Сан түрлі суретке толы келелі шараның шымылдығы Ұлттық музейдің экскурсиялық жұмыстар, музей педагогикасы және залдарды сақтау қызметінің басшысы Жанар Бейісова сөзімен түрілді.
– Бүгінгі көрме еліміздегі мектепке дейінгі ұйымдардың маңыздылығын көрсетеді. Балдырғандарға тәрбие беруде педагогтердің рөлі жоғары. Олардың еңбегіне баға жетпейді. Осы ретте аталған көрме Мұғалімдер күніне орай ұйымдастырылып отыр. Көрмеге қойылған жұмыстардан кішкентай балапандарымыз бен олардың тәрбиешілерінің балабақшадағы өмірлерін көре аламыз, – деді Ж.Бейісова.
Фотокөрмеге 200-ге жуық фотосурет қойылған. Олар – балалардың, тәрбиешілердің, педагогтердің және Нұр-Сұлтан қаласы балабақшалары басшыларының жарқын, қызықты және мазмұнды өмірлерінің әсерлі иллюстрациялары.
Шара барысында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыс айттып, мұндай маңызды кездесулер жиі өтіп тұрса деген ізгі тілегін жолдады.
– Суреттерді түсіру барысында балалар мен тәрбиешілердің қарым-қатынасы жайында, балаларға қаншалықты көңіл бөлінетіндігі, карантин кезінде балабақшаға келетін балалардың аздығына қарамастан, оларға толыққанды жағдай жасалатындығын байқадым. Бүгінгі көрмеге 40-қа жуық жұмысым қойылды. Бұған дейін де бірнеше фотокөрмеге қатыстым. Балалармен жұмыс істеген өте қатты ұнады, – дейді фотограф Марат Әміров.
Айта кетейік, іс-шараның қорытындысы бойынша осы жобаға қатысқан балабақшалар мен олардың меңгерушісі туралы фотосуреттер және ақпаратты қамтитын жалпы каталог-журнал шығарылады.