Аймақтар • 12 Қазан, 2020

Баспаналы болу – бір бақыт

11 рет көрсетілді

Миллиондар тоғысқан Алматы – жастардың сүйікті қаласы. Асқақ арманын Алатауға таңып мұнда келетіндердің алдынан кесе-көлденеңдеп шығатын бас ауыртар басты тақырып – баспана мәселесі. Соңғы жылдардың жүзінде жүйелі жүзеге асып жатқан оңтайлы бағдарламалар талайлардың алыстағы арманын жақындатқаны рас.

 

Тірнектеп тапқаныңды жалдамалы пәтер иесінің қалтасына құйып отырсаң, қор жинап жеке баспанаңа қол жеткізудің ауылы алыстай беретіні анық. Одан гөрі пайыздық мөлшерлемесі төмен, біраз жылдан кейін өз иелігіңде қалатын үйде қамсыз өмір сүріп, төлем қабілетіңе сай қарызыңнан құтылу көңілге де жұбаныш сыйлайды. Мұндай мүмкіндіктің қақпасы Алматы қаласында әлеуметтік салада жұмыс істейтін кез келген жас үшін айқара ашық. «Алматы жастары 3.0» бағдарламасы іске қосылған аз уақыт ішінде қаншама отбасы қоныс тойын тойлады. Нақтырақ айтсақ, жыл басынан бері 725 отбасы баспаналы болған.

Бірер ай бұрын бағдарламаға қатысу үшін «Алматы қаласында тұрақты тіркеу болуы міндетті» деген талап алынып тас­талғалы бері бағын сынап көруге бел бай­лағандардың дені артқан. Қала әкім­дігі тарапынан қолдау тапқан жобаның үшінші кезеңіне өтініш бергендер қазір жол­дама алып, құжаттарын ресімдеуде. Құзыр­лы орын өкілдері әр кезең сайы­н үй алу­шы­ларға бағдарлама талаптары барынша жеңіл­детіліп отырғанын жеткізді.

Бүгінге дейін 10 599 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 1 858 азаматтың құжаты та­лаптарға сәйкес келіп, баспана алуға жолдама берілді. Өтініш түсіргендердің ішінде денсаулық және білім саласының мамандары көп. Алматылық жастар үшін тиімді бағдарлама қатарынан 3 кезең бойына жалғасып келеді. Соңғы кезеңде резервке алынғандар аз емес. Ал жолдамаға қол жеткізгендер белгілі уа­қытта төлем қабілеттілігін растай алмаса немесе құжаттары сәйкес келмеген жағдайда олардың орнына резервтегі өтініш берушілер құжат тапсыруға мүмкіндік алады.

– Алғашқы құжат қабылдау бойынша 3 220, екінші қабылдауда 5 мың, үшінші қабылдауда 2 мың өтініш келіп түсті. Бірінші және екінші құжат қабылдауда 7 сала бойынша, үшінші құжат қабылдауда 5 сала бойынша өтініштер қабылданды. Себебі денсаулық пен білім саласындағылар көп болғандықтан, екі саланы алып тастауға тура келді, – дейді қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасының бөлім басшысы Ғалымжан Әбдішүкірұлы.

«Алматы жастары 3.0» бағдарламасына 10 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 3 млрд теңге қарастырып отыр. Төмен пайыздық мөлшерлемемен – 13 млн теңгеге дейінгі несие жылдық 5 пайыздық жеңілдікпен беріледі. Несиені өтеу мерзімі 3 жылдан 25 жылға дейін азаматтардың төлем қабілеттілігіне қарай есептеледі. Бастапқы төлем – 10%. Қатысушылар бастапқы және екінші деңгейлі тұрғын үй бағдарламасы бойын­ша пәтер сатып ала алады.

Еске сала кетелік, аталған бағдарлама 35 жасқа дейінгі әлеуметтік сала қызметкерлерін қолдауға бағытталған. Олардың сапында мұғалімдер, дәрігерлер, жоғары оқу орын­дарының оқытушылары, мәдениет, спорт са­ласының өкілдері, журналис пен ғалымдар бар. Жауапты мамандар, жалпы бағдарлама негізінде алматылық 1 мың отбасыны тұрғын үймен қамту жоспарланып отырғанын айтады.

8,4 мың көппәтерлі тұрғын үйі бар Алматы елдегі тұрғын үй қоры ең бай қала екенін атап өткен жөн. Күн санап аумағы артқан мегаполисте баспана кезегі қарқындап өсіп келеді. Бүгінгі таңда 25 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,5 мың адамға артық. Был­тыр шаһарда 3 162 мұқтаж тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Баспаналы болу бақыты бұйырғандардың  ішінде 520 көпбалалы отбасы мен балалар үйінің 114 түлегі бар.

 

АЛМАТЫ

 

Соңғы жаңалықтар

Әскерилер қан тапсырды

Аймақтар • Бүгін, 12:33

Пневмониядан 2 адам қайтыс болды

Коронавирус • Бүгін, 09:17

«Сочиді» тізе бүктірді

Хоккей • Бүгін, 08:07

ТОП-10 боксшының қатарында

Кәсіпқой бокс • Бүгін, 08:05

Қызыққа толы Премьер-лига

Футбол • Бүгін, 07:59

Сахна сардары

Өнер • Бүгін, 07:55

Тарихты таразылаған туынды

Руханият • Бүгін, 07:43

Кемел қазақтың келбеті

Таным • Бүгін, 07:40

Наурыздың ақша қарындай

Руханият • Бүгін, 07:30

Сарсаңға салған сараптама

Ғылым • Бүгін, 07:23

Өз балаң өзекке теппесін

Өнер • Бүгін, 07:23

Жас теннисшілер бас қосты

Теннис • Бүгін, 07:06

Ол кезде Надя отызда еді

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 07:02

Ұқсас жаңалықтар