болып, үлкен экраннан бүкіл қаланың көрінісін тамашалады.

Кездесу соңында Жанат Сүлейменов Константинге мықты денсаулықпен оқуда табыс тілеп, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің эмблемасы бар қолсағат сыйлады. Ал, баланың әжесі Виктория Михайлова облыстың бас полицейіне жылы қабылдауы үшін алғысын білдіріп, бұл кездесу немересінің жадында ұзақ жылдар бойы сақталатынын айтты.

 

Жамбыл облысы