Аймақтар • 09 Қазан, 2020

7000-нан аса мектеп психологы мен әдіскері біліктіліктерін арттырды

321 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Балалар арасында интернетке тәуелділікті анықтау және онымен күрес жолдарын ұсыну мақсатында «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесе мектеп психологтары мен әдіскерлеріне арнап оқыту семинарын өткізді. Аталған шараға еліміздің 17 аймағынан барлығы 7647 мектеп психологы мен әдіскері қатысып, аталған бағыт бойынша біліктіліктерін арттырды.

7000-нан аса мектеп психологы мен әдіскері біліктіліктерін арттырды

Семинар жоғары кәсіби деңгейде өтті, ақпарат қолжетімді әрі аудиторияға бейімделген түрде ұсынылды, проблеманың барлық аспектілері қозғалды және барлық сұрақтарға жауаптар ұсынылды. Әлемдік тәжірибеде қолданылып келе жатқан интернетке тәуелділікті анықтау методикаларымен жұмыс істеу бағыттары көрсетілді. Балалармен және оның ата-аналарымен жұмыс істеуге әдістемелік нұсқаулықтар берілді. Алдағы уақытта мектеп психологтары алған білімдерін міндетті түрде өз жұмыстарында қолданады деп сенеміз», – дейді Алматы қаласы №5 мектеп-гимназиясының психологтары.

Семинарда келесі білікті тренерлер өз тәжірибелерімен бөлісті:

  • психология ғылымдарының кандидаты, «Коммуникация және ұлттық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институты» ЖШС жетекші тренері, «Кәсіби психологиялық лига» ҚБ басқарма мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Ізбасарова Сәуле Ишанқызы;
  • кризис жағдайындағы психолог, диагност, консультант, виктимиолог, эксперт, тренер, медиатор Байздрахманова Алия Камидоллақызы;
  • тәжірибелі психолог, психолог-консультант, тренер Қойшиева Лимана Құттыбекқызы;
  • психология ғылымдарының магистрі, Халықаралық Бизнес университетінің доценті, Кәсіби психотерапиялық лиганың жеке терапевті және мүшесі Кульназарова Айнур Жасағанбергенқызы;
  • Психолог, гештальт-терапевт Асадиллаева Алина Тимуровна.

Семинар қатысушыларына тұлға типтерін психоаналитикалық диагностикалау, балалар мен жасөспірімдердегі интернетке тәуелділікті анықтау бойынша әдісті түсіндіру, балалар мен жасөспірімдер және олардың ата-аналарымен интернетке тәуелділіктің алдын алу бойынша педагог-психологтың коррекциялық жұмысы бойынша ақпараттар берілді.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 18 қыркүйегі күні «Мәскеу метрополитені» МУК медициналық қызметінің 1 категориялы психофизиологы барлық қатысушыларға қосымша дәріс өткізді. Лекция youtube видеохостингінде 12 мыңнан аса рет қаралды.

Жоба ұйымдастырушылары: «Мамандар алған білімін алдағы уақытта тәжірибе жүзінде тиімді пайдалануы үшін жыл соңына дейін семинар қатысушыларына сараптамалық қолдау көрсетіліп отырады», – деп атап өтті.

Түрлі зерттеулердің нәтижесі бойынша әлем халқының 10%-ы интернетке тәуелді екені анықталған. Жапония, АҚШ, ҚХР сияқты бірқатар елдерде бұл дерт медициналық санатқа жатқызылып, одан арылу үшін кәсіби мамандар көмек көрсетеді.

Елімізде аталған мәселе ресми түрде медициналық ауру ретінде тіркелмесе де, дерттің бары анық. Осы орайда Жас Ұлан ұйымы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен «Жастар мен балалар арасында интернетке тәуелділіктің алдын алу жөніндегі іс-шаралар кешенін іске асыру, сондай-ақ азаматтардың цифрлық беделін қорғау» жобасы аясында бірқатар ауқымды іс-шараларды жүзеге асырып жатыр. Алдағы уақытта елдегі интернетке тәуелділік жағдайын анықтау мақсатында кеңауқымды әлеуметтік зерттеу жүргізілетінін атап өту керек.