Парламент • 09 Қазан, 2020

Сенаторлар бизнестің локдауннан шығуына байланысты ұсыныстарды талқылады

187 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат депутаттары парламенттік тыңдауға дайындық аясында "Атамекен" ұлттық палатасының өкілдерімен және кәсіпкерлермен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенаторлар бизнестің локдауннан шығуына байланысты ұсыныстарды талқылады

Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Дәурен Әділбеков сөз алып, шағын және орта бизнесті қолдау мен дамытуға арналған заңнама бойынша жұмыстар атқарылып жатқаны туралы хабардар етті. Сондықтан парламентшілер үшін кәсіпкерлердің дамуға кедергі келтіріп отырған проблемаларын анықтау өте маңызды болып отыр.

Қазіргі кезде коронавирус пандемиясы кезеңінде 430 мың кәсіпорынның қызметі тоқтап қалды. Олар бір жарым миллионнан астам қызметкерді ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр болды.

Карантин ережелері жеңілдеген тұста мейрамхана, мұражайлар мен театрларға өз қызметін қалпына келтіруге рұқсат берілгеніне қарамастан, кинотеатрлар, ойын-сауық орындары мен фуд-корттар әлі де келушілер үшін жабық. Демек, бизнестің кейбір бағыттары шығынға батып отыр. Кәсіпкерлер бизнес қауымдастығы әзірлеген жоспарды таныстырды. Онда барлық санитарлық нормаларды ескере отырып, локдауннан шығу барысы көрсетілген. Сенаторлар өз кезегінде кәсіпкерлерге барынша көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

"Біз елдің бас санитарлық дәрігеріне шағын және орта бизнес жұмысына қойылатын барлық эпидемиологиялық талаптар көрсетілген нормативтік құқықтық акті шығаруды ұсынамыз. Оның бәрі талаптар бұзылған жағдайда, кінәлілерді іздеуге күш салмай, бизнес өкілдерінің қателіктерін анықтау үшін қажет", деді сенатор Дәурен Әділбеков.

Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Дәурен Әділбеков Мемлекет басшысының  Жолдауында шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі жұмыстың негізгі нәтижесі ЖІӨ-дегі үлесті 2025 жылға дейін 35%-ға дейін, ал бизнесте жұмыспен қамтылған қазақстандықтардың санын 4 миллион адамға дейін арттыру керек дегенін еске салды.