Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен кезекті Үкімет отырысы болып өтті. Онда еліміздің 2010-2014 жылдардағы үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі шаралар жоспары талқыланып, бекітілді.
Үкімет мүшелерін мемлекеттік бағдараламаны іс жүзіне асыру жөніндегі шаралар жоспарымен Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау таныстырды. Оның айтуынша, шаралар жоспарының жобасы барлық мемлекеттік органдар мен ведомстволардың, облыс әкімдіктерінің “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ, “Қазагро” ұлттық холдингінің бірлескен жұмыстарының нәтижесінде дайындалған. Бұл ретте кешенді жоспарларды жүзеге асыру жөніндегі халықаралық тәжірибелер жан-жақты ескерілген. Баяндамашының айтуынша, әрбір жеке жоспарды іс жүзіне асыру үшін тек қана бір мемлекеттік орган немесе ведомство жауап береді.
“Индустрияландыру картасына” кіретін жобалардың тізімі толық анықталған. Сөйтіп еліміз бойынша “Индустрияландыру картасына” жалпы құны 6,8 триллион теңгені құрайтын 101 жоба енгізілген. Бұл жобаларды іс жүзіне асыру барысында еліміз бойынша 130 мың уақытша жұмыс орны ашылады. Ал белгіленген жобалар толық пайдалануға берілгеннен кейін 90 мыңннан астам адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылмақ. Альберт Рау ерекше атап көрсеткендей, бұл жобалар өндіріс салалары бойынша нақтыланған және оң бағаға ие болған. Сондай-ақ, бұл жоспар Республикалық үйлестіру кеңесінде және Қазақстан экономикасын әртараптандыру жөніндегі мемлекеттік комиссияда талқыланып, жан-жақты қолдауға ие болған.
Сол сияқты ел Үкіметі қосымша білім беру, денсаулық сақтау және тілдерді дамыту бағдарламаларын белгілеуде. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлімдеді. “Қазіргі таңда Экономикалық саясат жөніндегі кеңесте тағы үш бағдарлама белсенді түрде талқылануда. Таяу уақытта бұл бағдарламалар қоғамдық ұйымдардың назарына ұсынылмақ”, деді Үкімет басшысы. Премьер-Министр бұл үш бағдарламаның 2030 жылға дейінгі Қазақстанның стратегиялық даму бағдарламасына және үдемелі индустриялық-инновациялық даму жоспарына сәйкес нақты әрі тиімді болуы қажет екендігін ерекше атап көрсетті.
Тілдерді дамыту бағдарламасы туралы айтқанда, Кәрім Мәсімов бұл бағдарлама бойынша биылғы жылы не істелуі керек, келесі жылы қандай шаралар жүзеге асырылуға тиіс және 10 жылдан кейін не істелуі керек деген мәселелер нақты көрініс табуы қажет екендігін ескерте келіп, 10 жылдан кейін еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік тілде сөйлеуі қажет, бұл – біздің мақсатымыз, деді.
Сонымен бірге, Үкімет отырысында “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы да талқыланды. Бұл бағдарламаны іс жүзіне асыру мәселелері туралы Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова баяндама жасады. Баяндамашының айтуы бойынша, “Бизнестің жол картасы-2020” 2010-2014 жылдардағы индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың негізгі тетіктерінің бірі болып табылады. Жол картасын іс жүзіне асыру мақсатында 2010 жылы республикалық бюджетте 30 миллиард теңге қарастырылған. Бұл бағдарлама мынандай үш бағыттан тұрады: бірінші, жаңа бизнес бастамаларды қолдау, екінші, кәсіпкерлік саланы сауықтыру, үшінші, экспортқа бейімделген өндіріске жан-жақты қолдау көрсету.
Бірінші бағытты іс жүзіне асыру мақсатында кәсіпкерлер алған несиелер бойынша пайыздық ставкалар субсидияланады, ішінара несиелерге кепілдік беріледі, сонымен бірге бизнесті жүргізу үшін сервистік қолдау көрсетіліп, өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымдар дамытылады. 2011 жылдан бастап әлеуметтік жұмыс орындары ұйымдастырылып, кадрлар даярлау мәселесі қолға алынады. Осы бағыт бойынша несилерді субсидиялау жаңа несиелер бойынша да, сол сияқты жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін алынған несиелер бойынша да берілетін болады. Банктер берілетін несиелердің пайыздық ставкасын 12 пайыздан асырмауға тиіс. Оның 7 пайызын бағдарламаға қатысушы кәсіпкерлер төлейтін болса, 5 пайызын мемлекет өтейтін болады.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласында салынып жатқан Халықаралық жаңа университетте білім алатын жастарға қосымша 500 грант бөлу туралы шешім қабылдаған болатын. Осыған байланысты Үкімет отырысында Кәрім Мәсімов Қаржы, Білім және ғылым министрліктеріне бұл қаржымен дер кезінде қамтамасыз ету мәселесін тапсырды. Сонымен бірге Үкімет басшысы үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегіне дейін Астана қаласының әкімдігіне, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі агенттікке және ТКШ-ларға, студенттер үшін 500 орындық жатақхананы пайдалануға беру және оқытушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырды.
Қазіргі кезде кәсіпкерлердің көпшілігі Кеден одағы жөніндегі бірқатар келелі сұрақтарға жауап іздеуде. Осыған байланысты кәсіпкерлерге Кеден одағына қатысты туындаған барлық сұрақтарға түсінік беретін жұмыс тобы құрылған. Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов еліміздің барлық кәсіпкерлерін өздерін толғандырып отырған мәселелер бойынша осы жұмыс тобымен хабарласуға шақырды. “Біздің міндетіміз Кедендік одақ аясында еліміздің барлық кәсіпкерлеріне тиімді де қолайлы жағдай туғызу”, деді Үкімет басшысы.
Үкімет отырысында қаралған мәселелер бойынша Премьер-Министр тиісті органдарға, әкімдіктерге нақты тапсырмалар беріп, оның дер кезінде және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді жүктеді.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.